Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз (20-орын – Камерун-1990, 19-орын – СССР-1986, 18-орын – Голландия-1998, 17-орын – Түркия-2002).
16-орын. ПОЛЬША-1974
Негізгі құрам: Томашевски – Шимановски, Жмуда, Мусял, Горгонь – Касперчак, Машчик, Дейна – Лято, Шармах, Гадоха.
Бас бапкер – Казимеж Гурски.
Поляк футболы көп уақыт бойы көзге ерекше түскен емес-ті. Рас, 1938 жылғы әлемдік доп додасында Бразилиямен 120 минут бойы алысып, ақырында 5:6 есебімен «әрең жеңілгені» бар. Содан 70-жылдарға дейін былайғы жұртшылық үшін олар тым-тырыс жатқандай еді. Іріктеу сындарында тәп-тәуір ойнағанымен, мәселен, 1966 жылғы доданың сұрыптауында шешуші сәтте Италияға, 1970 жылы Болгарияға жол беріп қойды.
70-жылдары Польша футболы дүр сілкініп шыға келді. Егер бұлардан да күшті ойнаған голландықтар болмағанда, 1974 жылғы чемпионаттың ақжолтай командасы поляктар болар еді. 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанған Казимеж Гурскидің командасы іріктеу сынында азуы алты қарыс ағылшындардың өзін жолда қалдырып кетті. Орташа жасы 24-тен сәл-ақ асатын жалындап тұрған ұжым батысгерман жасыл алаңдарында да жастарға тән жігерлі футбол көрсетті. Команданың әр шебінде де жетекші ойыншылар жетерлік еді: қақпашы Ян Томашевски, қорғаушылар Ежи Горгонь мен Владислав Жмуда, жартылай қорғаушы Казимеж Дейна... Әйтсе де, Польша құрамасының ең күшті шебі – шабуыл болатын. Мұны Гжегож Лятоның 7, Анджей Шармахтың 5 доп соғуына қарап-ақ байқауға болады. Тіпті бірде-бір гол соқпаған Роберт Гадоханың өзі тамаша ойынымен көзге түсті. Поляктар соққан 16 доптың кем дегенде 10-ы осы шабуылшының сол қапталдан тастаған тамаша пастарынан соң қақпаға енген-ді. Яғни, Гадоханың гол соқпай-ақ чемпионаттың символикалық құрамасына енуіне таң қалудың жөні жоқ.
Бразилиямен ойынның тағдырын Г.Лятоның голы шешті.
Поляктар өте қиын топқа түсті. Соған қарамастан барлық қарсыласынан да басым ойнады. Бірінші турда Аргентинадан басым түсті. Үзіліске дейін-ақ Лято мен Шармах бір-бірден доп соғып, жеңісті жақындатып қойды. Екінші таймда аргентиналықтар бір голмен қарымта қайтарып еді, лезде Лято үшінші допты енгізді. Ақырында және бір жіберіп алса да, Польша 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші ойында олар Гаити құрамасын 7:0 есебімен талқандап тастады. Шармах хет-трик, Лято дубль жасады.
Соңғы турда Италияның кезегі келді. Оларға міндетті түрде жеңіс керек еді, ал Польша келесі кезеңге шығып қойған болатын. Сонда да поляктар баяғысынша жиі шабуылдап, жеңіс үшін ойнады. Бірінші таймның соңында, айналдырған алты минуттың ішінде Шармах пен Дейна бір-бір голдан енгізіп, Италияның «шаруасын бітірді» деуге болады (өйткені, ана жақта Аргентина Гаитиді талқандап жатқан болатын). Тек 86-минутта ғана Фабио Капелло (қазіргі атақты бапкер) бір гол соқты, басқаға «Скуадра адзурраның» шамасы келмеді. Әлем чемпионатына 36 жылдан соң әрең жетіп отырған команда топтағы 3 ойында да жеңіске жетті!
Шабуылшы Р.Гадоха Италия қақпасына айып добын соғуға дайындалуда.
Екінші кезеңде де ол уақытта топтық турнир өтетін. Поляктар мұнда Германия (чемпионат қожайындары), Швеция және Югославиямен бір топқа түсті. 1-орын алған команда финалға шығатын, ал 2-орында қалғаны үшінші орын үшін таласатын.
Польша футболшылары алдымен Швецияны (1:0), сосын Югославияны ұтты (2:1). Сөйтіп, соңғы турда немістермен белдесті. Қай жеңгені финалға шығады, ойын тең аяқталса да, Германияға тиімді, өйткені, доп айырмасы тәуір.
Польша – Югославия матчы басталар сәт. Команда капитандары – К.Дейна (оң жақта) мен Й.Ачимович.
Поляктар алаң иелерімен соңғы минутқа дейін алысты. Тек Майндағы Франкфуртта сол күні шелектеп құйған нөсердің салдарынан ойын өтетін арена алаңнан гөрі суарылған егіс алқабына көбірек ұқсап кеткендіктен, шабуылдауға тиіс Казимеж Гурскидің жігіттері қайта-қайта кібіртіктеумен болды. Ойын соңында Герд Мюллер соққан жалғыз доп тартысты кездесудің тағдырын шешті. Польша футболшылары сонда да еңсе түсірмей, 3-орын үшін таласта Бразилияны жеңді, ал шабуылшы Лято 7 доппен чемпионаттың ең мерген ойыншысы атанды.
Сәкен СЫБАНБАЙ