Жарнама
Жарнама

Федерация қатесін қашан түзейді?

26.04.2011, 18:56
Жарнама
Жарнама

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты (kff.kz) өз қатесін әлі күнге дейін түземей отыр. Әңгіме - әлбетте, оның қазақ бөлімі турасында. Естеріңізде болса, газетіміздің 12 сәуір күнгі санында («Футбол федерациясы сауатсыз ба?») еліміз футбол федерациясы сайтының мемлекеттік тілді аяқ асты етіп отырғанын жазған болатынбыз және ол мақаланы қазақша-орысшасы бар бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары көшіріп жариялаған еді. Бірақ содан бері біраз уақыт өтті, ондағы жағдай жақсы жағына өзгермек түгіл, тіптен ушыға түсіпті. Федерацияның сайтын ашып қалсаңыз, алдыңыздан айыр тілді жылан шыға келгендей болады. Бір жағы қазақша, бір жағы орысша сайтқа шұқшия отырып, туған тіліңнің қор болғанына өкінесің, ішің қан жылайды. Биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтпек елдің мемлекеттік тілі неге қадірсіз, неге қорғансыз? Футбол шенеуніктерінің өздері нанын жеп отырған елге деген құрметі осы ма? Олардың арасынан қазақ тіліне жанашыр бір адамның табылмағанына қайран қаласың. «Көрмес түйені де көрмес» дейді қазақ. Ал дәл мына сайттағы қателерді көрмеу - нағыз көрсоқырлық. Өткенде kff.kz -тің орыс тіліндегі «Матч судят» деген сөзді «Жарыстарды соттайды» деп қазақшалағанын хабарлаған едік. Тіпті бұл мәтіннің ішінде кеткен қате емес, рубриканың аты екенін тағы айта кетелік және әліге дейін түзетілмей, сол күйінше тұрғанын еске саламыз. Енді оған жаңа қателер қосылды. Сайт қызметкерлері алдағы айтулы жарыс - Қазақстан Президентінің кубогына байланысты сауалнама ұйымдастырған екен. Оның қазақша тақырыбы былай: «Кім футбол бойынша ҚРдың президентасы кубокті ұтады?». Біз бір әрпін де өзгертпей беріп отырмыз. Тағы бір айдар атауының да қай тілде екенін ұғу қиын. Ол - «Қосалқыларды ара-арасындаларды турнир» деп аталады. Жаңылтпаштың шешімі - Қосалқы құрам ойыншылары арасындағы турнир» екенін екінің бірі біле бермейтіні анық. Сондай-ақ ҚФФ сайтының мұқаба бетінен «Әйел командаларының арасында жүлдегерлерінің лигасы» деген бөлім бар. Жарымжан сөз тіркесінің орысшасы тайға таңба басқандай анық - «Лига чемпионов среди женских команд». Қожанасыр сайт тағы бір айдарды «Бала жастық футбол» депті, іздеп қарасақ, орысшасы - «Детско-юношеский футбол» екен. Бұл бетте «Жағажайлық футбол», «Әйел құрамасы», «Әйел футболы» «Ойыншылардың санақ», «Түйіскен мәлімет» деген рубрикалар бар. Бәрі қате. Дұрысын біз айтайық, Қазақстан футбол федерациясы басшыларына үлкен өтініш, еш қиналмай-ақ, аудармашы жалдамай-ақ, пайдаланыңыздаршы! «Лига чемпионов среди женских команд» - «Әйелдер арасындағы Еуропа чемпиондарының лигасы», «Жағажайлық футбол» - «Жағажай футболы», «Әйел құрамасы» - «Әйелдер құрамасы», «Әйел футболы» - «Әйелдер футболы», «Ойыншылардың санақ» - «Ойыншылар туралы статистика», «Түйіскен мәлімет» - «Байланыс жайлы мәліметтер».

Шалқар ЕСТЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров