Футболдан матчтың соңғы 18 секунды қайта ойнатылды (видео)
11.04.2015, 02:30
Жарнама
Жарнама
Футболдан 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының електік додасындағы бір ойынның соңғы 18 секунды қайта ойнатылды, деп жазады "Алаш айнасы".
19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының електік додасындағы төртінші топта Англия және Норвегия қыздары бірінші орынға таласқан. 4 сәуір күні өткен матч шектен тыс тартысты өтіп, аяғы дау-дамайға ұласты.
Ағылшын арулары 1:2 есебімен ұтылып жатса да, алға ентелеп есепті теңестіруге тырысады. Бақтары жанып, 96-минутта (ойынға қанша уақыт қосылған, ә?) пенальти соғу құқығына ие болады.
Алайда Леа Уильямсон 11-метрлік айып соққысын орындауға ұмтылғанда, оның бір құрбысы асығып, айып алаңына одан бұрын кіріп кетеді. Осы жерде германиялық бас төреші Мария Куртес қателесіп, жаза басады.
Ол пенальтиді қайта орындауға мүмкіндік бергеннің орнына, "Норвегия қыздары айып соққысын орындайды" деген шешім қабылдайды. Әрі бірден ойынның аяқталғандығын білдіріп, ысқырық шалады.
УЕФА-ның тәртіптік-бақылау және этникалық инстанциясы осы сәтті талқылап, матчтың соңғы 18 секундын қайта ойнату туралы шешім шығарды. Кеше түнде екі құраманың қыздары қайтадан алаңға шығып, Леа Уильямсон пенальтиді қайта орындады.
Әрине, ол мүлт кеткен жоқ. Осылай ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Бірақ екі құрама да шілде айының екінші жартысында Израильде өтетін Еуропа чемпионатының финалдық додасына екшеліп шықты.
Англия қыздары төртінші топтан бірінші орынға ие болды. Ал Норвегия бойжеткендері барлық топта екінші орын алған құрамалардың ішінде техникалық көрсеткіштері бәрінен үздік болып, қосымша жолдамаға қол жеткізді.
Сонымен, шілде айында Израильде өтетін Еуропа чемпионатының финалдық додасында мына елдердің бойжеткендері додаға түсетін болды:
Израиль (чемпиона қожайыны),
Испания (1-топтың жеңімпазы),
Швеция (2-топтың жеңімпазы),
Франция (3-топтың жеңімпазы),
Англия (4-топтың жеңімпазы),
Германия (5-топтың жеңімпазы),
Дания (6-топтың жеңімпазы),
Норвегия (екінші орын алғандардың ішіндегі үздігі).
Ал неміс төрешісі Мария Куртес көзден таса болды. Оған қандай жаза қолданылғаны жарияланған жоқ. Бірақ енді халықыралық аренада қазылық етуі екіталай сияқты...
"Алаш айнасы" интернет-порталынан