Футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі. Жер шарында есік ауласында ала доп қуаламаған бала жоқ шығар сірә. Футбол Англияда туып, Аргентина мен Бразилияда жетіліп, Испанияда аяққа тұрып, Германияда күш алған деген әзіл-шыны аралас тәмсіл бар. Жалпы адамзатты арбаған осы бір сиқырлы ойынның тарихына бүгін аз-кем тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Мәселен, футболда төрешілердің «сары» мен «қызыл» қағаз көрсетуі қашан, қалай пайда болған? Бұл бәс тігетіндер үшін шыққан деп ойлайтындар да бар шығар? Сондықтан, осы бір қызықты деректі тарқатып жеткізетін боламыз.
Бұрын төрешілерде ысқырықтан басқа ештеңе болмаған
Футболдан ең алғашқы Әлем чемпионаты 1930 жылы Уругвайда өткені баршаға мәлім. Сол кезеңнен бастап аяқ доп ойынының географиялық ауқымы ұлғайып, танымалдылығы уақыт өткен сайын арта түскен. Бірақ, футболдың әу баста ережесінде шикілік көп болған. Алаңдағы төреші дөрекі ойнаған футболшыларға тек ауызша ескерту жасаумен шектеліп, кейде тәртіп орната алмаған. Сол кезеңде талай адам ауыр жарақат алып, футбол алаңы қан-жоса қырғын төбелеске дейін ұласатын матчтар болған.
1966 жылғы Әлем чемпионатындағы келеңсіз жағдай
1966 жылы Англия жаһан біріншілігін қабылдап, өзінің алғашқы және әзірге жалғыз Әлем чемпионы деген атағын иеленген еді. Сол дүбірлі доданың ширек финалында ағылшындар аргентиналықтармен ойнап, бұл матчқа неміс Рудольф Крайтляйн төрелік етеді. Ол кезде төрешілердің барлығы ағылшын тілін меңгеруі керек деген талап жоқ. Бірақ, Рудольф алаңда Англия мен Аргентина ойыншыларына өз ойын жеткізе алмай, олар бұны түсінбей біраз дау туындайды. Матч барысындағы текетірестердің бірінде төреші аргентиналық қорғаушы Антонио Раттинаға немісше алаңнан қуылғанын айтады. Алайда, тек қана испан тілін білетін Раттина Рудольфтің бұл шешімін түсінбегендей кейіп танытып, алаңда тағы 10 минут бойы футбол ойнап жүре береді. Ал шыдамы таусылған ағылшындар аргентиналықтың алаңнан кетуін талап етіп, арты қырғын ерегіске ұласады. Қым-қиғаш жағдайды трибунадан көріп отырған осы турнирдің төрешілер алқасының төрағасы Кен Астон болмаған соң төменге түсіп, Антонио Раттинаға алаңнан қуылғанын өйтіп-бүйтіп түсіндіреді. Бірақ, одан сайын ашуға булыққан Антонио кетпей қасарысып, ақырында полиция араласып қылмыскерді ұстағандай алып кетеді. Айтпақшы, Англия құрамасы осы ойында 1-0 есебімен жеңіске жетеді.
Бағдаршамнан туған ой
Уақыт өткен сайын футболда мұндай даулар көбейе берді. Осы мәселенің шешімін таппай, басы қатқан Кен Астон бір күні көлігімен Лондон көшелерінің бірінде келе жатып бағдаршамға тоқтап, сары, қызыл түстің жанғанына қарап ойына керемет идея сап ете қалады. Ұзақ ойланып жүрген мәселенің шешімі бұлай оп-оңай табыла кеткеніне қуанады. Сары - ескерту, қызыл – алаңнан қуу. Бірақ, іс жүзінде оны қалай жүзеге асыратынын Астонның жұбайы Хильда ақыл қосып, картоннан «сары» және «қызыл» қағаз істеп алуға кеңес береді. Және оны төреші қалтасында ұстап, ойын барысындағы жағдайларға қарай «сары» немесе «қызыл» қағаз көрсету арқылы футболшыларды жазалайды. Міне, Хильда жеңшеміздің бұл ойын пысықтап, ФИФА кеңесінде ортаға салып, барлығы бұл жаңашылдықты қолдайды.
Ең алғаш рет футболшыларға ескерту қағазы көрсетілген турнир
Тәжірибе жүзінде «сары» мен «қызыл» қағаз 1968 жылы өткен Олимпиада ойындарында қолданылды. Футболдағы бұл жаңашылдық өз тиімділігін көрсетіп, 1970 жылы Әлем чемпионатында ресми түрде ойын ережесіне енгізілді. Дәл осы Әлем біріншілігінің шымылдығы түрілген Мексика мен КСРО құрамалары арасындағы ойында кеңес одағының қорғаушысы Каха Асатиани ең алғашқы «сары» қағаз иеленген футболшы ретінде футбол тарихында есімі қалды. Бұл кездесуде неміс төрешісі Курт Ченшер барлығы 5 ескерту қағазын көрсетеді. Ал бұл ойында 0-0 есебі тіркелді.
Ал футболдағы алғашқы «қызыл» қағаз 1974 жылы өткен Әлем чемпионатында көрсетілді. ФРГ мен Чили арасындағы ойында чилилік Карлос Кассели «қызыл» қағаз алып, алаңнан қуылады.
Иә, содан бері де бақандай 50 жыл өтті. Елу жылда ел жаңа дегендей. Қазір футбол мүлдем басқа деңгейге көтерілді. Футбол қауымдастығындағы мамандар бүгінде “сары” мен “қызыл” қағаздан бөлек төрешілерге “жасыл” қағаз көрсету ережесін қарап жатыр. Одан бөлек, заман талабына сай ВАР жүйесі еніп, офсайд пен голдың қақпаға енгенін анықтайтын небір цифрлық-технологиялар шықты. Бұл жаңашылдықтар да тағы бір жарты ғасырда тарихқа енетін шығар.
Біздің серіктес: FONBET