Жарнама
Жарнама

Футбол федерациясы сауатсыз ба?

13.04.2011, 19:57
Жарнама
Жарнама

Еліміздің футбол федерациясының ресми сайты (kff.kz) қазақша «сөйлей» бастағанда, қуанғанымыз рас. Мемлекеттік тілді кешеуілдеп болса да меңгерген құзырлы орынның бұл қадамына ақ жол тілегендердің қатары да көп болды. Игі бетбұрысқа тілеулес ниетімізбен бастапқыда федерация сайтындағы (қазақша бөліміндегі) кемшіліктерге көз жұма қарағанымыз шындық. «Көш жүре түзеледі», уақыт өте келе олқылықтың орны толар» деп сендік. Бірақ өкінішке қарай, ә дегеннен-ақ, бір бүйіріне қарай қисайған сайттың қазақ бөлімі түзелер емес. Қазақ журналистикасы аудармамен «ауырады» деп диагноз қойылғалы да біраз болды. Бұл сырқат шынымен де, уақыт өткен сайын асқынып бара жатқандай. Қазір орысшадан тікелей аударыла салған мәтіндер қазақ баспасөзін ала тайдай бүлдіріп барады. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты да осындай жолды таңдаған сыңайлы. Ондағы қазақ бөліміне кімнің жауапты екенін білмейміз, бірақ, кездесулер қорытындысын баяндаған мәтіндерден ерінбегеннің бәрі қате таба алады. Әрине, қатенің ұсақ-түйегі болмайды, дегенмен көзіңді атыздай ететін «ірілері» де кездеседі. Мәселен, Қазақстан футбол федерациясының сайтынан «Матчтарды соттайды» деген арнайы бөлімді кездестіресіз. Бір қарағанда, расымен де ереже бұзылған кездесулер жайлы айтылған шығар деп қаларыңыз анық. Бірақ «Бақсақ, бақа екен», бұл жерде орыстың «Матч судят» деген сөзін әпенді аудармашыларымыз тікелей аударған екен. Яғни олар «Мынандай-мынандай кездесулерге осы төрешілер қазылық етеді» деген ойды жеткізудің басқа жолын таппаған көрінеді. Еліміз футбол федерациясының қазақ тілін өркендетуге деген түзу ниетіне тағы да алғысымызды айтамыз. Бірақ алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермесе екен деп тілейміз. Шалқар ЕСТЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров