Самат СМАҚОВ:
Қазақ футболындағы танымал тұлғалардың бірі «Ақтөбе» командасының қорғаушысы және капитаны Самат Смақов ұлттық құрамадан кетті. Соңғы 11 жыл бой Қазақстанның бас командасында (Шторк басқарған кезден басқа) табан аудармай өнер көрсеткен Саматты құрама команда сапында енді көрмейміз дегенге сенгің келмейді. Отыз екі жастағы футболшы 6 рет ел чемпионы, 4 рет еліміздің үздік ойыншысы атаныпты. Белгілі аяқ доп шебері туралы «Sports.kz» әзірлеген үзік сырлардың қысқа нұсқасын ұсынып отырмыз.
Менің балалық шағым жатақханалар мен коммуналкаларда өтті, тұрмысымыз төмен болды, менің алақаны «аялы» ағаларым болған жоқ. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерім – өз маңдай терімнің арқасы. Футболмен алты жастан бастап шұғылдандым. Атам да, әкем де футболшы болған. Ендеше футбол менің қан тамырларымда бұлқынып, ағып жатыр. Сондықтан «доп ойнаған тозар» деген ұғым біздің үйде болған емес. Мен – Нұржан Қабденұлы Десембаевтың шәкіртімін. Ол менің ғана емес, Богомоловтың да, Карповичтің де ұстазы. Тұңғыш добымды Шортандының «Автомобилист» командасына соққаным есімде. Айтпақшы, ол голды анау-мынау емес, кейіннен ел құрамасының белді қақпашысы болған досым Давид Лорияның қақпасына соқтым. Ол сол кезде Австралиядан жаңа келген, жасы 15-те болатын. Ешқашан өзге ел құрамасында ойнауға келіспес едім. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Қазақстан құрамасы сапында Катар командасымен тұңғыш рет алаңға шығып, Сирия құрамасымен алаңға соңғы рет шықтым. Мен үшін құрамадағы әр ойын қымбат. Бірақ Сербиямен болған кездесу ерекше есімде. Өйткені бұл матчта алғаш рет жеңіске жеттік. Көңіліме түйіткіл түсірген жарақат Англиямен ойын қарсаңында болған еді. «Уэмблиде» ойнау мүмкіндігінен айырылғандықтан емес, бұдан кейін мен туралы «Самат өтірік ауырады», «әдейі істейді», «сылтауратқыш» деген секілді сыпсың сөздер шыға бастады. Бұл сол кезгі бапкер Шторктің сөзі деп ойлаймын. Оған көп-көп рахмет. Мен барлық өмірімді қазақ футболына арнадым. Жақсы атандым, бедел жинадым, ел сеніміне ие болдым. Сырттан біреу келеді де (Б.Шторк – ред.) мені «симулянт» дейді. Мен құрама үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Құрама команда – менің барым да, нарым да. Менің арманым – ел құрамасын еуропа, әлемдік деңгейден көру. Қазақстан үшін жаным да, арым да садаға. Шақырса, көмектесуге әзірмін. Құрамадан кету мен үшін ауыр, ал футболдан мүлде кету қалай болар екен, көзге елестете алмаймын. Бірақ өмір мұнымен үзіліп қалмайды ғой. Құрама күшті болу үшін, чемпионат та бәсекелі болуға тиіс. Насихат та керек. Әр қалада керемет стадиондар салынып, әлемдік тәжірибеге сай ел командасы соның қай-қайсысында да ойнай алатындай болса. Астана мен Алматыда ғана емес. Бізде Мауриньо ойнаса да нәтиже болмайды. Бәрін басынан бастаған жөн, іске деген көзқарасты, ділді, тіпті футболға қатыстының бәрін өзгерту керек, балалардан бастап, клубқа дейін. Адам баласының бойынан адалдықты көргім келеді. Олардың ашық болғанын қалаймын. Дәл осы қасиетке ие досымның көптігіне ризамын. Жарым бәрін түсінеді: қатаң тәртіпті, жолға шығу сәттерін, жиындарды. Мені қолдау үшін стадионға жиі барады, ең бастысы, футболды талдай біледі. Ұлым қазірдің өзінде түсінде де, өңінде де футбол көреді. Үйде форма киюді ұнатады. Қызым көркем гимнастикаға бейім. Сынға мін деп қарамаймын, шын деп қараймын. Жақсы болсын, жаман болсын, сен туралы жазған жақсы, Құдай елемегеннен сақтасын. Алғашқы жалақым да есімде. «Елім-айда» 100 доллар алғанмын. Ал оны қалай жұмсағанымды ұмытып қалыппын. Бизнес маған қол емес. Ол – менің қанымда жоқ дүние. Бразиля құрамасын бала кезімнен ұнатамын, әлі де осы командаға жанашырмын. Футболка жинаймын. Үйде екі қап футболка бар шығар. Өткенмен семіруге болмайды, алға ұмтылу керек. Уақытында кету керек, сонда есте қаласың. Футболсыз – өмір бос, оның қызығын көре бергім келеді. Денсаулығым сыр бергенше ойнаймын, мүмкін Мальдини сияқты 41 жасқа дейін шығар. Футболдан кеткенмен, футболда қалғым келеді: қазақ футболы үшін, ел игілігі үшін."Халық сөзі"
Біздің серіктес: FONBET