Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

03.06.2014, 01:06
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   8-орын. АРГЕНТИНА-1986 Негізгі құрам: Пумпидо – Кусиуффо, Руджери, Браун, Олартикоэчеа – Батиста, Джусти, Энрике, Бурручага, Марадона – Вальдано. Бас бапкер – Карлос Билардо.

 carlos-bilardo1

Аргентиналықтар Мексикаға алтын кубоктан басты үміткер болып келген жоқ. Мамандар бірінші кезекте Бразилия, Франция, Италия құрамаларынан үміт күтті, К.Билардоның командасын Германия, Мексика, Уругвай, Англия командаларымен бірге екінші лектегі фавориттерге қосты. Алайда Аргентина іске бірден білек сыбана кірісті. Оңтүстік Корея футболшылары бұлардың қарқынына ілесе алмай, тек шалып жығумен болды. Әсіресе Марадонаның аяғын аңдығандар оны қайта-қайта көкмайсаға көсілтіп сұлата берді. Төреші тым көңілшек екен, әйтпесе азиялықтардың бір-екеуін алаңнан қуып жіберуге де болар еді. Алайда Марадонаны тірсектен тебушілер бәрібір жазасыз қалған жоқ: ереже бұзылған нүктелерден ол айып алаңына әдемі пастар шығарып, нәтижеде Вальдано мен Руджери корейлердің қақпасына екі доп соқты. Үшінші голды да Аргентина құрамасының капитаны жасады: үш бірдей қорғаушыны алдап өткен ол допты ұрымтал тұстағы Вальданоның алдына тастай салды – 3:0. Кореялықтар әзер дегенде бір доппен қарымта қайтарды. Бұдан соң аргентиналықтар Италиямен тең түсті (1:1), Болгарияны ұтты (2:0), өз тобында бірінші орын алды. 1/8 финалда Уругвайдан басым түсті (1:0). Сөйтіп, ширек финалда Англиямен кездесті. Арг-Уру Аргентина – Уругвай (1:0) матчынан көрініс.   Бұл ойын Марадонаның екі голымен есте қалды. 51-минутта ол допты Вальданоға тастады да, өзі айып алаңына енді. Әріптесі қарымта пас беріп еді, оған ағылшын Ходж бұрын жетіп, баспен кері қайтармақ болды. Алайда доп шиырылып алға – қақпаға қарай ұшты. Оған Марадона мен қақпашы Шилтон қатар ұмтылды. Әуелеп келген допқа бойы жетпеген соң (Диего әлгі Шилтоннан 20 см кіші еді!), Марадона допты ағылшындардың қақпасына қолымен енгізіп жіберді. Мұны бәрі де көрді, бірақ негізгі көруге тиіс адам – тунистік төреші Бен Насер байқамай қалды. Баспасөз мәслихатында Диегоның журналистерге «бәлкім, гол қолмен соғылған да шығар, бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап бергені әлі күнге жыр болып жүр. Оған Англия құрамасының бас бапкері Бобби Робсон: «Құдайдың бұған еш қатысы жоқ. Бұл – алаяқтың қолы!» –  деп жауап қайтарған болатын. Ал арада төрт минут өткенде, алаң ортасына таман әріптесі Энрикеден доп алған Марадона бес бірдей ағылшынды алдап өтіп, бүгінге аңыз боп жеткен ең даңқты голын соқты. Кейін осы гол туралы әңгіме қозғалғанда, әлгі Энрике: «Алдымен оған кім «пас» шығарып бергенін айтсаңдаршы, сол сәтте мен Диегоға допты бермесем, бұл гол соғылмайтын да еді ғой!» – деп әзілдейді екен... 1982 жылы Атлант мұхиты жағалауындағы Фолкленд (Мальвин) аралдарына байланысты Англия мен Аргентинаның арасында жанжал туындап, оның арты қарулы қақтығысқа ұласқан еді. Екі жақтан ұзын-ырғасы мыңнан астам әскер қаза тапқан қанқұйлы соғыста жеңіске жеткен Ұлыбританияның, дәлірек айтқанда, осы даудың басы-қасында жүрген сол кезеңдегі премьер-министр Маргарет Тэтчердің мерейі үстем болғаны белгілі.... Ойын біткен соң, аргентиналық басылымдар «Марадона – Тэтчер – 2:1» деген тақырыппен шығыпты... Жартылай финалда тағы да Марадонаның қос добының арқасында аргентиналықтар Бельгиядан басым түсті, Д-М-86 Команда капитаны Диего Марадона.   Мексикадағы доп додасын, турасын айту керек, бір ғана Марадона ұтып алды. Рас, кезінде Пеле де өз командасының жеңісіне көп еңбек сіңірді. Алайда оның жанындағы серіктері де нағыз мықтылар еді. Егер Пелені құрамнан алып тастаса, оның командаластары бәрібір чемпион болар еді де (1962 жылы футбол королі жарақат алғанда шынында да солай болды ғой). Ал 1986 жылғы Аргентина құрамасынан Марадонаны алып тастасақ ше? Көрдіңіз бе, демек, бұл жеңістегі Марадонаның орасан зор рөлін лайықты бағаламасқа болмайды. Айтпақшы, шешуші ойында да бәрін аргентиналық капитанның шеберлігі шешіп кетті. Сүйретіліп жүріп әйтеуір финалға шыққан немістер тағы да мінез көрсетті: 0:2 есебімен ұтылып жатып, олар өз ұлттарына тән өлермендікпен нәтижені теңестіріп те үлгерді. Қуаныштары қойнына сыймаған олар енді бір сәт «уһ» деп тыныстауға мүмкіндік алды. Бірақ жасыл алаңда Ұлы Мәртебелі Диего жүрген кезде бір мезет тыныс алу мүмкін бе?! Оның допты 40 метрдей жерден Бурручаганың алдына дәл тастап бергені сондай, гол болмауы мүмкін емес еді... Арг-86 Аргентина құрамасы – екі дүркін әлем чемпионы.   Сәкен СЫБАНБАЙ  
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров