Қазір фанаттар көп. Діни, саяси, музыкалық фанат дейсің бе, түр-түрі бар. Біздің айтпағымыз - футбол фанаттары жайында.
Нөмірі бірінші спорт падишасы саналатын футболды қазіргі таңда әлем жұртшылығы жаппай тамашалайды. Әлемнің түкпір-түкпірінде болып жататын сол футбол матчтарының соңы үлкен қақтығысқа ұласып жататын жайлар жиі кездеседі. Жеңілген жақтың жанкүйерлері жаппай көшеге шығып, жарнама тақталарын құлатып, жолындағыларды қиратып, өртей бастайтынын, бұнымен қоймай, фанаттар полицейлерге қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларына шөлмектер мен тас лақтыратынын, жанжал кезінде қаншама адамның зардап шегетіндігін көгілдір экран арқылы талай тамашалаған да боларсыз.
Теңбіл доп десе, шекесі тепсініп шығатындардың кесірінен әлемде қаншама жанкүйер опат болған десеңші. Футбол фанаттары мен полицияның қақтығысы кезінде ондаған полиция қызметкері қаза тапқан оқиғалар да аз емес. Полиция көзден жас ағызатын газ пайдаланса, бүлікшілер көліктерге жарылғыш құрылғылар лақтырып, төбелес соңы үлкен өртке ұласқан қайғылы жайлар да бар.
Футболдың отаны қашаннан Англия саналады. Футбол фанаттарының тарихы да өзінің бастауын сол тұманды Альбион жағалауынан алады. Сонау ХІХ ғасырда-ақ Англия футболы өзінің тәртіпсіздіктерімен тарих қойнауына енген. Дегенмен, күні бүгінге дейін өріс алып отырған қазіргідей футбол бүлігі Англияда 1950-жылдардың соңында қарқын алды деуге болады. 1970 жылдардың аяғында ағылшындардың ішкі проблемасы шекараны аттап өтіп, бүкіл Еуропаны жайлап алды. Бұған жоғары билік араласып, фанаттардың кейбірі өмір бойына темір торға жабылды, кейбіріне футбол матчтарына баруға қатаң тыйым салынды. Ақырында технологияның дамуымен стадионды бақылау камерасымен түгел жарақтандырғаннан кейін ғана тәртіп бұзушыларды анықтау оңайға түсіп, бұзақылық едәуір саябырсығандай болды. Бірақ мұнымен ойын соңынан кейін болатын қанды қақтығысты толықтай тоқтату мүмкін болмады. Мәселен, 1985 жылы Бельгияның «Эйзель» стадионында болған Еуропа чемпионатының финальдық матчында «Ювентусь» пен «Ливерпуль» командаларының кездесуінде болған тәртіпсіздіктердің үстінде 39 жанкүйер қайтыс болды. Одан бөлек, 600 адам қатты жарақат алған. Көз жұмған 39 адамның ішінде 32 итальяндық, 4 бельгиялық, 2 француз, 1 ирландық азамат болған. Матчты ұйымдастырушылар сол кезде қауіпті қателік жіберген - жарысып жатқан командалардың жанкүйерлерін екіге бөліп отырғызу ойларында болмаған. Нәтижесінде қызу қанды англиялық және итальяндық фанаттар матч басталар сәтте-ақ төбелес бастап жіберген. Қайсы жақтың бірінші болып бүлік шығарғаны осы кезге дейін белгісіз болып келеді, екі жақ бірін-бірі кінәлайды. Қабаған ит ұстаған полицияның көзі шатынағандарға шамасы келмеген. Итальяндықтар үрейленіп қаша жөнелген. Адамдардың нөпір тасқыны кезінде кірпіш дуал құлап, талай адам аяқ астында жаншылып өлген. Осы оқиғадан кейін УЕФА ағылшын клубтарының еурокубқа қатысуына үш жылға дейін шектеу қойды, ал «Ливерпульді» бес жыл бойы жарысқа қатыстырмады.
1989 жылы 15 сәуірде Англияның «Хиллсборо» стадионында 96 (тоқсан алты) ливерпульдық жанкүйердің қайтыс болуы мен 766 адамның ауыр жарақат алуы әлемдік футбол көрермендерінің төбе шашын тік тұрғызды. Ағылшындардың осы оқиғадан кейін біраз уақытқа дейін стадионнан футбол ойынын тамашалауға жүректері дауаламай қойған.
Сол кезде осынша адамның өлуіне полицияның ойынға келген мас жанкүйерлерді стадионға билетсіз жіберулері себеп болғанға ұқсайды. Трибунада отырған көрермендердің үсті-үстіне тоғытылған адамдардың көптігінен тұншығып, дем алуларының өзі қиынға соққан. Төбелес шығып, ойран-топан басталған соң, «Ливерпуль» командасының фанаттары талып құлаған адамдарға қолдан жасанды дем берген полицейлерді ұрып-соғып, өлген адамдардың үстіне дәрет сындырған, қойны-қоныштарын тексеріп, ақша, қымбат зат іздеген.
Ал бұрынғы КСРО-да 1970 жылдардың соңында футбол фанаттарының тосын тірлігі КГБ-ның назарын жіті аудара бастады. Бұған кеңестік билік антикеңестік қозғалыс ретінде қарады. Нәтижесінде қызу қанды жанкүйерлердің көбісі ЖОО-дан шығарылды, жұмыстан қуылды. Осыған қарамастан мәскеулік «Спартактың», киевтік «Динамоның», ленинградтық «Зениттің» жанкүйерлері 300-400 адам болып басқа қалаларға барып тәртіпсіздік жасауын тоқтатқан жоқ. Ара-тұра жастардың футбол үшін топ-топ болып өзара төбелесуі үйреншікті көрініске айналды. Билік басына Горбачев келгеннен кейін КСРО-дағы футбол фанаттары тынысын кеңінен ала бастады. 1987 жылы кеңестік футбол тарихында жаппай ірі төбелес орын алды. КСРО чемпионатында киевтік «Динамо» мен мәскеулік «Спартак» командаларының ойыны кезінде Киев қаласының қақ ортасында 450 мәскеулік фанат қырғын төбелес салды. 1990 жылы мәскеулік фанаттар Чехияның астанасы Прагаға келіп, қала орталығында қоғамдық тәртіпті бүлдірді. КСРО-ның құлауымен біраз уақыт тынышталған фанаттар 90-жылдардың ортасынан бастап қайта бас көтерді. Әсіресе, мәскеулік екі клуб - «ЦСКА» мен «Спартактың» фанаттары бұзақылық жасауымен аты шықты. 1997 жылы осы екі команданының ойыны кезінде фанаттар арасында жаппай қырғын төбелес шығып, милиция тарапынан қару қолданылып, 170 мәскеулік ұсталған. 1999 жылы фанаттар мен ОМОН-ның арасында өрбіген он бес минуттық төбелестен соң «Спартак» пен «Сатурнның» ойынын орта жолдан үзуге тура келген. Стадионның инфрақұрылымы сол кезде қатты бүлінген. Мұндай мәскеуліктер тарапынан болған төбелестер Украина мен Белоруссиядағы футбол ойындары кезінде де бірнеше рет орын алды. Әлем чемпионаты кезінде Ресейдің ұлттық командасының Жапония командасынан ойсырай жеңілуі кезінде жастар 2002 жылы 9 маусымда Мәскеудің қақ ортасында жаппай төбелес шығарып, бүлік біраз уақытқа дейін тыншымай тұрғаны белгілі. Сол кезде «Манеж» алаңында болған жаппай тәртіпсіздіктерге 8 мыңнан аса адам қатысып, төбелестен 75 адам жарақат алып, олардың 49-ы ауруханаға түскен, бір адам пышақ жарақатынан сол жерде қайтыс болған. Мәскеу милициясының хабарлауынша, 130 тәртіп бұзушы адам қолға түскен. Фанаттарды тәубесіне келтіру үшін милиция табельді қару қолдануға мәжбүр болған. Тәртіп сақтаушылар аспанға тоғыз рет оқ атқан. Милицияның дерегінше, Мәскеу орталығында 8 таксофон, 36 дүкен, бірнеше троллейбус қиратылған. 107 автокөлік төңкеріліп, оның 9-ы өртеліп жіберілген. Ресейде орын алған «Спартак» командасының жанкүйері Егор Свиридовтың өлімі ұлтаралық саясатқа дейін ушыққанын айтсақ, футбол фанаттарының қоғам үшін қаншалықты залалды екенін байқауға болады.
Соңғы жылдары футбол фанаттарының төбелесі Шығыс Еуропада, Ресей, Польша, Белоруссия, Украина, Болгария, Сербия мен Хорватияда жиі көрініс беруде.
Атам қазақтың аңшылыққа құмарлығын өзімізге қандас түріктердің футболға құмарлығымен теңестіруге болады. Футбол болатын күн - түріктер үшін үлкен мейрам. Әсіресе, «Галатасарай» мен «Фенербахче», «Бешікташ» секілді күшті командаларының арасындағы кездесулерге бір ай бұрын билет бітіп қалады. Тіптен алып алаңдардағы үлкен экранның алдында да ине шаншар жер болмайды. Ондай кезде тамашалаушылардың жартысынан көбі сары қызыл түсті шарф, футболка (Галатасарайдың түсі), ал қалған бөлігі қою көк пен сары түсті (Фенербахче) шарф тағынады. Түріктер футбол үстінде өте қызуқанды келеді. Фанаттар бір-біріне пышақ жұмсап, адам өлімі орын алған жайлар бұл елде де жиі кездеседі. Кейде футбол фанаттарының тірлігі саяси сипат алады. Мәселен, Түркияның «Бешикташ» және еврейдің «Маккаби» футбол командаларының кездесуі алдында, Ыстамбұлда түрік фанаттары Израильге қарсы шеру ұйымдастырған. Осылайша, жергілікті халық еврей клубының ойыншылары мен жанкүйерлерін ашу-ызамен қарсы алған. Ереуілшілер көшеге Палестина автономиясының туларын ұстап шыққан. Ал Израиль туын өртеп жіберген.
Теңбіл доп десе, арқасы ұстап, делебесі қозып кететіндердің қызығы мұнымен таусылмайды. Өз елінің емес, өзге елдің клубы десе, өзегі күйетіндер де көп. Тіпті стадионда сайран салған жалаңаш сылқымдар да кездескен көрінеді.
Ақтан ҚОҢЫР |
Біздің серіктес: FONBET