Жарнама
Жарнама

Футболшылардың жалақысына шек қойыла ма?

Қазір басқасы-басқа футболшы­лардың айлығы аспандап тұр. Содан да шығар «қалтасы қалың» ойыншылардың жалақысын естігенде таңырқамай­тындар кемде-кем. Біздің біріншілікте де футболшыларға жоғары жалақы төленетінін жергілікті халық жақсы біледі.
Жарнама
Жарнама

Алайда клубы мен құрамасында қарық қылмай жүрген аяқдопшылардың мұншама көп ақша алып жүргенін сынға алатындар жетіп артылады. Сондықтан жасыл алаңда доп тебетін жергілікті ойыншылар мен сырттан келген легио­нерлердің жалақысына шекті лимит енгізу мәселесі біраз жылдан бері айтылып келеді.

Кезінде Қазақстан біріншілігінде ойнайтын футболшылардың жалақысына шекті сома қою жайын депутаттар мен қоғам белсенділері бір емес, бірнеше рет көтерген. Бірақ бұл мәселе сол күйі шешімін тапқан жоқ. Тек 2020 жыл ғана қазақ футболы үшін өзгеріс жылы болды. Оған әрине әлемдік пандемия залалын тигізді. Өткен жылдың басынан бастап көптеген отандық клубтардың жылдық бюджеті бір жарым есеге, тіпті екі есеге дейін қысқарды. Нәтижесінде, «қымбат» легионерлер еліміздегі қалталы клубтарға, өзгесі өз елдеріне тайып тұрды.

– Қазір Қазақстандағы футболшылардың айлығы орташа есеппен 4 миллион теңгедей болады. Бұрын олар 8 миллиондай алған. Оның үстіне бірнеше клуб басшылығы командаларының жылдық бюджеті қысқара­ты­нын естіген соң «қымбат» легионерлермен қоштасуды ертерек қолға ала бастады. Яғни, үндемдеуге көшті. Сол себепті ендігі кезекте бізге жалақыға лимит қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын. «Ақтөбе» сапында жүргенде « шабуылшы Алексей Щеткин 9 миллион айлық алады» деген ақпараттар тараған. Бірақ футболшы оның тек жарты ақшасын ғана алды. Ортада агенттер мен клуб басшылығы пайда көрді, – дейді аты-жөнін ашық көрсетпеуді сұраған футбол маманы.

Қазақстанда клубтардың жылдық бюджеті қысқарып жатқан тұста Қытайда керісінше фут­болшылардың жалақысы бір жүйеге келтірілді. 2021 жылдан бастап Қытайда доп тебетін шетелдік легионерлердің жылдық айлығы 3 миллион еуродан аспайтын болды. Енді қытайлық Суперлига футболшылары бұрынғыдай әлемде жоқ жалақы ала алмайды. Мәселен, «Шанхай СИПГ» клубында доп тебетін бразилиялық Оскардың апталық табысының өзі 450 мың еуроға шақталды. Дегенмен аталмыш тыйымдардың 2021 жылға дейін бекітілген келісімшарттарға еш қатысы жоқ және бонустар бұл шектеуге кірмейді. Жер­гілікті миллионер футболшылардың жағ­дайы тіпті қиындады. Енді олардың жылдық айлығы 5 миллион юаннан, яғни, шамамен 600 мың еуродан аспауы керек. Одан бөлек тұрғылықты футболшылар айлықты тек юаньмен ғана алатын болды. Осыдан соң Қытайда доп тебетін шетелдік футболшы­лардың кетуі жаппай белең алуда. Бізге де осындай қадамға неге бармасқа деп ойлайсың кейде…

Спорт мамандарының көпшілігі егер футболшыларға 1 миллион теңге жалақыдан асырмау лимиті қойылса, бұл ішкі біріншіліктегі командаларымыздың ойынына қатты әсер етуі мүмкін деген пікірде. Олар бірінші кезекте сапалы легионер алу қиынға соғатынын, еуропалық клубтармен бәсекеге түсу үшін, тым болмағанда 2 миллион лимиті қойылғаны дұрыс болатынын айтады. Белгілі футбол сарапшысы Юсуп Шадиев жалақыға лимит қой­ғаннан келіп-кетер пайда жоқ дейді. «Бәлкім, ресми түрде 1 000 доллар жалақы белгілеуі мүмкін. Бәрібір де «қара касса» жұмыс істей береді», – деп ашығын айтты ол.

Ал спорт комментаторы Ермек Төрениязов футболшылардың жалақысына белгілі мөлшерде лимит қою мәселесін қос қолдап тұрып қолдайтынын жеткізді. Әсіресе, шетелдік легионерлерге шекті соманы белгілеп, жалақыны содан асырмау керек деген ойын айтты.

– Бұдан ішкі чемпионаттың деңгейі төмендеп кете қоймайды. Өйткені бізде мақ­танарлықтай деңгей де жоқ. Егер деңгейіміз айтарлықтай жоғары болса онда ол ұлттық құраманың да деңгейіне әсер етуі керек еді ғой. Ал бізде ондай ештеңе байқалмайды. Сол себепті біріншілікте өнер көрсететін футбол­шылардың жалақысына қатысты лимит қою алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс. Біздің клубтардың көбі бір футболшымен келісімге келіп, орта жолда пайда көреді. Мысалы, бір футболшының ақшасы 50 млн болса, соның жартысын өздері алады, жартысын футбол­шыға береді. Осы жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Клубтың басы-қасында жүргендер мемлекеттің бюджетін жергілікті клубтар арқылы осылай сорып отыр.

Сондық­тан біздің инфрақұрылым нашар, балалар футболына ақшамыз жетпейді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қазіргі деңгейміз осы. Лимит қойылса, бізге жақсы легионерлер келмейді деп кесіп айтуға болмайды. Клубтар нәтиже керек болса легионерлерді бәрібір алдыртады. Есесіне футбол шенеуніктері үстінен ақша жасай алмайды. Бұл жағынан ұтарымыз көп болады. Әйтпесе қазақстандық футболшылар мен шетелдік легионерлердің жалақысында айырмашылық өте көп. Лимит қою бірін­ш іліктің деңгейін төмендетеді деген пікірді қате пікір деп есептеймін. Шекті сома белгіленгені жөн. Нақты қанша қойылу керек екенін де айта алмаймыз. Өйткені бізде ашықтық жоқ. Нақты бір футболшының қан­ша ақша алатынын біле бермейміз. Тек жо­ғары жалақы алатыны белгілі. Сол себепті олар­дың белгіленген айлығын 2 есе азайтқан дұрыс. Сонда ғана футболда ашықтық пайда болады, – деді қорытты ойын белгілі спорт ком­ментаторы.

Қазақстандық футбол клубтарының жылдық бюджеті қысқарды. Бірақ бұл отандық командалардың ойынына әсер ете қойған жоқ. Біріншілігіміздің де деңгейі төмендеді деуге келмейді. Қайта үнемдеуге көштік. Пайдасыз шетелдік легионерлерден құтылдық. Ендігі кезекте ойыншылардың айлығына қатысты лимит мәселесі қолға алынып, ақшаның жарты бөлігі футбол академиялары мен спорттық инфрақұрылымдарға жұмсалса, ел футболы­ның көші ілгері басар еді.

Абылайхан ЖҰМАШ

мақала "Айқын.кз" сайтынан алынды

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров