Жарнама
Жарнама

ФУТБОЛ МЕН САЛЫҚ

20.11.2012, 09:11
Жарнама
Жарнама

Францияның жаңа президенті  Франсуа Олланд елдегі миллионер футболшылардың соңынан май шам алып түсті. Ол доп қуғандардың жалақысы көптігін ескере отырып,  футболшылардың мемлекетке төлейтін салығының көлемін ұлғайтатын жаңа заңды қабылдағалы жатыр. Осы ретте биыл «Пари Сен Жермен» клубына ауысқан Златан Ибрагимович те жалақысының 75 пайызын Франция салық комитетінің қоржынына салып беруі керек еді. Абырой болғанда, клубтың катарлық басшылары бұл салықты өз мойындарына алып, Златанды зор шығыннан аман алып қалды. Францияда қабылдануы мүмкін жаңа заң  жылына 1 миллион еуродан жоғары табыс табатын футболшыларға қатысты. Футбол әлемінде үлкен ақшаның айналымда жүретіні рас. Ұлттық құрама ұтыла беріп, ішкі біріншілігіміз көп ешкімді қызықтырмаса да, отандық аяқдопшылардың жоғары жалақы алатыны шындық. Ал олар мемлекетке салық төлейді ме?

Әрине, футболшылар да адам. Олар да мемлекеттік қызметкерлер секілді өз жалақысының 10 пайызын салық қып төлейді. Яғни елдегі заңның футболшыларға да қатысы бар. Сондықтан, ойын нәтижесі оңды болмаса да, аяқдопшылардың асы адал екеніне күмән келтіруге болмайтын шығар. Қазақстан Республикасы Салық комитетінің басқарма бастығы Айсұлу Боранбаева да біздің бұл сөзімізді құптайды. «Еліміздегі футболшылар айлық еңбекақыларының 10 пайызын мемлекетке аударады. Тек, Олимпиада чемпиондары ғана заң бойынша салықтан босатылған», – дейді салық саласының маманы. Ал Қазақстан чемпионатының көрігін қыздырады деп аттай қалап алдырған, кейін жергілікті ойыншылардың кеңінен көсілуіне мүмкіндік бермей жүрген легионерлер ше?! Биылғы маусымда Өзбекстан азаматтарына арқа сүйеген «Ақтөбе» футбол клубының ойыншысы Марат Бикмаевпен тілдестік. Қазақстан азаматтары секілді, өз жалақысынан ол да қазынаға ақша аударып тұрады екен. Өкініштісі, жылдық табысының көлемі мен салыққа ұсталған сомадан қалатын қаражатты жариялап айтуға құлықты емес. «Мен сізге салық төлейтінімді ғана айтқым келеді. Ал қалған сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын», – дейді Марат. Хош, ұлттық құраманың  мүшелерімен тілдестік. Құрама капитаны Қайрат Нұрдәулетов: «Оның жасыратын несі бар?! Мен барлық азаматтар секілді жалақымның 10 пайызын қазынаға аударамын», – деп іркілмей жауап берді. Қарағандылық «Шахтер» сапында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған Жамбыл Көкеев қанша сомада салық төлейтінін білмесе де, заң алдында арының таза екенін айтады. Жергілікті футболшылар мен легионерлердің салық төлеп жүргенін білдік. Бірақ легионерлер төлейтін салық мөлшері мен жергілікті футболшылардың салық көлемі арасында айырмашылық бар ма? Мүмкін, біздің біріншілікте қаптап жүрген Ресей мен Сербияның екінші сортты футболшылары үшін салық көлемін ұлғайту керек шығар?! Қазақстан футбол федерациясы бір матчта алаңға шығуы тиіс легионерлер санын көбейткен соң, көптеген жергілікті футболшылар жасыл алаң жиегінде қалатын болды. Нәтиже үшін шетелдіктерге арқа сүйеген клуб басшылығының бұл әрекетін де кінәлай алмаймыз. Себебі, легионерлер шақыру – әлемдік футболда бар үрдіс. Бірақ жас футболшыларымызды жолдан шығарған келімсектерге салынатын салық сомасын көбейтсек қайтеді?! Бұл пікірмен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының комментаторы Ермұхамед Мәулен келіспейді. «Егер легионерлерге салатын салықты көбейтсек, біздің чемпионатқа ешкім де келмейді. Бізде Англия, Испания, Франция біріншіліктері секілді, миллионерлер доп тебетін чемпионат жоқ. Сондықтан, бұл мәселені орынсыз деп ойлаймын. Мысалы, «Тараз» клубына сонау Сенегалдан Қазақстанға келіп доп тебетін ойыншының қыруар сомасын салыққа деп ұстап қалсақ, ол отбасын қалай асырайды? Мен легионерлерді қорғап тұрған жоқпын, бірақ салықты көбейтер болсақ, біздің біріншілікке ешкімді де тарта алмаймыз». Әлемдік БАҚ соңғы кезде «Реалға» көңілі толмай жүрген Криштиану Роналдудың бас ауруы осы салық дегенді алға тартады. Себебі, ол жасыл алаңда жанталасып жүріп тапқан жалақысының ¼ Испанияның салық комитетіне тапсырады. Бүгінгі таңдағы ең көп еңбекақы алатын футболшылар көшінің басында тұрмағаны үшін қапалы көрінеді. P.S. Бұл күндері  Қазақстан мен Ресей  азаматтығын қатар алып жүрген спортшылар, әсіресе футболшылар көп. Олардың салықты қалай төлейтінін білмекші болып, құзырлы орындарға хабарласқанда, мардымды жауап ала алмадық. Ал Қазақстан заңы бойынша, қос азаматтыққа рұқсат жоқ. Қазақстан футболында көп нәрсе құпия күйінде сақталады. Мессидің қанша айлық алатынын есептеп отыратын қазақ жанкүйері отандық аяқдопшылардың жалақысынан бейхабар. Сондықтан, жабулы қазан жабулы күйінде қала бермек... Тақырыпқа орай Бауыржан Сәрсекенов, балалар бапкері: Біздің біріншілікте қос төлқұжаты бар футболшылар өріп жүр. Олардың салықты қалай төлейтінін білмеймін, бірақ азаматтықты бір күнде ауыстыра салатыны анық. Қазақстан заңында қос азаматтыққа жол берілмейді, бірақ кейбір футболшыларға бұл заңның қатысы жоқ. Шеттен келген қандастарымызға арман болған азаматтық біздегі легионерлер үшін ешқандай мәселе емес. Ұлттық құраманың тізімін қарап көріңізші... Сидельников, Рожкова, Богданов, Дмитриенко, Коробкин деген Ресей мен Қазақстан арасында жүрген қосмекенділерді кездестіресіз.Олар біздің жергілікті футболшылардың нанын жеп жүр...

Алмас Маратұлы

жас қазақ газеті

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров