Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

30.05.2014, 03:22
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   10-орын. ФРАНЦИЯ-1986 Негізгі құрам: Батс – Айяш, Босси, Баттистон, Аморос – Фернандес, Жиресс, Тигана, Платини – Рошто, Стопира. Бас бапкер – Анри Мишель. Анри Мишель Жалпы, 80-жылдардың басы мен ортасындағы Франция – өте сұлу ойнайтын, сәнмен қимылдайтын, жұлдыз-команда еді. 1984 жылы Еуропа чемпионы атанды. 1982 және 1986 жылғы әлем чемпионаттарында жартылай финалға дейін жетті. Топтамадағы 10-орынға 1982 жылғы команданы да қоюға болар еді. Бірақ екеуінің бірін таңдауға тура келді де, 4-орын емес, 3-орын алған Франция-86-ға тоқтадық. Негізгі құрамдағы 11 футболшыны қарап отырсаңыз, Франция-82-ден аса айырмашылығы да жоқ. Тек Трезордың орнын Айяш, Женгинидің орнын Фернандес, Сикстің орнын Стопира ғана басқан. Басқасы – сол жігіттер. Ф-Б-86 Француздардың жартылай қорғанысы керемет еді.   Мексикадағы тұңғыш матчында француздар масқараға ұшырай жаздады. Доп додасына алғаш рет қатысып отырған Канада құрамасы өте сауатты қорғана білді, тіпті қарсы шабуылда есеп ашуға да шақ қалды. Абырой болғанда қақпашы Батс қырағылық танытты. 78-минутта Стопира соққан жалғыз гол А.Мишель жігіттеріне жеңіс сыйлады. Бұдан кейін Франция КСРО құрамасымен тең түсті (1:1). Командалар алма-кезек шабуылдап, сәт сайын қауіпті жағдайлар туындатып, жанкүйерлерді риза етті. Даңқты Пеленің өзі «бұл – осы чемпионаттағы ең тамаша ойындардың бірі!» деген баға берді. Үшінші турда Венгрияны ұтқан (3:0) француздар доп айырмасы жағынан КСРО-дан сәл кемшін түсіп, 2-орын алды. Бұл жағдай Францияның турнирлік жолын тіптен қиындатып жіберді. Өйткені, 1/8 финалда сол уақыттағы әлем чемпионы – Италияға тап келді, оның жеңсе, алдынан Бразилия шығатын болды. Бірақ бұл уақытта француздар нағыз бабында еді, ешқайсысынан қорықпай ойнады. Италияны 2:0 ғып ұтты, сосын Бразилиямен де тең дәрежеде айқасты. 120 минутқа созылған футбол спектаклін мамандардың «финал алдындағы финал» деп бағалауы әсте тегін емес-ті. Сұлулыққа тұнып тұрған тартымды матчта футболшылар ойын тәртібін өте сирек бұзды. Бұл ғаламат техникалық шеберлік салтанат құрған ойын еді. Есепті бразилиялық Карека ашты, 41-минутта дәл осы күні 31-ге толған «Алтын доптың» үш дүркін иегері Платини таразы басын теңестірді. ПП-86 Мишель Платини пенальти тебуге дайындалуда.   75-минутта төрешісі Францияның қақпасына пенальти белгіледі. Бірақ Зиконың 11 метрлік нүктеден бағыттаған соққысын қақпашы Батс сыртқа қағып жіберді. Ал пенальти сериясында 4:3 есебімен француздар басым түсті. «Чемпионаттағы ең әдемі ойнайтын екі команда неге ширек финалда-ақ кездесіп қалды? Бұл әділетсіздік қой!» деді көзінен жас парлаған Пеле. Бүкіл әлем жанкүйерлерінің көкейінде де осы сөз тұр еді. С-ЖС Франция – Бразилия – 1:1. Шабуылшы Яник Стопира қорғаушы Жулио Сезарға қарсы. Бұл ойыннан кейін финалда Аргентина мен Францияның кездесетініне ешкім де күмәнданған жоқ еді. Алайда, бразилиялықтармен ұзақ белдесіп, әбден шаршаған француздар жартылай финалда Германия құрамасын тізе бүктіре алмады. Сөйтіп, 1982 жылғы Севильяда болған «қанды қақтығыс» үшін кек қайтарылмай қалды. Үшінші орын үшін болған матча Анри Мишель негізінен қосалқы құрам ойыншыларын шығарды Бірақ солардың өзі Бельгияны 4:2 етіп жеңді. Франция – жанкүйер қауымның жүрегін әдемі ойынымен жаулап алған команда еді. Әсіресе ортаңғы шебі күшті болатын: Тигана, Жиресс, Фернандес, кей ойындарда алаңға шыққан Женгини – керемет ойнады. Ал капитан Платини (қазіргі УЕФА президенті) команда ойынының басты ұйымдастырушысы, нағыз көшбасшысы еді. Бұл команданың әлем чемпионы бола алмауы көпке дейін жанкүйер қауымды өкіндіріп жүрді. Арада 12 жыл өткенде Зиданның буыны Платини мен оның серіктерінің арманын жүзеге асырды. Сәкен СЫБАНБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров