Жарнама
Жарнама

ФЕРГЮСОН ФОРМУЛАСЫ

09.11.2013, 03:43
Жарнама
Жарнама

Ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубын табан аудармай, 26 жыл жаттықтырған Алекс Фергюсон осы жылдың мамырында құрметті демалысқа шықты.  1986 жылдың 25 қарашасы күні «қызыл сойқандар» тізгінін қолға алған  Фергюсонның басшылығымен «МЮ» 38 бас жүлдеге  иелік етіпті. Оның ішінде, 13 рет ағылшын премьер-лигасында топ жарса, Англия кубогін 5 рет, ағылшын суперкубогін 10 рет, Чемпиондар лигасын 2 рет жеңіп алған. Сэр Алекс секілді бір команданы ширек ғасырдан асыра баптап, орасан жетістікке жеткен жан әзірге бүгінгі футболда жоқ. Жақында  жасы 70-тен асқанша жас миллионерлерді жеңіске жетелеген шотландтық бапкер Америкадағы телеарналардың біріне кеңінен сұхбат берді. «Жас қазақ» оқырмандарына даңқты бапкердің әңгімесінен үзінді беруді жөн көрдік.

– Сэр Алекс, сіздің осынша жетістігіңіздің сыры неде? – Мені үлкен көлемде ақша жұмсайтын алпауыт клубтар ешқашан қызықтырған емес. Қазір ортаазиялық, америкалық, ресейлік басшылары бар клубтар жетіп жатыр. Бірақ бұл мені қызықтырмайды.  Мен «Юнайтед» үнемі бәсекеге қабілетті,  сенімді ақтайтын, премьер-лигадағы үздік клуб болса деп еңбек еттім. Иә, біз жыл сайын жеңімпаз атанбаған шығармыз. Алайда әр чемпионат сайын алтын үшін күрестік. Команданы мұндай жеңіске жеткізудің сыры көп. Жас футболшылардың да еңбегі зор,  жоғары нәтиже тіркейтін ойыншыларды да сатып алу керек. Білесіз бе, мен командаға келген уақытта бәрі оңай болған жоқ. Менің ең негізгі қағидам –  клубтың әдемі ойын көрсетуіне күш салу еді. – Басшылықтың сізді бас бапкерлік қызметтен босатамыз деген кездері болды ма? – Иә. Бір-екі рет маған: «Сенің уақытың өтіп кетті» деп айтқан. Шынымды айтсам, мұндай сөздерді естіген соң, өз күшіме деген сенімділікті жоғалтып алдым. Алайда өзім ұмтылатын мақсатымды ұмытқан емеспін.  Бекхэм, Райан Гиггз, Пол Скоулз, ағайынды Невилдерді тәрбиелесе, нағыз шебер ойыншылар шығатынын сол кезде-ақ ұққанмын. Қазіргі жанкүйерлер түсіне бермейтін шығар. Бірақ клубтың алтын қазығы тап осы жігіттер болатын. Менің жас таланттарға екпін түсіріп, мүмкіндік бергенімді командадағы директорлар кеңесінің мүшелері – Мартин Эдвардс пен Бобби Чарльтон қолдап, түсінді. – Футболшылармен қарым-қатынас орнатудағы ең негізгі қағида қандай? – Мен үшін ең бастысы – сыйластық. Тіпті командадағы ойыншы мені жек көрсе де, сыйластыққа сызат түспеуі керек. Өйткені, қарамағыңдағы жас миллионерлерді басқару оңай емес. Меніңше, футболшылардың адами қасиеттерден кенде болмауына, ақыл-ойын дамыта түсуіне әсер ету қажет. Бұл жерде барлығына математика мен әдебиетті қайта оқытудың қажеті жоқ.  Тек олардың мінезін қайрап, намыстарын жани түссең, болғаны. – Жақсы футболшыдан жақсы бапкер шықпауы мүмкін. Келісесіз бе? – Иә. Келісемін. Осы кезде Бобби Чарльтон есіме түсіп отыр. Оның қандай талантты ойыншы болғанын білесіздер. Боббидің «Престон» клубын жаттықтырып жүргенде маған: «Футболшылар менің  не айтпағымды түсінбейді. Мен өз ойымды оларға толықтай жеткізе алмайтын сияқтымын» дегені бар еді. Кейін ол бапкерлік қызметтің өзіне қол емес екендігін мойындады.  Өмір деген осындай. Бапкерлік қызметті мақсат еткен әрбір адамға  нағыз маман атануға дайын болыңдар дегім келеді. 24 жасымда инженерлік жұмысымды тастап, бапкер болуға бел буғаным әлі есімде.  Бірінші қызметіме қайта оралмаймын деп шештім. Мен  ортаңқол ойыншы болдым.  Бір немесе екі гол соғуым мүмкін еді. Алайда Чарльтон, Месси немесе Роналду емеспін. Даңқты ойыншыдан дәл сондай бапкердің шығуы екіталай екені осыдан көрінеді. – Енді сіздің мақсаттарыңызды, «Фергюсон формуласын» білгіміз келеді... – Өзіңнің күшің қай шамада екенін анықтауға міндеттісің. Өз шамаңды білген соң, мақсаттарыңның да сұлбасы көрінеді. Мен жай ғана команда емес, тұтастай ұжымды құратыныма сендім. Бір қызығы, жұмысымды атқарып жүріп, нәтиже оңды болмаса, мені қызметтен босатады деп қорыққан емеспін. Себебі менің жұмысымның ауқымы үлкен, өте үлкен. Жас ойыншыларды қадағалау, команданың көпке шыдайтын іргетасын құру, тағысын тағылар. Команданы жасақтағанда, бұл ұжым үш жылдан соң қандай болады деген ой санамның бұрышында маза бермей тұрады. Мен жастар құрамында жүріп, үш жылдың ішінде негізгі құрамға ауысатын жігіттердің  барына көз жеткізуді негізгі қағидама айналдырғанмын. Ал менің қызметімдегі ең жаман нәрсе не екенін айтайын ба? Ол  – ардагер ойыншылардың сыр беріп жүргенін сезу. Ойыншының өзі футболмен қоштасу керектігін тез түсіне бермейді, сондықтан, оны маған айтуға тура келеді. Мен үшін өте қиын іс бұл... Сенімен бірге жеңіске жеткен, команданың әрбір жүлдесіне зор еңбек сіңірген ойыншыға келіп: «Кешір балам, енді сен негізгі құрамда ойна­майсың» деп айтудың қандай ауыр екенін сезсеңіз ғой... Мұндай сәтпен қанша рет кезіксем де, үйреніп кету оңай болмай тұр. Бапкерлік ғұмырымда 5 команда жасақтап шығарыппын. Әрбір футболшы командада кем дегенде 4-5 жыл доп тебетін. Тіпті сатып алған ойыншылар да бір-екі жыл ойнап, кетіп қалған жоқ. Олардың алты, жеті, сегіз жыл қатарда жүргені қандай жақсы?! – Сіз бәрін бақылауда ұстай алдым деп сеніммен айта аласыз ба? – Иә. Футболшылар дегеніміз – жас миллионерлер. Бақуатты балалар. Оларды уыстан шығарып алсаң, клуб құрдымға кетеді. Мен үнемі директорларға: «Егер қандай да бір футболшы клубтың бапкерінен биік тұрса, онда «Манчестер Юнайтед» өз күшінен айырылады» деп үнемі ескертетінмін.  Егер ойыншыларға сөз жүрмесе, клубтың болашағы туралы ойлаудың қажеті шамалы. – «Манчестер Юнайтедтің» рухын биік көтеретін әйгілі ойыншылар аз емес. Мысалы, Дэвид Бекхэм... – Дэвид – керемет жігіт! Мен оны алғаш көргенде жасы 12-де болатын және жымиып күлгені де ерекше еді. Ол жаттығудан бір сәт те жалыққан емес.  Тіпті түнге дейін сыныптастарын ертіп келіп, доп қуудан жалықпайтын. Ол Гиггз бен Скоулзға ұқсайтын. Дэвид құдай талантты үйіп-төгіп бергеннен емес, жасыл алаңда жанын аямай тер төгіп, еңбектенгенінің арқасында ғана әлемнің үздік ойыншысына айналды. Алайда Spice Girls тобының әншісі Виктория Адамсқа үйленген соң, оның өмірі күрт өзгерді.Мақсаттары да басқа бағыт ала бас­тады. Нақтырақ айтқанда, қызыл-жасылды жылтыраққа көп әуестеніп кетті. Мен оған: «Есіңді жи!» дегенімде, «Ғашық болып қалдым» деп қысқа қайырған. – Футболдағы ең жарқын сәтім де нені айтасыз? – 2009 жылы «Барселонаны» жеңе алмадық. Егер біз ұтқанда, ең маңызды жеңісім сол болар ма еді?! Бұл әлі күнге дейін мені мазалайтын жеңіліс. Бірақ «Манчестер Юнайтедте» өткен 26 жылды мен ерлік деп есептеймін! Жеңісті де, жеңілісті көрдім. Бақыттымын! Ақырыс Сейітқазы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров