Шыны керек, біз экспорттан гөрі импортқа бейімделіп, бой үйреткен халықпыз. Яғни өзіміз өндіріп, шетке шығара алмаймыз да, шеттен тауар қабылдауға жақсы ашықтанғанбыз. Өкінішке қарай, футболда да солай болып тұр. Қазақстанға келіп жатқан келімсектер көп те, өзімізден сыртқа шығып жатқан ойыншылар жоқтың қасы. Мұның себебі неде? Неге біздің футболшылар шетел чемпионаттарында ойнай алмайды? Мұның жауабын табу үшін батыс елдерінің тәжірибесіне жүгінгеніміз жөн секілді.
Соңғы үмітіміз Сергей Хижниченко болған. Осыдан бір ай бұрын Хижа Голландияға аттанғанда қазақ демей, орыс демей бәріміз бірдей қуанған едік. Алайда ұлттық құрама шабуылшысының да шетелдегі ғұмыры ұзаққа созылмайтын секілді. Қолымызда бар деректерге сүйенсек, Голландия заңы бойынша жұмыс беруші Еуроодаққа мүше емес елдердің футболшыларына кем дегенде 405 мың евро төлеуі керек екен. Ал Хижниченконы голландиялықтар негізгі құрамның ойыншысы ретінде қарастырып отырған жоқ. Сондықтан онсыз да қаржыдан қағажу көріп отырған клуб қатардағы ойыншыға осынша ақшасын сарп ете қоймайтыны анық. Тағы бір ақпараттарға сенсек, Хижниченконың трансферінен пайда көріп қалғысы келген «Локомотив» басшылығы голландиялықтардан 405 мың евро сұрапты. Ақыры не керек, «Фейеноорд» Хижадан бас тартпақ. Тіпті оның орнына сынаққа басқа футболшыны шақырып та үлгерді. Бүгінде голландиялық клубта жапондық 18 жасар Рио Миячи жаттығып жүр. Иә, мұндайда кімді кінәлайтыныңды да білмейді екенсің. «Локомотив» басшылығын айыптайын десең, бір жағынан, «егер Хижниченко шын талантты болса, «Фейеноорд» 400 мың емес, жарты миллион евросын да қияр еді ғой» деп те ойлайсың. Сонымен неліктен біздің футболшылар шетел чемпионатында ойнауға қауқарсыз? Неліктен, біздің клубтар экспорттан гөрі импортқа құмар? Бұл екі сұрақтың да жауабы біреу: бізде еуропалық деңгейде бәсекелес бола алатын дарынды жас футболшылар жоқ. Ал экспорттауға лайық футболшыларды дайындап шығару үшін балалар футболына көңіл бөліп, академиялар ашу керек екені тағы белгілі. Иә, бүгінде ешбір клуб өз академиясын ашқысы келмейді. Оны пайда әкелмейді деп санайтындар көп. Дегенмен әлемдік тәжірибеге сүйенсек, «Кәртеміс ғаламдағы» клубтардың көбі осы академиялар арқылы пайдаға кенеліп отырғандарына көз жеткізуге болады. Мәселен, Голландияның «Аякс» футбол клубы футболшыларды экспорттаумен-ақ әлемге әйгілі болып, сонымен ғана өздерін қаржыландырып отырған. Жыл сайын «Аякс» футбол академиясы кем дегенде екі-үш әлемдік деңгейдегі футболшыларды экспорттап отырады. Бүгінге дейін бұл академиядан түлеп ұшқандардың арысын Йохан Кройф, Рууд Гулит, Луи ван Галь бастаса, ортасын Франк Райкаард, Марко Ван Бастен сынды саңлақтар жалғастырып, Рафаэль Ван Дер Варт, Уэсли Снейдер, Ройстен Дренте сынды сайыпқырандар толықтырады. 1960 жылдан бастап футболшылар тәрбиелей бастаған «Аякстың» тәжірибесіне сүйенсек, ойыншының толық жетілуі үшін 10 жыл керек екен. Міне, сондықтан да «Аякста» 5-18 жас аралығы 13 топқа бөлініп, оны 13 бапкер жаттықтырады. Бүгінде «Аякс» футбол академиясының дамығаны соншалық, бүгінде бұл академияның филиалдары Африканың ОАР, Гана сияқты елдерінде де ашылған. Иә, «Амстердамда дүниеге келген бөбектің алғашқы сөзі «мама» немесе «папа» емес, «Аякс» болады» деген әзілдің бекер айтылмағанын осыдан-ақ білуге болатын сияқты. Енді Испанияның «Барселонасын» алайықшы. Күні кеше ғана Голландия мен Бразилиядан футболшылар импорттап жүрген каталондықтар бүгінде басқаның түлегіне зәру емес. Құрамындағы 27 футболшының 18-і – өз академиясынан түлеп ұшқан саңлақтар. Ал деректерге сүйенсек, «Барселона» академиясын дамыту үшін жылына 5 миллион евро жұмсалады екен. Иә, 5 миллион евро аз ақша емес. Дегенмен бұл қадам өзін-өзі қалай ақтап отыр десеңізші. Осы академиядан түлеп ұшқан Лионель Мессидің бағасы бүгінде 100 миллион евроны құрайды. Иньеста 60 миллион тұрады. Хавидің бағасы – 50 миллион евро. Сол сияқты кете береді. Ал Қазақстаннан осы тектес академия ашар болсақ, оған да жылына 5 миллион евро жұмсайды екенбіз деп қорықпауымыз керек. «Барселонаның» академиясына жұмсаған шығыны басқа клубтардың шығындарынан әлдеқайда көп екенін сарапшылар жазып үлгерді. Демек, тек іске батыл кірісуіміз қажет. Рас, бізде «Цесна» футбол академиясы бар. Бірақ, өкінішке қарай, жалғыздың шаңы шықпай тұр. Сондай-ақ ілгеріде еліміздің әр аймақтарындағы дарынды жас футболшылардың басын қосқан «Намыс» клубы да болған. Бірақ, айтып айтпай не керек, Несіп Жүнісбаев құрған «Намысқа» қолдау болар жан ол кезде табылмаған еді. Иә, дәл қазір академиялар ашсақ, бірден жемісін бере қоймас. Алайда 10 жылдан кейін бізді Еуропа қақпамызға соғылған үздік голмен емес, академиямыздан түлеп ұшқан саңлақтарымызбен танитын еді. Біз де өзіміздің «Месси», «Роналдуларымызбен» мақтанып жүрер едік.Автор: Әзиз Жұмаділ
Біздің серіктес: FONBET