Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

09.06.2014, 01:51
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   5-орын. БРАЗИЛИЯ-1958 Негізгі құрам: Жилмар – Де Сорди, Беллини, Орландо, Н.Сантос – Зито, Диди – Гарринча, Вава, Пеле, Загалло. Бас бапкер – Висенте Феола. feola 1958 жылғы Бразилия құрамасы – футбол тактикасына төңкеріс әкелген команда. 50-жылдардың аяғына дейін әлемнің үздік командалары негізінен 3 қорғаушы – 2 жартылай қорғаушы – 5 шабуылшы тактикалық жүйесімен ойнап келді. Ал Бразилия 1958 жылғы доп додасының алғашқы ойынынан бастап-ақ алаңға 4-2-4 жүйесімен шығып, қарсыластарын да, мамандарды да таң қалдырды. Қақпада Жилмар тұрды, ортада бұрынғыдай жалғыз емес, екі бірдей қорғаушы орналасты (Беллини мен Орландо), ол екеуі тылды берік ұстағандықтан қос қапталдағы қорғаушылар (Де Сорди мен Нилтон Сантос) шабуылға жиі-жиі араласып жүрді. Артқы шеп қимылының әлдеқайда ширағанын команданың жартылай финалға дейін қақпа құлпын берік ұстауынан байқауға болады. Алаң ортасын Диди мен Зито билеп-төстеді, ал шабуыл шебіне бас бапкер В.Феола әуелгі екі ойынға Жоэл, Алтафини, Дида және Загаллоны қойды. Екінші ойында Англияны ұта алмаған соң, ардагер футболшылардың кеңесіне сүйенген Феола алғы шептегі үш жігітті ауыстырып, олардың орнына 17 жасар Пелені және Гарринча, Вава сынды талантты ойыншыларды шығарды. Бұл шешім өзін жүз пайыз ақтады: аталған шабуылшылардың өте шебер ойынының арқасында бразилиялықтар КСРО құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді – екі голды да оң қапталда қалауынша ойнақ салған Гарринчаның пастарын пайдаланып, Вава соқты. Brazilian star Garrincha who played in the 1958 World Cup Finals in Sweden photographed in a match before the Finals. Гарринча оң қанатта ойнақ салды. Бразилия ширек финалда Уэльсті ұтты (1:0, голды жас талант Пеле соқты). Бұдан әрі команданың ойыны тіптен ширай түсті. Жартылай финалдағы француздармен ойында олар 2-минутта-ақ есеп ашып үлгерді: Гарринча мен Пеле допты бір-біріне бере қақпақылдап алып келді де, болашақ футбол королі қайда жүгірерін білмей қалған қорғаушылардың арасынан Ваваға әдемі пас шығарып берді – 1:0. Бірақ француздар да қарап қалған жоқ: 9-минутта осы чемпионаттың сұрмергені Фонтэн есепті теңестірді. Бұл – Бразилия құрамасының осы чемпионатта жіберіп алған тұңғыш голы еді. Көп ұзамай Гарринча екінші допты қақпаға енгізіп еді, уэльстік төреші Гриффитс жоқ жерден офсайд ойлап тауып, голды есептемей қойды. Қаны қарайған Гарринча мен оның әріптестері дереу төрешіге дүрсе қоя беріп еді, команда капитаны Беллинидің: «Доғарыңдар! Біреуіңді алаңнан қуып шықсын дейсіңдер ме? Оған да керегі сол боп тұр ғой!» – деген айғайынан соң сап басылды. 35-минутта француз қорғаушысы Жонке ауыр жарақат алып, ойыннан шығып қалды. Соны күтіп тұрғандай бразилиялықтар керемет шабуыл ұйымдастырды. Допты Диди тура орта тұспен алып келе жатты, Гарринча оң қапталда, Пеле сол жақ бетте онымен қанаттаса жүгірді, үнемі алда жүретін Вава тіпті айып алаңына еніп те қалып еді. Француз қорғаушылары осы үш шабуылшының біріне пас беріледі деген оймен солардың жолын кес-кестей берді де, Дидидің алды мүлдем ашық қалды. Жартылай қорғаушы көп ойланып жатпай қақпаны алыстан дәл көздеп, латынамерикалықтарды алға шығарды! Ал екінші таймда азшылықта қалған қарсыластарын Бразилия ойыншылары шемішкеше шағып тастады – 5:2 (Пеле «хет-трик» жасады). Тура осындай есеппен бразилиялықтар финалда Швецияны тізе бүктірді. Осыған дейінгі барлық ойындарға қатысып келген оң қапталдағы қорғаушы Де Сорди жартылай финалда жарақаттанып қалғандықтан, шешуші матчта оның орнын Джалма Сантос басты. Қызық болғанда, ақтық бәсекенің есебі осы Джалма мен оның тектес серігі Нилтон Сантосты жас балаша алдап өткен Лидхольмнің тамаша соққысынан соң ашылды. Сөйтіп, осы чемпионатта тұңғыш рет бразилиялықтар қарсыласынан бірер сәт ұтылып тұрды. Алайда арада 5 минут өткен соң-ақ Вава таразы басын теңестірді, ал бірінші таймның соңына таман тіпті өз командасын алға шығарып та үлгерді. Финалдағы үздік ойыншының бірі – жанкүйерлер арасында «Қара ханзада» атанған ойлы орталық жартылай қорғаушы Валдир Перейра Диди болды. Оның бұл матчтағы 52 пасының бәрі де әріптестеріне дәл жетті. 100 пайыз! Яғни, ол бір рет те қателеспеді деген сөз. Француз журналисі Габриэль Ано «Франс футбол» журналында: «Диди өз пастары арқылы команданың бүкіл ойынын ұйымдастырып, шабуылшыларға қажетті қарқын тауып беріп отырды. Қорғаныс шебіне де дер кезінде қол ұшын созып, көмек берумен болды. Әттең, оның онша көп гол соқпайтыны-ай! Әйтпесе чемпионаттың басты жұлдызы өзі болатын еді», – деп сүйсіне жазды. Фин-58 Финалда 17 жастағы Пеле екі гол соқты.   Ойынның екінші бөлігінде болашақ даңқты бапкер Марио Загалло есепті еселей түссе, ол кезде әлі 18-ге де толмаған Пеле тағы екі доп енгізді. Жалпы финалдағы бес голдың үшеуі Гарринчаның пастарының арқасында соғылды. Сөйтіп, 28 жыл күткен қуаныш – Нике құдайы бейнеленген алтын кубок Бразилияға аттанды. Бра-58 Бразилия тұңғыш рет чемпион атанды.   Сәкен СЫБАНБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров