Күні кеше "Челси" футбол клубы өзінің аңыз ойыншысы, қазіргі сәтке дейін бас жаттықтырушы қызметін атқарған Фрэнк Лэмпардтың жұмысынан босатылғаны туралы ақпаратты әлемдік кеңістікке таратқан болатын. Кей жанкүйерлерге заңдылық ретінде көрінді, кейбіреулер түсінбеді. Не себепті Лэмпард жұмысынан ерте қуылды, бірнеше себептерді келтіріп, ой таразыладық.
Төмен нәтижелер
Команданың негізгі құрамын күшейту жолында 250 млн еуро қаржы құйылатын болса, бұл жағдайда күтілетін нәтиженің тек чемпиондық екендігі көпшілікке өте түсінікті. Қаржының жақсы құйылғандығы, бұқаралық ақпарат құралдарының команданы әсірелеп мақтап жазған жазбаларына қарамастан Фрэнки команданың әлі үлкен жеңістерге дайын емес екендігін, команданың ойын жүйесін қалыптастыру жолында көптеген уақыт кететіндігін бірнеше мәрте шегелеп айтқан болатын. Бастапқыда ойын мәнері тәуір деңгейде қалыптасқандай көрінді. Команданың қорғанысы күшейді, Тиаго Силва, Бэн Чилуэлл, Эдуар Менди секілді мықтылар команданың нәтижесін де алға қарай өрлетті. Бірақ бұл тек қорқынышты фильмдердің бастапқы бөлігіндей ғана әсер қалдырды. Қыркүйек-қазан айларын жақсы деңгейде бастаған "Челси" командасы қараша-желтоқсан-қаңтар айларында 8 матчта ұпай жоғалтты(3 тең ойын, 5 жеңіліс). Егер команда жүйелі ойын көрсетіп, нәтиже жағынан көңіл көншітерлік жағдай болмаса, клуб басшылары бапкерге уақытты барынша көп беруге тырысар еді. Бірақ команда "Лестер", "Манчестер Сити", "Эвертон" секілді қарсыластармен болған ойында тек таблодағы есеппен ғана емес, тактикалық тұрғыда да үлкен жеңілістерге ұшырады. Мұндай жағдайда бапкердің жұмысынан босатылуын заңдылық деп түсінсек те болады.
Физикалық дайындықтың жетіспеуі
2020 жыл ешкімге де оңай соқпады. Барлық командалар маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарын жеделдетілген бағдарламада өткізгендеріне байланысты қазір екі күннің бірінде футболшылар әр түрлі бұлшықет жарақаттарын алуда. Кей бапкерлер бұл жағдайда команданы матчтан матчқа күштерін үнемдей білуге бейімдесе, "Челси" жаттықтырушысы Фрэнк Лэмпардтан ондай мықтылықты байқай алмадық Әрине тәжірибесі аз бапкер, тәжірибенің аздығы осы тұста анық байқалды. Жоғарыда айтқанымыздай команда маусым басында өте керемет өнер көрсетті де, орта тұста сыр берді. Екі күн сайын өтетін матчтар, “Boxing day” науқанындағы ойындар команданы үлкен тығырыққа тіреді. Нәтижесінде "Челси" білгенінен жаңылып, турнир кестесінің орта тұсына бір-ақ түсті. Бір қарағанда әлі ештеңе жоғала қоймағандай көрінген, бірақ физикалық дайындықтың шалалығы түптеп келгенде команданың ойын жүйесінің бұзылуына алып келді.
Шабуылдағы жаңа ойыншылардың жеткілікті деңгей көрсете алмауы
Өткен маусымның ортасында-ақ ағылшын БАҚ өкілдері амстердамдық "Аякстың" вингері Хаким Зиештің "Челси" сапына ауысқандығы туралы ақпаратты жарыса жазды. Шілде айында "РБ Лейпцигтің" көшбасшы шабуылшысы Тимо Вернер команда сапын толықтырды. Тамыз айы жанкүйерлерді "Байер" клубының жартылай қорғаушысы Кай Хаверцтің командаға келуімен қуантты. Сәуегейлердің көбі "Челсиге" чемпиондық тәжді уақытынан бұрын кигізіп қойыпты. Өкінішке орай, бұл футболшылар жергілікті біріншілікке бірден сіңісіп кете алмады. "Байерде" еркін позицияда ойнап үйреніп қалған Хаверц, жаңа ұжымда жүйелі жартылай қорғаушы міндетінде әлі жөнді ойнай алмай келеді. Тимо Вернер болса алғашқы турдан бастап журналистерге Англиядағы қорғаушылардың тым дөрекі ойнайтындығын және ірі денелі қорғаушылардың көптігін айтып мұңын шаққан болатын. Зиештің жағдайына түсіністікпен қарауға болады, ойыншы жаңа ортаға келгелі бері тым көп жарақат алып бастады. Соның кесірінен клубқа толық пайдасын тигізе алмай келеді. Команданың үздік бомбардирі әлі де 35 жастағы Оливье Жиру екенін еске алып қойған жөн. Былтыр команда жеткілікті деңгейде гол соққанымен, қорғаныстағы қателіктердің кесірінен тым көп гол өткізіп алған болатын (гол айырмасы 69-54). Ал биылғы жағдай керісінше, қорғаныстағы ойыншылар өз деңгейлерін жақсы танытқанымен, шабуылшылар әзірге қақпа торын тулатуы былай тұрсын, өздеріне деген сенімділікті арттыра алмай келеді. Бұған дәлел қып команданың былтырғы маусымға қарағанда қорғаныстағы нәтижелі қателік саны азайып, шабуылдағы айқын голды соға алмау көрсеткішінің тым көбейгендігін айтуымызға болады.
Лэмпардың айналасымен жақсы қарым-қатынас орната алмауы
Фрэнкидің бапкерлік мансабындағы алғашқы екі жылды тыныштық жылы деп атасақ қателеспейміз. "Дерби Каунти" болсын, былтырғы "Челси" болсын өзіне қатты назар аудартпайтын, жас футболшылардан құралған ұжымдар болатын. Жас маман жас футболшылармен өте жақсы қарым-қатынас орнатуының негізінде команда үлкен жетістіктерге жетті. Мэйсон Маунт, Тэмми Абрахам, Рис Джеймс секілді жастармен бірге Чемпиондар лигасына жолдама алудың өзі үлкен жетістік екендігі жалпақ жұртқа белгілі дүние. Бірақ, биылғы жағдай мүлдем басқаша еді. Команда сапына тәжірибесіз жастар емес өз құрамасының сайыпқырандары келген болатын. Алды тіпті өз құрлығының чемпиондары болса, ең жас деген Хаверцтің өзі "Байер" клубының үкілеп отырған үмітіндей ойыншысы болатын. Командаға жасалған қысым да молайды. Осы сәтте Фрэнктің жүйкесі сыр берген секілді. БАҚ өкілдеріне "Бүгін ойыншыларым жеткілікті деңгейде ойнай алмады, көздерінен ойынға деген жігерді байқай алмадым", "Тимо Вернер алаңда қайсарлық көрсетуі тиіс, бұндай ойынымен АПЛ-де үздіктер қатарына ене алмайды" деген пікірлері біздің алдыңғы болжамдарымыздың растығын аңғартады. Бұдан бөлек команданың атқарушы директоры Марина Грановскаямен болған түсінбестік те көптеген газеттердің мұқабасына арқау болды. "Вест Хэм" клубының жартылай қорғаушысы Деклан Райстың команда қатарына қосылмағаны үшін директорды сынауы, оның командадағы көптеген басшылық өкілдерімен жанжалдың тууына себепкер болды.
Томас Тухель фигурасы
Команданың сәтсіз ойыны кезінде ПСЖ жаттықтырушысы Томас Тухель өз орнын босатты деген ақпарат желдей ескені белгілі. Бұл сәтте команда басшысы Роман Абрамович қарап қалмады. Өз ұжымы көңіл көншітпейтін нәтиже көрсетіп жатса, тәжірибесі мол неміс бапкеріне неге қызықпасқа? Оның үстіне қазіргі заманғы футболда сәнге айналған прессинг, позициялық шабуыл секілді әдіс-тәсілдерді жас ағылшын бапкеріне қарағанда аталған маманның жете қанық екендігі белгілі. Мүмкін Тухель "Челсиді" шыңға шығарар, мүмкін тым төмен түсірер ол жағын уақыт көрсетеді.
Жас бапкерлерге қашан да жан-жақтан жасалатын қысымның көп екендігі бесенеден белгілі. Оның үстіне "Челси" секілді үлкен клубта бұл жағдай ешкімге де таңсық емес. "Челсиден" қуылған бапкерлердің ұзын-сонар тізімінен сіз Жозе Моуриньо, Авраам Грант, Луис Фелипе Сколари, Антонио Конте секілді бапкерлік цехтің серкелерін кездестіре аласыз. Ал Лэмпардтың жағдайында пікірлер екі жаққа бөлінуде. Біреулер Лэмпард клубтың аңызы болғандықтан, оған тәуір команда құрауы үшін көп уақыт берілуі керек еді десе, кейбіреуі әлемдік жұлдыздарды өз сапына қосқанына қарамастан сәтсіздікке ұшыраған бапкер топ клубта болуға тиісті емес деп жатады. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай болмақ, құрметті оқырман?
Қуандық Көргенов
Біздің серіктес: FONBET