Жарнама
Жарнама

Футбол соғысы

09.11.2011, 06:29
Жарнама
Жарнама

Футбол – адамдарды достастыратын ұлы күш. Адамзат баласы ойлап тапқан ең асыл ойын деп айтамыз. Бірақ, оның кері тұсы да жоқ емес шығар. Айдың да арғы беті бар. Бұл жолы біз медальдің терісіне үңілсек.

Алдымен мая тайпасының бөлігінде, кейіннен ацтектер империясының құрамында болған осы күнгі Сальвадор мемлекетінің аумағында тұратын халықтар жайлы біз ең алғаш 1523-жылы испандардың жасаған саяхатынан білдік. Аймақты түгел жаулаған конкистадорлар үндістерді түлгел қырып тастаған еді. Тек осыдан 300 жылдан соң ғана Сальвадор тәуелсіздік алды. Оңтүстік Америкадағы аумағы ең кіші, әрі халқы өте тығыз орналасқан мемлекеттердің бірі болғандықтан Сальвадор ауылшаруышылық өндірісті жер тапшылығынан ары қарай дамыта алмай тығырықа тіреледі.

Ал Гондурас мемлекетінде халық саны аз шоғырланып, егістікке арналған бос алқаптың көптігі осы аймақтағы елдердің көбісінің қызығушылығын тудыртатын. Сонымен бірге, жақын жатқан елдерден Гондурасқа мыңдаған босқындар ауып келіп жататын. Соның басым көпшілігі Сальвадордан келген адамдар еді. Олар бос жатқан жерлерді басып алып, өз тіршіліктерін жасап, шаруашылықтарын ары қарай дамыта бастады. Тіпті, кейбір аудандар түгелімен осындай босқындардан құралып, бұрынғы Сальвадор азаматтарынан құралып жатты. 1960-жылдардың соңына қарай 300 мыңнан астам сальвадорлық Гондурас мемлекетінің бір бөлшегіне айналып үлгенген болатын.

Әрине мұндай жағдай Гондурас халқының наразылығын тудыртты. Саясаткерлердің ойынша бұл экономикалық тұрғыдан да өте тиімсіз жағдай тудыртты. Осының салдарынан Гондурас пен Сальвадор мемлекеттерінің арасындағы саяси жағдай ушығып кетті. Ал екі елде де диктаторлық әскери режим орнап тұрған кез-тін. Осы бір мәселені түбегейлі шешіп алу үшін аталған мемлекеттер тыңғылықты дайындалып, жағдайды біржақты қылуды көздей бастады.

Сальвадор мен Гондурас арасындағы 1969 жылғы қарулы қақтығыс осы күнге жеткен барлық анықтамаларда «футбол соғысы» деп тіркелген. Бұл соғыс небәрі алты күнге созылғанымен мыңдаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген жандарды жарақаттап кетті. Сонымен бірге босқындар саны да осы соғыстан соң бірнеше есе артты. Футбол бұл қақтығыстың арасындағы сылтау болып қана қызмет етті.

Ал әлемде тіркелген осы бір «футбол соғысының» қызығы былай басталған еді. 1969-жылдың маусым айында Сальвадор мен Гондурас ұлттық құрама командаларының арасында Әлем чемпионатына шығуға мүмкіндік беретін кездесу өтуі тиіс болатын. Алғашқы ойын 8 маусым күні Гондурас астанасы Тегусигальпа қаласында өтіп, онда алаң иелері 1:0 есебімен қонақтардан басым түседі. Шешуші голды олар ойынның соңғы минуттарында ғана соғып, сальвадорлықтарды жақсы нәтижеден қол үзім жерден қайтарады. Осы кезде стадионда жанкүйерлер арасында жанжал шығып, отшашудың түтінімен түк көрінбей трибуна қанға боялады. Екі елдің жанкүйерлері бір-бірлерін ешқандайда аяусыз таяқтың астына алады.

Келесі аптада тура осы теке тірестің жауапты ойынында Сальвадор командасы қарсыласынан айқын басым түсіп, 3:0 есебімен жеңіске жетеді. Сальвадорлықтардың осы ойынның алдында жеңіске жету үшін қолдан келген айланың бәрін қолданып баққанын айта кеткен жөн.

Алдымен олар қонақүйдің алдында түнімен ойыншыларға әртүрлі сарындағы мазақтау өлең-шумақтармен ұйқы бермейді. Ал Гондурастан арнайы осы ойынға келген жанкүйерлер жатқан қонақүйде түн ортасында өрт шығып, меймандар әуреге түседі. Түбі сол өрттің себебі анықталмай кетті.

Ойын бітісімен жанкүйерлер арасындағы теке тірес тағы да жалғасын тапты. Бұл жолы айқын басымдылыққа сальвадорлықтар ие болды. Жарақтануы мен санының артықшылығын молынан пайдаланған қонақ қабылдаушылар Гондурас азаматтарының біразын ауруханадан бірақ шығарды. Сан-Сальвадор сол түні қанға боялды. Қаншама дүкен мен көшедегі автокөліктер төңкерілді. Қаладағы қақтығыстың соншалықты ауқымды болғандығын шағылған терезелерден де анық аңғарып айтуға болар еді. Көшелер сынған терезенің шишасынан жүре алмастай болып жатты. Ал ауруханада ертесіне орын болмай, көпшілік дәлізге дейін созылды.

Осы жағдайдың әңгімесі Гондурасқа жетісімен жергілікті ағайын ашу-ызадан шыдай алмай сонда арзан жұмыс істеп жүрген сальвадорлықтарды таяқтың астына алады. Ол кезде екі матчтың нәтижесінен жеңімпазды анықтай салу деген тәртіп шыға қоймаған еді. Екі кездесуде қос қарсылас бір-бірін ұтқан соң, кезекте үшінші ойын тұрған болатын. 27-маусым күні Мехикода өткен шешуші ойында Сальвадор командасы 3:2 есебімен жеңіс тойын тойлап, Әлем біріншілігіне жолдаманы ұтып алады.

«Өлім матчы» аяқталысымен Гандурас радиосынан «салвадорлықтар біздің әнұран мен тууымызды сыйламай, аяққа таптады» деп хабар таратады. Бұл ақпарат елге тарасымен Гондураста өмір сүріп жатқан сальвадорлықтардың басына әңгір таяқ орнады. Мыңдаған босқындар шекараға қарай ұмтылып, өз отандарына жетуге асықты. Ал ол жақта дәл осы жағдайға ұқсас көріністер орын алып жатқан болатын.

Мұндай жағдайды сылтау ретінде пайдаланған екі жақ бұрыннан бері бастай алмай отырған әскери қимылдарына көшті. 24-маусым күні Сальвадор мемлекеті осы жағдайдың орын алатынын болжап, әскерге мылтық ұстай алатынның барлығын тегіс шақырып үлгерген болатын. 11 мыңдық әскер енді 60 мыңға дейін артып, үлкен күшке айналып шыға келді. 1969-жылдың маусым айының соңында Сальвадор бірден бас салған қарсыласқа төтеп бере алмай Тегусигальпаға дейін шегінуге мәжбүр болды. 70 шақырымға дейінгі жерді басып өтіп, футбол арқылы басталған соғыста жеңіске жеткен Сальвадор Гондурасты ойын және соғыс алаңдарында да тізе бүктіреді. Алғашқы күндері соғыс алаңына Сальвадор халқы өз еріктерімен көмек қолын созып, қаржылай демеушілік танытты. Себебі, бүкіл халық Гондурастың ойыншыларының алаңда көрсеткен футболға жат қылықтарына өштігіп қалған болатын. Соғыс басталған кезде радиодан сальвадорлықтар үнемі әлгі тарихи матчтың репортажын қайта-қайта қоя берді. Бұл соғыс алаңында шайқасқан солдаттарды жеңіске жетелеп, жігерлеріне қайтпас рух құйды.

Сальвадор әскерінде небәрі 38 тікұшақ және 34 ұшқыш қана болған екен. Ал мұндай үлкен байлықпен Гондурас мақтана алмады да. Кейбір тікұшақтар екінші дүниежүзілік соғыстан қалған ескі болды. Тіпті сарбаздар бомбаларды қолмен лақтырып тұрған жағдайлар да орын алған. Соғыс тек Америка мемлекеттерінің ұйымының араласуымен ғана тоқтады. Сальвадор сонда да Гондурастан қаржылай айып пен көршілес елдегі өз азаматтарының бейбітшілікте өмір сүруіне жағдай жасалынуын талап етті. Десе де, бұл талапты Америка мемлекеттерінің ұйымы қанағаттандыра қойған жоқ. Осыдан кейін амалы таусылған Сальвадор барша жаулап алынған аумақты Гондурасқа қайтарып берді.

Соғыс аяқталды дегеннің өзінде Сальвадор мен Гондурас мемлекеттерінің шекарасындағы ну ормандарда, таулы жоталарда соғыс оты бірден өше қоймаған еді. Бұл шайқастарда да салвадорлықтар басымдылыққа ие болып жатты. Екі мемлекет арасындағы бейбіт келісім «футбол соғысы» аяқталғаннан соң 10 жылдан кейін ғана іске асты. Ал 1992-жылы ғана Гондурас өзіне тиесі деген даулы жерлердің үштен екісін өзіне қайтарған соң, екі ел арасындағы жанжал толықтай бітті.

Ал енді Сальвадор ұлттық құрама командасының Мексикадағы әлем біріншігіндегі өнеріне көз жүгіртіп өтсек. Қаншама адамның қаны мен жанын сарп еткен осы жолдама түбінде аса қатты маңыздылыққа ие болмады. Сальвадор командасы топтағы үш кездесудің үшеуінде де жеңіліс тапты. Алдымен Бальгиядан 3:0, сосын Мексикадан 4:0, соңғы ойында КСРОдан 2:0 есебімен ұтылып қайтады. Сальвадор бұл әлем біріншілігінде бір гол да соға алмады. Бірақ бұл жерде Гондурастықтарға қарсы ойында ұлттық намыстың қамшы болып, ойыншыларды алға сүйреген еді. Ең басты матчта олар жеңіске жеткен болатын. Ал әлем біріншілігінде кіл мықтылардың арасында кез-келген нәтижеге де көз жұмып қарауға болады. Маңыздысы Сальвадордың орнына Гондурас әлем біріншілігінің ақтық сынына шыға алмай қалды.

«Футбол соғысынан» екі жақ та зардап шекті. Шекаралар жабылды, экономикалық қарым-қатынас тоқтады. Сауда-саттықтың шектелуімен халықтардың әл-ауқаты да төмендеп кеткен болатын. Кейбір деректерде осы соғыста үш мың адам қайтыс болған делінеді. Бірақ атақты польшалық журналист Рышард Капущинскийдің айтуынша 6 мың адам қайтыс болып, 12 мың жаралы болып, 50 мың адам босқын атанған. Барша ғаламды аралап шыққан атақты журналист өз ғұмырында талай соғыс пен революцияларды өз көзімен көрген тұлға екендігін айта кететін болсақ онда оның беріп отырған ақпаратына сенуге болады.

Бір қызығы «футбол соғысының» құрбандары осы күнге дейін шығып жатыр. 2001-жылы Гватемала джунглилерінің арасында 70 жасар Саламон Видес табылды. Осы заманның Робинзонына баланған ол сол соғыс кезінде Гватемалаға қашқан екен. Бірақ, оны Гондурас әскерлері ұстап алған. Десе де ол қашып құтылып қалың джунглиді паналайды. Содан бері ол жеміс-жидектермен қоректеніп келеді. Тіпті, соғыстың әлдеқайда ерте бітіп кеткенін де білмей жүре береді. Жыл санауды да шатастырмай жалғастырып тұруды жөн санайды. Тек 1997-жылы байқаусызда кездескен балықшыдан сұрастырып өзінің жарты жылға қателескенін байқайды. Адами түрде өмір сүруден арыла бастаған ол, тіпті сөйлеуді де ұмыта бастаған екен. Аң аулап жүргендер оған орманда қарсы келгенде ол: «Жақындамаңдар! Мен тірідей берілмеймін» - деген екен. Сонда Видестің ұғымында соғыс әлі бітпеген деген ой болған.

Сальвадор мен Гондурас арасындағы «Футбол соғысы» 100 сағатқа ғана созылды. Ал Видеске ол жарты өмірі, 30 жылға созылған.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров