Аргентина – Камерун – 0:1. Голды Омам Бийик осылай енгізді. Камерун сосын Румынияны ұтты (2:1, қос допты да Роже Милла соқты), сосын КСРО-дан ұтылды (0:4), бірақ бәрібір 1-орын алды. 1/8 финалдағы Колумбиямен текетірес 90 минут бойы еш нәтиже бермеді. Ал 106-минутта Милла есеп ашты. Арада үш минут өткенде алаңның ортасына дейін шығып ойнауға әуес колумбиялық «тәуекелшіл» қақпашы Игита, неге екені белгісіз, өзімен допқа таласпаққа ұмтылған Милланы алдап өтпек болды да, одан айрылып қалды: бос қалған қақпаға тура шапқан шабуылшы өзінің осы чемпионаттағы төртінші голын соқты. Бір қызығы, бұл ойыншыны Непомнящий құрамға енгізгісі келмеген екен, ел президенті Поль Бийяның өзі арнайы бұйырып, тізімге қостырыпты. Камерун – Колумбия – 2:1. Рене Игитадан допты тартып алған Роже Милла жеңіс добын соқты. ¼ финалдағы Камерун – Англия матчы чемпионаттағы ең тамаша ойындардың бірі болды. Есепті ағылшындар ашты: Стюарт Пирстің сол қапталдан қолмен өлшегендей дәл берген добын Дэвид Платт таза британдық стильде баспен торға дөп қадады. Бірақ бұдан соң ойын тізгіні африкалықтарға көшті. Олардың қарқыны әсіресе кездесудің екінші бөлігінде алаңға Милла шыққан соң үдей түсті. Бұл жолы 38 жастағы камерундық ардагер өзі гол соққан жоқ, есесіне, ойынның нәтижесін жалғыз өзі жасай жаздады. Әуелі айып алаңына еркін енген ол ағылшын қорғаушысын ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі: 11 метрлік нүктеден Эммануэль Кунде мүлт кеткен жоқ. Сосын ол жанына қарсыласының үш бірдей ойыншысын жинап алып, допты оң жағынан бөлектене берген Эжен Экекенің алдына тастай салды – 2:1. Лезде-ақ есептің асты үстіне шықты! Африкалықтар уыстан шығарып алған ұрымтал сәттер қаншама еді десеңізші! Камерун – Англия (2:3) ойынынан көрініс. Өкінішке қарай, 83-минутқа дейін азулы қарсыласын ұтып тұрған камерундықтар матч соңында және қосымша уақытта өз айып алаңында екі рет тәртіп бұзып, қолда тұрған жеңістен айрылып қалды. Екі пенальтиді де Гарри Линекер сәтті орындады. Баспасөзде бұл жеңілістің мынадай қызық та тосын себебі бар екендігі жазылды: футбол құрамасын Италияда екі аптадан артық уақытқа қалдыру кедей елдің бюджетіне аса ауыр тиетіндіктен, ұлттық федерация басшылары... Англиядан әдейі ұтылып, ертерек елге қайтуды бұйырыпты! Бірақ бұл деректің рас-өтірігіне төрелік айта алмаймыз. Камерун командасының жанкүйер жанын рахатқа бөлер жарқын футболы ескерусіз қалған жоқ. Олардың ойынына риза болған ФИФА басшылығы келесі әлем чемпионатында Африка құрлығы үшін екі емес, үш орын берілетіні жөнінде шешім қабылдады. Сәкен СЫБАНБАЙ
Біздің серіктес: FONBET