Жарнама
Жарнама

Финал жайлы қазақ футболшылары не ойлайды?

Бүкіл әлем көз тіккен Чемпиондар лигасының финалында кімнің бағы жанар екен?
Жарнама
Жарнама

Ертең, 23 тамызда осы маусымның соңғы шешуші матчы - Чемпиондар лигасының финалы болады. Осыған байланысты пікірталастардың басталатыны айтпаса да түсінікті - Чемпиондар лигасындағы жеңіс кімге керек? Финалда ешқашан ойнамаған және тоғыз жыл ішінде 3 миллиард доллардан астам қаржы салған "ПСЖ" клубына ма? Немесе жеті жыл бойы кәрі құрлықтың ең басты додасында топ жара алмаған "Баварияға" ма?

Жеке ойыншылардың ішінде "Барселонадан" Мессидің көлеңкесінен шығамын деп кеткен Неймардың жұлдызы жана ма? Немесе өзін Бундеслигада ғана емес, әлемдік деңгейдегі мықты ойыншы екенін дәлелдегісі келетін Левандовскидің жолы боп кете ме?

Осыған байланысты алдағы финал туралы ұлттық құраманың ойыншыларынан сұрап көрген болатынбыз. Көпшілігі бұл матчта айқын фавориттің жоқ екенін айтты.

Бауыржан Исламхан, "Аль-Айн" ФК ойыншысы:


- Бізді өте қызықты финал күтіп тұр. "Бавария" - мықты команда, қазір бабында тұр десек те болады. "ПСЖ" клубында да матчтың тағдырын шешіп кететін ойыншылар жеткілікті. Менің ойымша, "Бавария" Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанады.

Мардан Төлебек, "Ордабасы" ФК қорғаушысы:


- Өте тартысты матч болғалы тұр. Екі команда да бұл маусымда керемет өнер көрсетті. Мен "ПСЖ" жеңеді деп ойлаймын. Неймар, Мбаппе секілді ойыншылары бар Париждік клуб "Бавария" қорғаушыларына біраз қиындық тудырайын деп тұр. Флик шәкірттері де осал емес. Жылдам ойышылары жеткілікті. Сондықтан бұл матчта жіберілген бір қателіктің өзі матч тағдырына әсер етеді. Неміс футболшылары әскердегі солдаттар сияқты.

Абзал Бейсебеков, "Астана" ФК қорғаушысы:


- Қос команданың да деңгейі шамалас. Мен бұл матчта "ПСЖ" клубына жанкүйер боламын. Бірақ "Бавария" жеңіп кетеді деген күмәнім де жоқ емес. Қызық ойын болатынына сенімім мол. Себебі, екі клуб та финалға шығу үшін барын салды. Финалда аянып қалмайды деп ойлаймын.

Алмат Бекбаев, "Жетісу" ФК қақпашысы:


- Бұл ойында көп гол болады деп ойлаймын. Қос команданың да шабуыл шебі өте мықты ойыншылардан жасақталған. Мбаппенің өзі жеңіске жетемін деп құлшынып отыр. Тең ойын болатын секілді. Пенальти сериясын да көруіміз мүмкін. Мына команда жеңеді деп айту қиын. Бірақ "Баварияның" Чемпиондар лигасындағы тәжірибесі жеткілікті, "ПСЖ" финалға алғаш рет шығып тұрғаннан кейін қиын болатыны айтпаса да түсінікті. Менің ойымша, "Баварияның" асығы алшысынан түседі.

Бекзат Шадманов, "Тараз" ФК қорғаушысы:


- Қызық матч болатынына күмәнім жоқ. Себебі, екі команданың ойыны, тактикасы бір-біріне сай келеді. Қос ұжым да шабуылдағанды жақсы көреді. Бұл ойында кім жеңетінін айту қиын. Биылғы маусымда "Бавария" да, "ПСЖ" да ешкімге бой бермей келе жатыр. Сондықтан бұл матчта голдар көп болады. Мюнхендік клуб сапында Левандовски, Мюллер секілді тәжірибелі ойыншылар болса, Париждік клубта Неймар, Мбаппе секілді жас ойыншылар жеткілікті. Бөліп-жарып қарастыратын болсақ, қос команданың да ойыншылары мықты. Сол себепті, бізді өте қызық финал күтіп тұр.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров