Жарнама
Жарнама

ФИФА ШЕКАРАСЫНАН ШЫҒАРА МА?

14.05.2013, 06:43
Жарнама
Жарнама
Міне, жауабы қиындау, маңызды сауал  осы.  «Халық сөзінің» №15 санында (26.02.13) жарияланған  футболдан ТМД елдері чемпионатын өткізудің пайдасы туралы мақалада айтылған  мәселенің  мәнісін терең ұғына түсуді қажет ететін сияқты. Себебі ТМД  біріншілігін өткізуді Ресей, Украина және Беларусь мамандары жан-жақты қолдап, бастамшыл болып  отырғанымен,  ФИФА бұған қарсы. Неге? Енді соған келейік. ФИФА президенті Йозеф Блаттер қаңтардың 20 күні Санкт-Петер­бург қаласында болған баспасөз мәслиха­тында былай деп кесіп айтты: «ФИФА үшін бұл жарыс мүлде қызықсыз.  Біз футбол клубтары маңызды рөл атқаратын пирамидалық ұйымбыз. Клубтық бәсекелер ұлттық қауым­дастықтардың  бақылауы шеңберінде ғана  жүзеге асады. Яғни тек әр ел мен қауымдастық шекарасы шегінде орындалады деген сөз. Бұл – негізгі принцип». Осылай дей келіп, ол географиялық  принцип  бойынша  құрылған  УЕФА,  КОНМЕБОЛ сияқты конфедерациялар барын еске салды. ФИФА конгресі бұларға өз аумағында ғана жарыстар  ұйымдастыру құқын берді. Мысалы, Либертадорес және Чемпиондар лигасы деген сияқты. Блаттер мырза: «Мұның бәрі  ФИФА-ның, конфедерациялар мен ұлттық қауымдастықтардың жарғысына сәй­кес келеді. Алайда шекарадан шы­ғуға ешқашан жол берілмейді. ТМД чемпионаты дұрыс шешім емес. Ол ФИФА пирамидасын  бұзып,  біздің  «отбасылық» ынты­мақтастығымызға орасан зор нұқсан келтіреді» дейді. Ал бұған қарсы айтар қандай уәж бар? Идеяны ортаға тастап, отқа май құйғандай лапылдатқандар ресейлік «Газпромның» басшысы Алексей Миллер, ЦСКА мен питерлік «Зениттің» пре­зиденттері Евгений Гиннер мен Александр Дюков, Махачкаланың «Анжи» клубы директорлар кеңесінің төрағасы Константин Ремчук және басқалар. Өткен жылдың соңына қарай Валерий Газзаев басқаратын  біріккен чемпионат өткізу жөнінде ұйымдастыру комитеті де құрылған. «Анжи» жаттықтырушысының сөзіне қарағанда, ТМД чемпионатын ұйымдастыруға Украина мен Беларусь те, Қазақстан мен Армения да қызығушылық танытып отырған көрінеді. Ең алдымен, бұл  – жанкүйерлер мүддесінің бір жерге тоғысқаны. Екіншіден, көптеген клуб­тар­дың қаржылық жағдайы нашар, соған байланысты өз біріншіліктерінен шығып қалады. Сондықтан жаңа чемпионатты, жаңа лиганы ұйымдастыру көп жағдайда клубтар тірлігін жақсартуға ықпал етеді. Шындығында солай ма? ФИФА-мен қайшы келу  ТМД елдері  футбол өрке­ниетіне қаншалықты пайда әкеледі? Бұл жағы әзірше белгісіз. Дегенмен, егер идея ФИФА құзырынан тыс, өзім­білем­дікпен жүзеге   асырылып   жатса,  ешкімге  ешқандай тиімділік бермей­тіні айқын нәрсе. Қайта әлемдік футбол қауым­дас­тығының арасына сына қағылады. Әрі бұра тарту арқылы футбол ойынының мәртебесін көтеру қисынға келе қоймайды. Негізі ресейлік футбол жанашырлары теңбіл доп додасын Құрлықтық хоккей лигасындағыдай етіп ұйым­дастырғысы келеді. Бір жа­ғынан, бұл  бәсекелестікті  бұ­рынғыдан  да күшейте түсуге ықпал етер еді. Оған сөз жоқ. Баяғы кеңестік кезеңдегідей «Қай­рат» үшін бәс тігіп, қиқуға қиқу қосып стадионға ағылар ма едік? Дәл қазір «Барыс» хоккейшілерінің әр қадамын  қас қақпай қадағалап отырған миллиондаған қазақстандық жанкүйердің қатарын футбол десе ішкен асын жерге қоятын тағы миллиондаған жанкүйер толықтырар еді. Әрі футболдың көрігі қызып, футболшылардың бәсекелестік қабілеті мен жауап­кершілігі арта түсетін шығар. Бірді-екілі командамыз ТМД чемпионатында атой салып жүрсе, Қазақстанның өзге клубтарының да тартылуына, белгілі бір мақсатқа ұмтылуына ықпалын тигізуі мүм­кін. Бірақ бұл теория жүзінде ғана. Айтуға жеңіл, әйтпесе, Кеңес ода­ғындай емес, өз мүддесі, өз саясаты бар  елдердің   бірігіп   футбол   біріншілігін өткізуінің өзіндік қиындықтары алдан шығатыны хақ. Дәл сол сияқты Чемпиондар лигасы, Еуропа Кубок иелерінің кубогы сияқты  ФИФА аясындағы  ойындарға  командаларымыз  біраздан бері қаты­сып келеді. Ең құрығанда жартылай фи­налдың қарасын көре алмай қалатын өзіміз. «Ақтөбе», «Шахтер», «Тобыл», «Жетісу», «Ертіс», «Қайрат» сияқты клубтық командалар талай мәрте жан­күйерлердің үмітін жаға алмай, жолда қалды. Сондықтан ТМД чемпионаты ұшпаққа шығарады дегенге  сену қиындау. Қарапайым жанкүйердің футбол бә­­секелерін неғұрлым жоғары деңгейде көргісі келетіні түсінікті. Бірақ ақиқаттың көзіне тура қарайық, Блаттердің батасын алмай ТМД чемпионаты туралы бас қатырудың реті қалай болар екен? Ниет жақсы,  қолдайтындар көп болғанымен, халықаралық  заңдылықтан аттап кетуге болмайтын шығар. P.S. Әрине, Й.Блаттер – футбол әлеміндегі ең ірі тұлға.  ФИФА-ны басқарып отырған соң оның пікірі шешуші рөл атқаруға тиіс. Бірақ осы саладағы екінші ірі ұйым УЕФА-ның басшысы М.Платинидің пікірі де көп мәселені шешіп кетуі әбден мүмкін. Яғни Еуропа фут­болының  көсегесін  көгертіп  жүр­ген бұл ұйым ФИФА-ға жан-жақты ықпал ете алады.  Ал  Мишель Платини  әзірге  өз  сөзін   айта  қой­ған жоқ. Сондай-ақ  Балқан төңі­ре­гіндегі өзгерістерге түсіністік­пен қарауға бейім отыр ол. Егер ТМД футбол шаруашылығының басшылары бірегей келісімге келіп жатса, ФИФА-ның шешімі де (нақтысы, Й.Блаттердің) қатып қалған догма деуге келе қоймас. Ең бастысы, сең қозғалды. Осы төңіректе үлкен ойын жүріп жатыр. Әйтеуір футбол жеңіске жететін шешімге бір келерміз. Пікірталас жалғасуда. Хат күтеміз. А.ЕСЕМБАЕВА МАРИЯНЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙЫН ДЕП ТҰР Бір-екі жыл көлеміне жұлдызы аспан көгінде жарқырайын деп тұрған бір спортшының аты жиі айтыла бастады. Ол – Қостанай қаласының тумасы Мария Шишкина. Он төрт жасқа жаңа толған Марияны бүгінде бүкіл АҚШ спорт білгірлері жоғары бағалайды. Оны екінші Марина Шарапова деп те атап жүр теннис мамандары. Болашақта М.Шишкинаның жұлдызы теннисші апалы-сіңлілі Уильямстер, миллионер гольфші Тайгер Вудс секілді тым биікте жарқырайтын болады деген болжам бар. Әлгінде айтқандай, Мария Қазақстанда туылған. Шешесі кезінде қызын Андре Агасси, Моника Сейлс, Мария Шарапова және Николь Вайдишева секілді атақты спортшылар қанаттанып шыққан Ник Боллетьери академиясына оқыту үшін Флорида штатына көшіп барған көрінеді. Қазірдің өзінде ол Э.Херри атындағы жасөспірімдер турнирінің жеңімпазы, таяуда өзінен он жас үлкен К.Хорискиді аттан аударса керек. – Бұл қыздың болашағы зор, – дейді Н.Боллетерьеридің өзі. – Оның есімін естеріңізде сақтаңыздар, күндердің күнінде спорт әлемін өзіне қарататын қыз осы. Оның қимыл-қозғалысы керемет. Оң қолы мен сол қолының соққылары бірдей, жылдам, шалт әрі өте күшті. Т.Остиннен кейін мұндай адамды бірінші рет көріп тұрмын. М.Шишкина туралы таяуда бір америкалық компания киноролик түсіріп үлгеріпті. Мұндай роликтер бұрын апалы-сіңлілі Уильямстер, У.Болт, Т.Будс туралы ғана түсірілген екен. Ол кезде олар да ешкімге белгісіз болған. Марина үшін де олардың тағдырын қайталау мүмкіндігі бар. Алда ол қыз қай елдің намысын жыртар екен? Мария – АҚШ азаматы. ITF турнирлерінде Қазақстан туы астында өнер көрсеткен екен. Біздің спорт шенеуніктеріміз осы бастан М.Шишкинаны бауырларына тарта білсе, әлемдік аренада қазақтың Әнұраны талай шырқалатын сыңайлы. ТӨРЕШІЛІКТЕН ҚУЫЛСА ДА ФУТБОЛДАН КЕТЕ ҚОЙМАПТЫ Өткен жылғы «Тобыл» мен «Тараз» командалары арасындағы жағымсыз оқиғадан кейін футболда төрешілік етуден өмірбойы қуылған Сергей Пасько футболдан кете қоймапты. Неге? Бұл мәселе туралы ҚФФ жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент бастығы И.Бзаров былай дейді: – Пасько – Алматы қаласының футбол федерациясы төрешілік және инспекторлар комитетінің төрағасы. Бұл ҚФФ-ның бақылауындағы ұйым емес. Біз тек әріптес қанамыз, кейде кепілдіктер беруіміз мүмкін, сондықтан бұл төрешінің қоғамдық негізде жұмыс істеуіне тыйым сала алмаймыз. Ал Алматы федерациясы оны ҚФФ өткізетін турнирлерге төрешілік етуге ұсынса, сөз басқа. Онда Паськоның жолы жабық, біздің жұмыс аясында өтетін жарыстарға ол қатыса алмайды. Оқырманның есінде болса, өткен жылы жоғарыда аталған командалар арасында күмәнді сәттерде қателікке жол бергені үшін С.Пасько мәңгілікке төрешілік етуден аластатылған еді.
Халық сөзі газеті
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Бапкер Бердіқұлов