Жарнама
Жарнама

Футбол тарихындағы естен кетпес камбэктер

03.12.2020, 23:00
Футболдың көркі - гол.
Жарнама
Жарнама

Футбол - әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі екені барлығымызға белгілі. Матчта гол көп болған сайын ойынның сәні кіреді. Ал біз бүгін осы спорттың тарихындағы үздік камбэктерді сөзге тиек ететін боламыз.

Екі команда да көп гол соғатын футбол матчын көрудің өзі бір ғанибет. Ондай ойын Англияның екінші дивизионында 1957 жылы 21 желтоқсанда болған екен. Лондонның «Вэлли» стадионында «Чарльтон» мен «Хаддерсфилд» өзара мықтыны анықтаған. 12 мың жанкүйер тамашалап отырған «Чарльтон» ойынды өте сүреңсіз бастаған. Кездесудің 10 минутында команданың жұлдызы Дерек Афтон иығын шығарып алып, алаң иелері бір футболшыға кем ойнауға мәжбүр болған. Ол кездерде ойыншы алмастыруға рұқсат етпеген. Қонақтар осы басымдылықты пайдаланып, 1:5 есебімен алға шыққан, ал мұндай ауырлыққа шыдамаған кейбір футбол фанаттары трибунадан кете бастаған. Матч аяқталуға 27 минут қалған сәтте «Чарльтон» Джон Райанның көмегімен бір гол соқты. Бұл доп команданың рухын бірден көтерді, әсіресе Джонн Саммерстің екінші тынысы ашылғандай болды. Айналдырған 17 минуттың ішінде төрт гол салып, «Чарльтонды» 6:5 есебімен алға шығарды. Ойынның бітуіне 4 минут қалған уақытта Стэн Ховард таразы басын теңестірді. Бірақ соңғы шабуыл кезінде Райан баспен гол соғып, лондондықтарға 7:6 есебімен жеңіс сыйлады. Аспаннан жаңбырша жауған голдар командалар арасындағы бәсекелестікті күшейте түсті. Бұл екі ұжымның одан кейін Англия Кубогының үшінші кезеңінде жолдары түйісті. Ол ойынға «тағы да голға толы матч көреміз бе?» - деген үмітпен 70 мың жанкүйер жиналған. Бірақ кездесу 1:0 есебімен «Чарльтонның» пайдасына аяқталған.

Англиядағы тағы бір есте қаларлық матч «Нортгемптон Таун» мен «Лутон Таун» арасындағы үшінші дивизионда 1927 жылы 26 желтоқсанда орын алды. Алғашқы тайм қонақтардың айқын басымдылығымен (0:5) аяқталды. Бірақ ойынның екінші кезеңінде «Нортгемптон» қайсар мінезінің арқасында 6:5 есебін тіркеп, жеңісті жұлып әкетті.

2003 жылы Финляндияда өткен 17 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы әлем чемпионатында үздік камбэктердің бірі орын алды. 20 тамыз күні Тампер қаласындағы «Ратина» стадионында Португалия құрамасы камерундық құрдастарын бірінші таймның қорытындысы бойынша 5:0 есебімен ұтып жатқан. Камерунды жарыс жолынан шығару үшін Португалияға жеңіліп қалмау маңызды болды. Бірақ африкалық команда естерін жиып, есепті теңестіріп тастады. Жеңіс тым жақын еді. Соңғы секундтарда қақпаның маңдайшасы камерундықтардың добын қайтарды. Шайқас ойын 5:5 есебімен тең аяқталды. Камерун жастары әлем чемпионатындағы жорығын тоқтатқанымен, өз елдеріне үлкен абыроймен оралды.

Финалда болған ұлы камбэк.

Чемпиондар Лигасында 2005 жылы 25 мамырда Стамбул қаласындағы «Ататюрк» стадионында өткен финалдық матчты білмейтін жанкүйер кемде-кем шығар? Италиялық «Милан» үзіліске дейін англиялық «Ливерпульдің» қақпасына жауапсыз үш гол салды. Паоло Мальдини алғашқы минутта есеп ашса, Эрнан Креспо 39, 44-минуттарда көзге түскен. Екінші таймда англиялық команда Стивен Джеррард ( 54-минут), чехиялық футболшы Владимир Шмицер (56-минут) және испан футболшысы Хаби Алонсоның 60-минуттағы голдарының арқасында таразы басын теңестірді. Ойын соңына дейін 3:3 есебі сақталып қалды. Экстра таймдада өзгеріс болмады. Пенальти сериясында «Ливерпульдің» голкипері Ежи Дудек екі соққыны тосты. Осылайша англиялық клуб бесінші рет «қалқанқұлақ» кубоктың жеңімпазы атанды.

Командалар өзара екі матч ойнайтын халықаралық жарыстарда осы күнге дейін көптеген камбэктер орын алды. 2003 жылдың наурыз айында Чемпиондар Лигасында дәл сол «Милан» испаниялық «Депортиво Ла-Коруньядан» 4:1 есебімен басым түсті. Алайда екі апта өткеннен соң «Депортиво» өз алаңында қарсыластарына төрт бірдей доп салып, турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Тура сондай жетістікке жеткен: бремендік «Вердер», 1988/89 жылғы Чемпиондар Кубогында берлиндік «Динамоға» қарсы – 0:3, қарымта матч 5:0; мадридтік «Реал», 1975/76 жылғы Чемпиондар Кубогында англиялық «Дерби Каунтиге» қарсы - 1:4, 5:1; сонымен қатар испаниялықтар 1985/86 жылғы УЕФА Кубогында Мёнхенгладбахтық «Боруссияға» қарсы – 1:5, сосын 4:0, қонақтағы голдың көмегімен келесі кезеңге өткен.

1984/85 жылы тағы да УЕФА Кубогында югославиялық «Партизан» алғашқы кездесуде англиялық «Куинз Парк Рейнджерске» 2:6 есебімен жол берді, бірақ екінші ойында төрт доп салып, жорығын әрі қарай жалғастырды. 1961/62 жылы Кубок жеңімпаздары кубогында португалиялық «Лейшоеш» бірінші матчта швейцариялық «Шо-де-фону» командасына 2:6 есебімен ойсырай ұтылды, алайда жауапты ойында 5 гол соғып, қарсыласын тас-талқан етті.

2017 жылы 8 наурызда «Барселона» футбол клубы Чемпиондар Лигасында үлкен ерлігімен көзге түсті. Олар турнирдің 1/8 финалында франциялық «Пари Сен-Жермен» клубымен күш сынасты. Алғашқы матч Парижде өтіп, француздар 4:0 есебімен жеңді. Бірақ каталондықтар мінез танытып, «Камп Ноу» стадионында 6:1 есебін тіркеді. "Барселона" сапында Луис Суарес (2-минут), Левен Кюрзава өз қақпасына (40- минут), Лионель Месси (50-минут), Неймар (88 және 91-минуттарда), сонымен қатар кездесудің бітуіне 20 секунд қалған кезде Серхи Роберто көзге түсіп, командасына тарихи жеңіс әкелді. ПСЖ құрамында жалғыз голды 62-минутта шабуылшы Эдинсон Кавани соққан болатын.


Мақаламызыдың соңын аргентиналық «Росарио» командасының жасаған камбэгімен аяқтасақ... 1995 жылы 12 желтоқсанда Конмебол Кубогының финалында бразилиялық «Атлетико Минейро» дәл сол «Росарионың» қақпасына алғашқы ойында 4 гол салып, жеңісті тойлатты. «Қалауын тапса қар жанар» - демекші араға апта салып аргентиналықтар «Хиганте де Арройито» стадионында бразилиялық клубты негізгі уақытта 4:0, ал кездесудің тағдыры шешілген пенальти сериясында 4:3 есебімен тізе бүктірді. Бірақ бұл жеңіс «Росариоға» оңай келген жоқ. Олай дейтін себебіміз «Атлетико Минейроның» қақпасын қорғаған Клаудио Таффарел, 1994 жылы Бразилия құрамасымен бірге АҚШ-та өткен әлем чемпионатының жеңімпазы болған.

Мақаланы «Футбольные Байки» кітабынан аударған Нұрсұлтан Нұрасыл

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров