Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

10.06.2014, 18:50
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   3-орын. ИТАЛИЯ-1982 Негізгі құрам: Дзофф – Джентиле, Ширеа, Колловати, Кабрини – Ориали, Тарделли, Антониони, Конти – Росси, Грациани. Бас бапкер – Энцо Беарзот.

 Энцо Беарзот-1982

1982 жылғы Италия туралы екі түрлі пікір айтуға болады. Әуелгісі – бірінші топтық кезеңде тең ойыннан көз ашпаған, аса сақ, шаршаулы команда. Кейінгісі – екінші кезеңде қарсы келгеннің бәрін бет қаратпай ұтқан қайсар, ғажайып ұжым. Бұл қалай? Шынымен-ақ екеуі бір команда ма? Иә, бір команда. Кейін белгілі болғанындай, бастапқыда Беарзот-бапкердің жігіттері дайындық кезіндегі ауыр жаттығулардың салдарынан әлі толық бабына келе алмаған екен. Польшамен (0:0), Перумен (1:1) және Камерунмен (1:1) тең түскен Италия футболшылары қарсыластарын ештеңемен таң қалдыра алмады. Сөйтіп, «Скуадра адзурра» Камерунға қарағанда бір доп артық соғуының арқасында ғана (2:2, ал африкалықтарда 1:1) жарысты жалғастырды. Бұл кезде ешкім де оларды әлем чемпионы болады деп ойлаған жоқ еді. Екінші кезеңге ілініп-салынып әрең шыққан италиялықтар күтпеген жерден Оңтүстік Американың азуын айға білеген қос арыстанын жерге қаратып кетті. Э.Беарзоттың «Менің жігіттерім өз шеберлігін жарыстың екінші сатысында көрсетеді, Италия футболшыларының кереметтігін сонда көресіңдер» деген сөзінің растығына жұрт сонда көз жеткізді. Ауыр жаттығулардың бастапқы ауыртпалығы басылып, қимылы ширай түскен олар енді 90 минут бойы тынбай жүгірсе де, шаршамастай бабын тапты. Италиялықтар Аргентина командасына қарсы сұмдық прессинг қолданды. Допты ұршықша үйіретін Кемпес пен оның серіктері мүлде алға жылжи алмады. Қорғаушы Джентиле 90 минут бойы қарсылас ойынының негізгі ұйымдастырушысы Марадонаның көлеңкесіне айналды. Алғы шеп майталманының аяғы тұсалып, адымы тарылған соң, Аргентина құрамасының шабуылы азусыз болды. 2:1 есебімен Италия жеңді. Жартылай финалға берілер жолдаманы Италия мен Бразилия сарапқа салды. Еуропалықтарға тек жеңіс қажет болса, оңтүстікамерикалықтарды тең ойын да қанағаттандыратын еді. Осыған дейінгі төрт ойында бірде-бір гол соқпаған Паоло Росси кенет өзінің нағыз мерген екенін танытты! Бұл – үш әлем чемпионатына барған шабуылшының жалғыз хет-тригі еді. Осы ойында италиялықтар өздерінің даңқты каттеначчосы (тасқамал қорғанысы) мен жылдам қарсы шабуылдың кереметтей келісім тапқан үлгісін көрсетті. Алдыңғы ойында Марадонаның адымын аштырмаған Джентиле бұл жолы Зиконы құрсаулап ұстады. Жартылай финалда әбден бабына енген Беарзоттың шәкірттері поляктарды онша қиналмай-ақ ұтты – 2:0, Росси дубль жасады! Росси Чемпионаттың ең мерген шабуылшысы – Паоло Росси. Финалда Италия құрамасы батысгерман футболшыларынан айқын басым түсті. Ұжымдық ұйымшыл ойынның нағыз үлгісін көрсеткен Энцо Беарзоттың жігіттері сондай-ақ ерік-жігерінің де мықтылығын танытты. Дәл осы ойындағы италиялықтар тап болған қиындық кез келген команданың сағын сындырардай еді. Өзіңіз санамалап көріңіз: біріншіден, жартылай финалда жарақат алған негізгі диспетчер Антониони финалға қатыспады. Екіншіден, нағыз бәсеке бастала бергенде шабуылшы Грациани иығын шығарып алып, ойынды жалғастыра алмады. Үшіншіден, финалдық матчтарда сирек берілетін 11 метрлік айып добын Кабрини далаға тепті! Мұншама сәтсіздіктің салмағына шыдау оңай ма? Бра-Тар Финал. Италиялық Марко Тарделли неміс Пауль. Бірақ Италия шыдады. Шыдап қана қоймай, жеңіс үшін жанын салып ойнады. 57-минутта қорғаушы Джентиленің оң қанаттан тастаған добына қос команданың бес-алты ойыншысы қатар ұмтылды, бірақ, шабуылшылық һәм мергендік түйсік дегенді қойсаңызшы, допқа бәрінен бұрын Росси жетті – 1:0. Арада он шақты минут өткенде тағы бір қорғаушы – Ширеа ойынды ширықтырып алға ұмтылды. Немістер жапа-тармағай қарсы шықты. Ширеа допты өзінің соңында келе жатқан Тарделлиге сырғыта салды. Алыстан қатты соғылған допқа Шумахер тосқауыл бола алмады. Дегенмен финалдың үздік ойыншысы Конти еді. 90 минут бойы бір тынбаған жартылай қорғаушы соңғы минуттарда да жанкештілік танытып, допты 40-50 метрдей жерге жетектеп апарды да, Альтобеллиге дәл тастады: шабуылшы қарсы шыққан қақпашыны алдап өтіп, үшінші допты соқты. Немістердің тек бір голмен жауап беруге ғана шамасы келді. Италия-82 Италия құрамасы – әлем чемпионы. Сөйтіп, Италия құрамасы өз тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанды. Энцо Беарзот сонау 60-жылдардың соңында қалыптаса бастап, 70-жылдары сәнге айналған 4-4-2 тактикалық жүйесін нағыз классика деңгейіне көтерді. Бір қызығы, олардың қаптал қорғаушыларының бірі – Кабрини бүкіл иелігін жалғыз өзі билеп-төстеді, бұл қанатта оған ешкім серік болған жоқ. Ал оң қанаттағы Джентиле болса, негізінен тылға ғана көңіл бөлді де, жартылай қорғаушы Контидің тынысын кеңітті. Алаң ортасындағы үштіктің екеуі (Ориали мен Тарделли) көбінесе қорғаныстан тез шабуылға өтуді ұйымдастырушылар және артқы шептің мығымдығына жауаптылар еді, ал Антониони диспетчер міндетін атқарды. Мамандарды бәрінен де Италия құрамасының шабуылда да, қорғаныста да серіппедей ұйымдаса қимылдауы тәнті етті. Сәкен СЫБАНБАЙ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров