Футзалдан Қазақстан Чемпионаты мерзімінен бұрын аяқталды. Айта кетейік, 2020 жылдың 12 наурызынан бері ресми матчтар өткізілген жоқ. Бұл шешім Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің отырысында қабылданды.
Осылайша, «Қайрат» чемпион деп танылды, ал «Ақтөбе» екінші орын алды. Футзалдан Чемпиондар лигасында Алматы мен Ақтөбе клубтары өнер көрсетеді.
ҚФФ атқарушы комитетінің шешімі келесі жағдайларға негізделеді:
- санитарлық-эпидемиологиялық карантин шараларының жалғасуы және сәйкесінше жабық алаңдарда спорттық жарыстарға тыйым салу салдарынан турнирді одан әрі өткізу мүмкін емес;
- футзал бойынша Қазақстан чемпионатының қатысушылары матчтардың 70 пайызын ойнағандықтан, кестедегі орындар соған қарап белгіленеді;
- Футзалдан Чемпиондар лигасына қатысу үшін қазақстандық клубтар турнирлік өтінімді жедел түрде жіберу қажет.
«Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының жеребесі жақында өтеді. Осылайша, турнирдің қазақстандық қатысушылары өтініш құжаттарын қазір тапсыруы керек. Жабық жарыстарға әлі де қатаң тыйым салынғандықтан чемпионатты аяқтау мүмкін емес. Спорт принципі үстемдік ету үшін, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық біріншілік қатысушыларының қолдауына жүгініп, чемпионатты қазіргі жағдайдың нәтижелері бойынша аяқтап, ең мықты клубтарға халықаралық аренаға қайтадан шығуға мүмкіндік берді», - деді Қазақстан футбол федерациясының футзал департаментінің директоры Асқар Абилдаев.
Чемпиондар лигасының жеребесі 2020 жылдың 2 қыркүйегінде өтеді.
Біздің серіктес: FONBET