Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

08.06.2014, 17:04
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   6-орын. БРАЗИЛИЯ-1982 Негізгі құрам: Валдир Перес – Леандро, Луизиньо, Оскар, Жуниор – Тониньо Серезо, Сократес, Фалькао, Зико, Эдер – Сержиньо. Бас бапкер – Теле Сантана. tele-santana  Жанкүйер жанын рахатқа бөлер сұлу ойынымен көз жауын алған 1982 жылғы Бразилия құрамасы жүлдеге іліге алмаса да, жадымызда қалды. Теле Сантана еуропалықтарға еліктемей, өз командасын таза бразилиялық стильге баулыпты. Олардың әр ойыны өзінше бір футбол спектакліне айналды. Сокр-82 Команда капитаны – Сократес.   Бразилия – КСРО матчының алғашқы бөлігі алма-кезек шабуылмен өтті. Үш дүркін әлем чемпиондары баса-көктеп алға ұмтылғанымен, орыс футболшылары да қарап қалмай, қарсы шабуылға шығып отырды. Сондай сәттердің бірінде шабуылшы Блохин допты Гавриловке тастады да, сол қапталды бойлай алға жүгірді. Жартылай қорғаушы оған қарымта пас берердей сыңай танытты, бірақ допты оң жағынан өте берген Бальге сырғыта салды. Баль алға бір-екі адымдады да, 35 метрдей жерден қатты соқты. Мұндай қашықтықтан соққы бағыттайды деп күтпеген болса керек, қақпашы Валдир Перес сәл кешігіп секірді – 0:1. Бұдан кейін де КСРО командасының гол соғар екі мүмкіндігі болды. Бірінде Бессонов допты бос қақпаға тура бағыттай алмады, екіншісінде бразилиялық қорғаушы Луизиньоның өз айып алаңында допты қолмен тоқтатқанын испандық төреші Ламо Кастильо көрмей қалды. Әділін айту керек, дәл осындай жағдай КСРО командасының айып алаңында да қайталанды. Яғни, төреші екі тарапқа да бірдей қателесті. Фальк-82 Бразилия – КСРО матчынан көрініс. Фалькао мен Чивадзе. Ал екінші таймда Бразилия құрамасы қарсыласын таптап кете жаздады. Бұған дәлел ретінде қақпаға бағытталған соққылар көрсеткішінің 30:6 болғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Негізінен киевтік және тбилисилік динамошылар мен мәскеулік «Спартактың» өкілдерінен құралған КСРО командасы бүкіл құрамымен өз қақпасының алдында ұйлығысып, жанұшыра қорғанумен болды. Олар қанша қарсыласса да, латынамерикалықтардың басымдығы бәрібір байқалды. Бразилияға жеңісті команда капитаны Сократес жырып әперді. Әуелі ол алыстан бағыттаған әдемі соққысымен таразы басын теңестірді. Ал ойын бітуге үш минут қалғанда Эдер үшін өте оңтайлы сәт тудырып берді. Эдердің доп тебісі де кісі сүйсінгендей ғой: қақпашы Дасаев кірпік қағып қана үлгерді, доп торда тулап жатты. Бразилиялықтар топтағы қалған екі қарсыласын да ірі есеппен ұтты (Шотландияны 4:1, Жаңа Зеландияны 4:0). Олардың тіпті әр голы жеке суреттеуге тұрарлық еді. Әсіресе Жаңа Зеландия құрамасының қақпасына Зико соққан гол керемет болды: ол оң қапталдан Тониньо Серезо әуелетіп тастаған допты жерге түсірмеген күйі қатты соғып, торға түсірді. Екінші топтық кезеңдегі Бразилия Аргентинаны 3:1 есебімен ұтты. Сантананың шәкірттері 12-минутта-ақ есеп ашып үлгерді. Айып соққысын орындаудың айтулы шебері Эдер қарсы алдындағы 6 адамдық тосқауылдан асыра соқты. Доп маңдайшаға соғылып, кері ұшқанда, оған бәрінен бұрын Зико жетті – 1:0. Естерін екінші таймда жиған аргентиналықтар ала құйын шабуылға шығып, қорғанысқа қарайлауды ұмыта бастады. Сондай сәттердің бірінде доп кейін серпіліп, Зиконың аяғына ілікті. Оған бірнеше қорғаушы қатар ұмтылды. Мұны көрген Фалькао оң қанатта бөлектене берді. Зико жол тосқандарды бірінен соң бірін артқа тастап, допты аса бір дәлдікпен Фалькаоға жеткізді. Ол допты қақпаның сол жақ бұрышындағы Сержиньоға әуелетіп тастады. Сырықтай бойшаң шабуылшы баспен ұрып, есепті еселеді. Ойын тағдыры шешілді. Командалар матч соңына қарай бір-бір гол ғана соға алды, бірақ олар түпкі нәтижеге еш әсер еткен жоқ. 87-минутта өз дәрменсіздігіне әбден ызаланған Марадонаның жүйкесі сыр беріп, бразилиялық Батистаны іштен теуіп құлатты да, алаңнан қуылды. 1982 World Cup Finals. Second Phase. Barcelona, Spain. 2Jnd July, 1982. Brazil 3 v Argentina 1. Brazil's Zico (10) celebrates scoring his side's first goal past Argentina's goalkeeper Ubaldo Fillol Бразилия – Аргентина – 3:1. Зико есеп ашты.   Сөйтіп, бұл топтан жартылай финалға берілер жолдаманы Италия мен Бразилия сарапқа салатын болды. Еуропалықтарға тек жеңіс қажет болса, оңтүстікамерикалықтарды тең ойын да қанағаттандыратын еді. Бұл өзінің қайталанбас драмалық сюжетімен жанкүйер жадында мәңгі қалған матч болды. Осыған дейінгі төрт ойында бірде-бір гол соқпаған Паоло Росси кенеттен нағыз мерген боп шыға келді. Бұл – үш әлем чемпионатына барған шабуылшының жалғыз хет-тригі еді. Рас, Бразилия да күшті ойнады: алғы шепке жалғыз Сержиньоны жіберген олардың шабуылын оң қанаттан Фалькао, сол қапталдан Эдер, ортадан Зико демеп жібергенде кез келген қарсыластың басы айналып қалардай еді. Команда капитаны Сократес болса, бүкіл ойын тізгінін өз қолында ұстады. Мамандардың ешқандай жүлдеге қолы жетпеген 1982 жылғы Бразилия құрамасын 1970 жылғы чемпион-командамен қатар қоюы тегін емес. Фалькао таразы басын теңестірген 68-минутқа дейін Дино Дзофф қорғаған Италия қақпасының маңында оннан астам (!) гол соғуға қолайлы сәттер туындады. Бірақ «Скуадра адзурраның» қақпашысы мен қорғанысы мығым екен, бәріне төтеп берді. Бұл жерде Теле Сантананың өз жігіттерін «тек алға!» деген ұранмен тәрбиелеуі де өз әсерін тигізді. Әйтпесе есеп теңескен соң сол нәтижені сақтауды ойлап, дереу кейін шегінсе, негізінен жылдам қарсы шабуыл тактикасын ұстанатын Италия құрамасы бразилиялықтардың қорғаныс шебін бұзып өту-өтпеуі неғайбыл еді. Алайда тең нәтижеге қанағаттанып үйренбеген Бразилия футболшылары тактикалық тұрғыдан қателесті. Сәкен СЫБАНБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Келесі жаңалық
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20