Жарнама
Жарнама

Еуропа футболы қанша ақшадан қағылды?

28.04.2020, 06:18
Еуропа футболының басына қара бұлт үйірілді. Экономикалық дағдарыс аладоптың айналасындағы кәсіпке де орасан нұқсан келтірді.
Жарнама
Жарнама

Қазір құрлықта коронавирустың таралу қарқыны төмендеді. Кейбір елдерде індет жұқтырғандар саны шарықтау шегіне жетті. Бірақ КОВИД-19-дың тоқтайтын түрі жоқ. Еуропа клубтарының табыс көзі ойындар екені белгілі. Матчтар тоқтатылды, сондықтан трансляцияға төленетін миллиондаған қаржы да жоқ. Билеттер мен кәдесыйлар сатылмай қалды. Келісім-шарт орындалмаған соң демеушілер де тиісті қаржысын аудармай отыр. Қазір «футбол Еуропа алаңдарына қашан оралады» - деген сауал күн тәртібінде тұр. Оған ешкім де жауап бере алмайды. Бірақ қалай болғанда да ұлттық біріншіліктер аяқталуы тиіс. Себебі клубтар табыс көзінен қағылмауы керек. Ол үшін жанкүйерсіз болса да ойындарды өткізу мәселесін шешкен жөн. Сонда ғана футбол командалары телеарналар мен демеушілерден түсетін қаржыны сақтап қалады. Егер еуропадағы ең үздік бес чемпионат тоқтатылса, 4 млрд еуро кірісінен айырылады.

Еуропада клубтар арасындағы чемпионат қашан басталуы тиіс деген тақырып күн сайын талқыға түседі. УЕФА өз тарапынан арнайы нұсқау да жіберді. Ішкі чемпионаттарды ұйымдастырушыларға екі талап айтылған: Ұлттық біріншіліктер маусымда басталып, 3-ші тамызға дейін аяқталуы тиіс. Егер маусым айында да доп тебу мүмкін болмаса, еурокубокпен қатар тамыздың соңына дейін созылады. УЕФА бұған дейін чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын жаздың соңғы айында аяқтауды жоспарлаған еді. Құрлық футболына жауапты ұйым барлық лигалар өз чемпионаттарын аяқтауы тиіс деп мәлімдеген болатын. Тек, пандемия мүмкіндік бермесе ғана биылша футболмен қош айтысуға тура келеді. Алғашқылардың бірі болып Голландияның Эредевизиі биылғы маусымға нүкте қойды. Қызғалдақты елдің үкіметі қыркүйекке дейін спорттық іс-шараларға тыйым салды. Сондықтан Нидерланды чемпионаты мерзімінен бұрын аяқталды. «Аякс» пен «АЗ» өзгелерден алты ұпай алда тұрған еді.

  • Марк РЮТТЕ – НИДЕРЛАНДЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
  • Кәсіпқой футбол жөніндегі кеңес Нидерланды чемпионатының матчтарын жалғастырудан бас тартып отыр. Осы шешімге байланысты Үкімет УЕФА-мен кеңеседі. Содан кейін нақты бір шешім қабылданады.

УЕФА маусымды қолданыстағы жүйе бойынша аяқтауды қалайды. Егер оған уақыт тапшы болса, басқа жолдары қарастырылады. УЕФА ұлттық біріншіліктердің қалай болғанда да мәресіне жеткенін көздейді. Плей-офф пен топтық кезеңдер өткізуге болады. Оны әр лига өзі шешеді. Тек, чемпионаттар спорттық қағидамен өтіп, әділ аяқталғаны жөн. Тіпті қазіргі турнир кестесі маусымның қорытындысы болуы да мүмкін. Бірақ бұл барлық командалар үшін әділ шешім болмайды. Мысалы, Испанияда «Реал Сосьедад» пен «Хетафе» 46 ұпайдан жинады. Олар қазір чемпиондар лигасы мен еуропа лигасына мүмкіндік беретін сатыда тұр. Ла лига ережесі бойынша екі команданың ұпайы тең болса, өзара кездесу мен доп санына басымдық беріледі. Бірақ олар бір мәрте ғана ойнады. Ол кездесуде «Хетафе» жеңіске жетті. Алайда соғылған доп саны жөнінен «Реал Сосьедад» алда тұр. Сондықтан таразының екі басындағы команданың біреуіне басымдық берілсе, екіншісі наразылық танытады. УЕФА клубтардың рейтингі бойынша іріктеудің қисынсыз екенін алға тартты. Ешқандай арнайы шақырту болмайды. Бұған дейін Ла Лига мерзімінен бұрын аяқталса, «Атлетико» келесі еурокубокқа шақырту алады деген ақпарат тараған еді.

УЕФА футболға қатысты мәселеде тәуелсіз ұйым. Сондықтан түрлі талаптар қойып, жаңа ережелер бекітуі мүмкін. Бірақ қазіргі пандемия жағдайында әр елдің үкіметімен келісімге келуге мәжбүр болады. Атап айтқанда, Нидерланды карантин тәртібін жұмсартпайды. Ал Германия керісінше, бундеслиганы бастауға құлшынып отыр. Егер вирустың таралуы үдеп кетпесе, неміс чемпионаты 9-шы мамырда қайта жанданады. Польша үкіметі ішкі біріншілікті 29-шы мамырда жалғастыруды көздейді. Өзге елдер әліптің артын бағып отыр. Қазір Еуропа мемлекеттері індеттен ес жия бастаған секілді. Италия премьер-министрі Джузеппе Конте Апенинн түбегіндегі карантин ережелері 4-ші мамырдан бастап, жеңілдетілетінін мәлімдеді. Осы күннен бастап, футболшылар жекелей жаттығуларға шыға алады. Сосын араға екі апта салып, командамен бірге толыққанды оқу-жаттығуға кіріседі. Карантин шектеулерін алып тастауға қатысты екінші кезең 2-ші маусымға жоспарланған. Испания денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илья өз еліндегі футбол матчтары жазға дейін өтпейтінін айтады. ФИФА президенті Джанни Инфантино да құрлықтағы қазіргі жағдайға қатысты өз пікірін білдірді.

  • Джанни ИНФАНТИНО – ФИФА президенті
  • Қазір адамдардың денсаулығы маңызды. Ең бірінші соны ойлауымыз керек. Ешқандай матч, кез-келген лига бір адамның өмірінен қымбат емес. Тәуекелге бармас бұрын соны ескерген жөн. Жағдайдың 100 процент жақсарғанын білмей тұрып, біріншілікті бастап кетуге болмайды. Дұрысы күте тұру керек.

УЕФА қазіргі дағдарыс жағдайында ұйымға мүше 55 елдің 700 клубына 70 миллион еуро бөлетінін мәлімдеді. Қауымдастық бұл қаржыны футболшылары Еуро-2020 іріктеу турниріне қатысқан клубтарға өтемақы ретінде төлеуді көздейді. Бұл қадам дағдарыста тұрған командаларға аз да болса көмек болмақ.

Қанат Базылхан

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров