Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

11.05.2014, 23:32
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз (20-орын – Камерун-1990, 19-орын – КСРО-1986).   18-орын. ГОЛЛАНДИЯ-1998 Негізгі құрам: Ван дер Сар – Райцигер, Стам, Ф.Де Бур, Нуман – Йонк, Коку, Давидс – Р.Де Бур, Бергкамп, Клюйверт. Бас бапкер – Гус Хиддинк. images (2) Сонау 70-жылдарда қатарынан екі рет финалға шыққан суперкомандадан кейін Голландия біраз уақыт әлемдегі жетекші елдердің санатынан шығып қалды. 1982 және 1986 жылдары тіпті финалдық турнирге де бара алмады. 1990 жылы 4 ойында бір рет те жеңіске жете алмағаны аз болғандай, 1/8 финалда немістерден ұтылып қалды. 1994 жылы ширек финалда Бразилияға жол берді. Ақыры 1998 жылы алтын жүлденің өзінен үміті бар өте мықты команда жасақталды. Голл-98 1998 жылғы Голландия құрамасы. Дегенмен, бірінші турдағы Голландия – Бельгия құрамаларының ойыны жанкүйер үмітін ақтай алмады. Екі команданың да шабуылынан гөрі қорғанысы мығым болды. Бельгиялық қорғаушы Эрик Дефляндр тіпті екі рет допты өз қақпасының сызығынан кері қайтарды! Голландия әдеттегідей үш шабуылшымен ойнаса да, жеңіске жете алған жоқ. Доп соғудың орнына Патрик Клюйверт дөрекілік көрсетіп, 81-минутта төрешіден «қызыл қағаз» «сыйға» алды да, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Екінші турда Хиддинк шәкірттері Оңтүстік Кореяны талқандап тастады – 5:0! Үшінші турда 18-минутта-ақ екі гол соғып тастағанымен, ойын соңында мексикалықтардың есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды – 2:2. Голл-Мек Эдгар Давидс мексикалық Луис Эрнандеске қарсы. 1/8 финалда Голландия футболшылары 2:1 есебімен югославтарды ұтты. Слободан Комленович таразы басын теңестірген соң арада небәрі үш минут өткенде төреші Хиддинк командасының қақпасына 11 метрлік белгіледі. Бірақ Предраг Миятович соққының дәлдігіне емес, күшіне көбірек маңыз берсе керек, доппен қақпа маңдайшасын солқ еткізді де қойды. Осыдан кейін-ақ псхологиялық үстемдік голланд футболшыларына ауысып жүре берді. Ақыры матч соңында Эдгар Давидс алыстан бағыттаған әдемі соққысымен командасын ширек финалға алып шықты. Қорғаныстан гөрі шабуылға көбірек көңіл бөлетін Голландия және Аргентина құрамаларының ширекфиналдық белдесуі де қызықты өтті. Таразы басы да, ойын барысы да тең болған бірінші таймда бұл чемпионатта бұған дейін гол соқпаған шабуылшылар көзге түсті. Клюйвертке Деннис Бергкамп баспен өте ыңғайлы пас тастаса, Клаудио Лопеске тек Хуан Веронның пасы ғана емес, жасанды офсайд жасауда қателескен голланд қорғаушылары да «көмектесті». Таймның басында Филлип Кокудың соққысы бағанаға тисе, Давидс пен Вим Йонктың алыстан тепкен доптарына Карлос Роа тосқауыл бола білді. Аргентиналықтар да қарап қалған жоқ, 37-минутта Ариэль Ортега тепкен доп қақпа бағанасына сарт ете түсіп, Эдвин ван дер Сардың зәресін алды. Екінші таймда Голландия тоқтаусыз шабуылдаумен болды. Аргентиналықтардың сәл осалдау тұсы қос қаптал екенін ұққан олар алаңның ана шетінен де, мына шетінен де минут сайын қауіп төндіріп, қарсыласын қатты састырды. Ортега мен оның әріптестеріне алаң ортасынан әрі қарай өтудің өзі мұңға айналды. Тек 63-минутта ғана олар қарсы шабуыл ұйымдастыру бақытына ие болып еді, Габриэль Батистута керемет сойқан соққымен оң жақ бағананы солқ еткізді. Алайда бұл қақпаның дірілі басылмай жатып, қарсы жаққа гол кіріп кете жаздады. Ойынға қосылғанына он секунд өтпей-ақ Марк Овермарс оң қанаттан әуелетіп айып алаңына пас тастап еді, Клюйверт оны баспен дәл «тоғыздыққа» тураласа да, сілеусінше секірген Роа әрең дегенде сыртқа қағып үлгерді. Матч аяқталуға 17 минут қалғанда екінші ескертуін алған голланд қорғаушысы Артур Нуман алаңнан қуылды. Еуропалықтар, амал жоқ, артқа шегінді. Дегенмен Аргентина футболшылары шабуылда шапшаңдық пен жинақылық таныта алмай, бір ойыншысы кем қарсыласын тықсыра түсудің орнына... өз қақпасына доп жіберіп алды. Бәріне кінәлі Ортега еді: ол голланд қақпашысын баспен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алды. Дәл осыны күтіп тұрғандай Франк де Бур 50 метр қашықтықтан Бергкампқа ғажап пас тастады. Ол әлгі оқиғадан соң абыржып қалған Роберто Айяланы алдап өтіп, жеңіс добын соқты... Жартылай финалдағы Бразилия – Голландия матчы тамаша футбол спектаклі болды. Тең өткен бірінші тайм бітіп, екінші кезең бастала бере Марио Загаллоның командасы алға шықты: Ривалдоның сол қанаттан тастаған добына қорғаушылардан бұрын жеткен Роналдо оны жанұшыра ұмтылған қақпашыдан асырып, торға дәл түсірді. Голландтықтар көп есеңгіреген жоқ. Екінші таймда әлем чемпиондарын кәдімгідей тықсыра бастады. Шабуылшы Клюйверт бүкіл матч бойына қақпаны 9 рет нысанаға алды, бірақ үнемі қателесумен болды. Оның тек 10-соққысы ғана нысанаға дарыды: әмбебап Коку бразилиялықтар иеленіп кеткен доптың өзін асқан жанкештілікпен тартып алып, оң қанатта жалғыз тұрған Рональд де Бурға жеткізді. Егіздің сыңары оң аяғына оңтайлы келе қалған ала допты әуелетіп Клюйвертке қарай асырды – 1:1. Тең аяқталған ойыннан соңғы пенальти сериясында әдеттегідей ең жақсы ойнаған футболшылар қателесті (Коку мен Р.де Бур). Бра-Голл Жартылай финал. Клюйверт есепті теңестірді. Қола жүлде үшін таласта көңіл-күйі түскен голландықтар Хорватиядан ұтылып қалды (1:2). Сәкен СЫБАНБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров