Футболдан Еуропа лигасының 1/8 финалындағы бірінші кездесулер мәресіне жетті. Испанияның Вильярреаль қаласында өткен «Вильярреал» - «Севилья» ойынында Еуропа лигасындағы ең жылдам гол соғылды.
2014 жылы Еуропа лигасын испандық «Севилья» жеңіп алған болатын. Клуб бұл маусымда да атағын абыроймен қорғап келеді. Түнде өткен ойында севильялықтар «Эль-Мадригалда» «Вильярреалды» 1:3 есебімен жеңді. Қонақтар кездесудің 13-ші секундында есеп ашып, рекорд орнатты. Гол авторы – Витоло. Бұл туралы УЕФА-ның ресми сайты хабарлап отыр.
Германияның «Вольфсбург» клубы осы маусымда сәтті өнер көрсетіп келеді. Еуропа лигасындағы да басты фавориттердің бірі саналуда. Өз алаңында Миланның «Интерін» қабылдаған клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Ағылшындық «Ливерпульді» жарыс жолына шығарған түркиялық «Бешикташтың» Брюггеде жолы болмады. 1:2 есебімен «Брюггеге» жеңіліп қайтты.
Ресейлік «Зенит» өз алаңында Италияның «Торино» клубын екі доп басымдығымен жеңді. Ал мәскеулік«Динамо» болса Неапольда «Наполиден» 1:3 есебімен ұтылып қалды.
Украиналық екі клубтың бірі жеңіп, бірі жеңілді. «Днепр» өз алаңында Нидерландтың «Аяксын» бір доп басымдығымен жеңсе, киевтік «Динамо» сырт алаңда «Эвертонға» 1:2 есебімен ұтылды.
Италиялық «Фиорентина» мен «Рома» 1:1 есебімен тең тарқасты.
Еуропа лигасының 1/8 финалының қарымта кездесулері бір аптадан кейін өтеді. Ширек финалға шыққан ұжымдар анықталып, жеребе тартылатын болады.
Massaget.kz
Біздің серіктес: FONBET