Жарнама
Жарнама

«Футболда ең керегі – ұлттық рух»

04.07.2012, 23:39
Жарнама
Жарнама

Оңтүстік Қазақстан облысының Шарапхана ауылынан шығып «Ей, қу арақ» деген әнімен жұртқа танымал болған Өктем Алтаевты танитын боларсыздар. Міне, сол ағамыз редакциямызға келді. «Спорт бетіне кім жауапты? Айтар назым бар еді» деді. Әнші ағамыздың спортқа қатысты айтар қандай назы бар екен деген сұрақ баршамызды қызықтырды. Шынтуайтына келгенде, Өктем Алтаевтың бала кездегі арманы әнші емес, футболшы болу екен. Бірақ тағдырдың жазғаны болар, бүгінде ағамыз өнер әлемінде жүр. Алайда әлі күнге дейін футбол десе ішкен асын жерге қоятын азаматтың бірі.  

Жас қазақ: Өктем аға редакциямызға қандай мәселемен келдіңіз? Өктем Алтаев: Айтарым көп. Бірақ алдымен менің спортқа, оның ішінде футболға қандай қатысым бар екенімді айта кетейін. Әйтпесе айдан түскендей болып, футбол туралы айтып отырғанымды оқырман қауым түсінбей қалар. Естеріңізде болса, 1982 жылы Испанияда әлем чемпионаты болды. Футболға деген қызығушылығым сол додадан басталды. Ол кезде 14-15 жастағы бозбаламын. Аргентина құрама командасына жанкүйер болғаным есімде. Сол командада Марио Кемпес деген аяқдоп шебері ойнады. Бойы ұзын, келбетті жігіт болатын. Соны пір тұттық. Тіпті соның сәнді шашына еліктеп осы күнге дейін шашымды өсіріп жүргенім бар. Сол кезде Марадоннаның да жарқырап шығып жатқан кезі. Кейде аздап сурет салатын қырым да бар. Кемпестің суретін, ойындағы реттік санын салып, қабырғаларға іліп тастайтынмын. Ауылда малды ертеңгісін өріске шығарып, кешкісін күтіп алатынбыз. Кешкісін өрістен малымыз сегізде келетін болса, біз төрт сағат бұрын ерте жиналып футбол ойнаймыз. Өрістен мал келеді. Оны жайғаймыз да қайта ойынға кірісеміз. Футболға құмар болғанымыз соншалықты, допты жастанып жататын кезіміз болатын. Бірақ ол кезде қазіргідей былғары доп болған жоқ. Оны алу үшін аудан орталығына бару керек. Оның өзінде ол доп бізге бұйырмайды. Мектепке беріледі. Ал мектепте футболға қарағанда, волейболды дәріптейтін. Алайда волейболға арналған доп жеңіл болады. Тепсең дұрыс бағытта ұшпайды. Оның үстіне, тез жыртылып қалады. Мен жартылай қорғаушы болатынмын. Ауылдастарымның арасында өте жақсы ойнадым десем, артық айтпағаным болар. Жас қазақ: Атақты ресейлік спорт комментаторы Николай Озеровқа хат жазған кезіңіз де болған екен. Өктем Алтаев: Иә, Николай Озеровқа хат жазғам. Конверттің сыртына Мәскеу қаласы және редакцияның атын жазып жібере салдым. Бірақ мекенжайын көрсеткен жоқпын. Себебі, білмеймін. Ол хатқа бар орысшамды салып, былай деп жаздым: «Мен бесінші сыныпта оқимын. Футболды өте жақсы көремін. Бірақ бізде ойнайтын былғары доп атауымен жоқ. Резеңке доптармен ойнаған өте ыңғайсыз. Марио Кемпес, Марадонна, Олег Блохин сияқты футболшы болғым келеді. Қазақстанның бір кішкентай ғана ауылында тұрамын». Хатты жіберуін жіберіп алдым да, әбден күттім. Аптасына үйге үш рет газет келеді. Хат тасушы келгенде ат тұяғының дыбысын ести сала сыртқа жүгіріп шығамын. Осы жолы хат тасушы келе жатқанда аттың жүрісі басқаша болды. Сыртқа жүгіріп шығып едім қолыма үлкен конверт берді. Хатты бірден ашуға жүрегім дауаламады. Менің азан шақырып қойған атым – Октябрь. Хатқа да солай көрсеткем. Николай Озеровтың маған жазған жауабы мынадай: «Дорогой Олег» деп бастапты. Қателескен болу керек. «Егер де футболшы болғыңыз келсе, жүрегіңіз қалайтын кез келген қалаға, клубқа біздің хатымызбен барсаңыз болады. Талантты спортшылар ауылдан шығады». Осындай тілектерден құралған хатын маған жіберіпті. Кейін арманым орындалып, аудандық стадионда ойнадым. Сол жақта жаттығып, Алматыдағы спорт мектебіне тапсырамын деп жүргенде ағам үйленді. Біз барғанша құжат тапсыру уақытысы өтіп кеткен. Мен оқуға түсе алмай қалдым. Әйтпесе мені әнші ретінде емес, футболшы ретінде тануларыңыз әбден мүмкін еді. Ол кезде КСРО командасының жанкүйері болдық. Сейділдә Байшақов, Тимур Сегізбаев ағаларамыздың ойыны қандай тамаша еді. Маған ұлттық лигада ойнап жүрген команда­ларымыздың аты мүлде ұнамайды. Футболға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын атауларды қояды. Спорт деген ол – рух, жігер, күш, ұлттық намыс. Спортқа жігіттер көп барған соң кейде «жігіттік намыс» деп жатады. Қыздар барса да, ер мінездісі спортқа қадам басады. Командаларға да сол ұлттық намысты оятатын атауды қоюдың орнына «Ертіс», «Тобыл» деп атаған. Мәселен, «Ертіс» өзенінің футболға не қатысы бар. Командаға қандай рух береді? «Жетісу», «Ордабасы» деген командалар бар. Олардың спортқа қандай қатысы бар? «Қайрат», «Қайсар» деген атаулар қандай әдемі естіледі. Сол атқа сай болуы үшін футболшылар барын салады. Жас қазақ: Сонда «Қайрат» командасының ойыны көңіліңізден шыға ма? Өктем Алтаев: «Қайраттың» дәл қазіргі ойын өрнегі маған ұнамайды. Мен Кеңес Одағы кезіндегі «Қайратты» айтып отырмын. Оның үстіне, стадионға келгенде «Ақтөбе-Ленто», «Ертіс» деп айғайлап отырғаннан «Қайрат, Қайрат, Қайсар» деп отырғанымыз жақсы естіледі. Сенің ішкі жандүниеңді тербететін ат болу керек. Бұл – үлкен саясат. Команданың атын естігенде, қарсыласың қорқатын болуы керек. Жас қазақ: Негізі бізде ғана емес, өзге елдерде де жеріне қарай аталған атақты командалар бар ғой. «Барселона», «Бавария», «Реал Мадрид», т.с.с Өктем Алтаев: Олардың лақап аттары бар. «Барселонаны» «Қызыл Фурия», «Баварины» неміс «мәшинесі» дейді. Осы атауды естігенде-ақ команданың қандай қауқарлы екенін білесіз. Әр жердің намысын қайрайтын, рухты оятатын ерекшелігі болады. Соған орай қойса құба-құп болар еді. Тағы бір мәселе. Сырттан футболшы тартпаса деген тілек. Өзге елдің азаматына қанша ақша берсең де, оның қазақ үшін жаны ашымайды. Одан да сол ақшаға ауылдағы талантты жастарды тартып, соларды үйретсе. «Франция және басқа да футболы дамыған елдерде келімсектер мен өзге ұлт өкілдері бар ғой» деген де пікір бар. Бірақ оларда футболдың ерте дамығанын ескеру керек. Ұлттық рух, ұлттық намыс әбден пісіп-жетілген соң ғана олар футболды бизнеске айналдырып отыр. Біз әлі ол дәрежеге жеткен жоқпыз. Осылайша, олар өздерінің ұлттық командасы ретінде футболға деген сүйіспеншілігін арттырып алған. Ал бізде ұлттық құрамада кім ойнайтынын да білмейміз. Бізге келген келімсектің бәрі осы жерден көрініп алып, басқа жаққа кетуді ойлайды. Қазір жанкүйерлер стадионға баруды қойды. Жас қазақ: Сіз соңғы рет Алматының орталық стадионына қашан бардыңыз? Өктем Алтаев: Қазақстан мен Әзірбайжан ұлттық құрамаларының ойынын тамашаладым. Еліміздің футболшылары әдеттегідей жеңіліп қалды. Біздің деңгейімізді тіпті Өзбекстанның футболшыларымен салыстыруға келмейді. Жас қазақ: Бірақ біз Еуропа футбол одағының қатарындамыз. Өктем Алтаев: Иә, Азияны ұта алмай жүріп, Еуропаға шығып алдық. Біз математиканы оқымай жатып, алгебраға өтіп кеттік. Бір мен екіні қалай қосуды үйреніп алдық та, бәрін меңгергендей болып Еуропаның азулы командалар­ымен ойнағанды жөн санадық. Еуропа чемпионатын көріп жүрген болсаңыз, қай командада өз ұлты көп, солар жеңіске жетуде. Италиялықтардың ойыны қандай тамаша. Бұл жерде кәсібиліктен бұрын ұлттық рух жатыр. Испания ұлттық құрама футболшыларының басым бөлігі испандықтар. Олар да елі үшін, намыс үшін барын салады. Елімізде 16 миллион халық болса, соның 9 миллионы қазақтар. Ал қалған ұлт өкілдері «Қайрат» командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасы үшін, жанкүйер болмайды. Сол 9 миллион қазақ үшін құрама жасақтау керек. Өзге ұлт өкілдері осы жердің нанын жеп отырса да, қазақ үшін жаны ашып, жанкүйер болады деп үміттену бекер. Жас қазақ: Еуропа чемпионатын жібермей қарап отырған шығарсыз. Қай командаға бүйрегіңіз бұрады? Өктем Алтаев: Мен жалпы бастапқы да Аргентина футболшыларының жанкүйері болғам. Бірақ кейінгі уақыттары олардан көңілім қалды. Содан бері нақты бір команданың жанкүйері емеспін. Тек жақсы ойнайтын команданың жанкүйерімін. Бірақ Италияның рухы өте күшті. Балотелли келгелі бұл құрама, тіпті күшейді. Немістер күшті дейді. Бірақ олар өте сенімсіз команда. Жеме-жемге келгенде бастарын төмен түсіріп елдеріне қайтады. Мен осы дүбірлі доданы үйде отырып тамашалау үшін үлкен теледидар сатып алдым. Бірақ комментаторларымыз әбден көңілімді қалдырды. «Қазақстан» телеарнасының осындай ойынды тікелей эфирде көпшілік назарына ұсынып жатқанына ризамын. Қазақтілді комментаторлар біраз төселіп қалыпты. Алайда қателесіп жатқан тұстары да бар. Мәселен, Франция мен Испания ойнаған кезде комментаторларымыз шолу жасап, футболды ұмытып кетті. «Қақпашы қанат байласа да, бұл допқа жете алмайтын еді» деп қойып қалды. Суреттеген кезде де спортқа жақын терминдерді пайдалану керек. Қақпашыға қанаттың қатысы қанша? Стадионда қанат байлап алып, ұшып жүрген періштені елестеткендей болдық. Мен жанкүйер болып жүрген қақпашыны былай айтты: «Қақпашыны қаңғытып жіберді». «Қаңғу» деген жақсы сөз бе? Менің сол кезде, көзіме қаңғыбас иттер елестеді. Көшеде қаңғып жүрген бомждар елестеп кетті. Экранда әдемі қыздар көрініп еді «нәзік жыныстылар» деді. Қыздың жынысы нәзік болады деп кім айтты? Сөзден шатасқан болса,кешірім сұрау керек еді. Бұрынғы комментаторлар кәсіби сауатты болатын. Мен хат жазған Николай Озеров былай жүргізетін. КСРО-ның командасы ойнап жатыр: «Шабло, Блохин, Пехлеваниди, Чивадзе удар го-о-о-о-о-л» деп айғайлайтын. Бізде арқаланып орнымыздан атып тұратынбыз. Бізде олай футболшылардың атын айтпайды. Әлде танымай ма? Гол салынып біткеннен кейін «міне, ақыры көптен күткен гол болды» деп жатады. Спортқа қатысы жоқ, теңеулерді айтып жанкүйердің, көрерменнің сүйіспеншілігін жоғалтып алуда.

Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы

Тақырыпқа орай Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, белгілі спорт журналисі, жазушы: «Біздің елімізге келіп жатқан футболшылардың бәрі, көңілдеріне келмесін, сыпырып тастайын сыпырынды секілді футболшылар. Еш жерге жарамаған ойыншыларды біз жинап алып жатырмыз. Жақсы-жақсы мамандар шақыруымыз керек. Жозе Моуриньюді қанша миллиард берем деп Қазақстанға шақырсаң да келмейді. Өйткені, бұл жерде оның командасына алатын адам жоқ. Сондықтан ештеңе көрсетпеген, еш жерге шықпаған Пайперске, Беренекке, Шторкке жалынамыз» jaqsy.kz
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Келесі жаңалық
ФУТБОЛДАҒЫ ҰЛЫЛЫҚ