Г.Бабаян: "Бачка-Топала" оңай қарсылас емес

Ертең Лига Конференция бәсекесінің топтық кезеңі басталады. Еуролиганың күзіне жеткен Қазақстанның жалғыз өкілі "Астана" командасы 3 қазанда Алматының Орталық стадионында Сербияның "ТСЦ Бачка-Топала" клубын қабылдайды. Матч алдындағы жаттығудан кейін елордалық команданың бас бапкері Григорий Бабаян БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. 

Константинұлының айтуынша сербиялықтар оңай қарсылас емес. Бапкерлік құрам бүге-шүгесіне дейін жіті зерделеп, “Бачка-Топала” қорғаныстан гөрі шабуылдаушы стильде ойнайтын, допқа көбірек иелік ететін команда деп отыр.

Конференция лигасының 1-туры. Қарсылас туралы айтсам, сербиялық команда былтыр Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап, мұндай деңгейдегі матчтарда тәжірибесі бар жақсы ұжым. Чемпионатты сәтсіз бастап, бапкер ауыстырды. Соңғы 4 ойынын көріп шықтық. Нәтижелері жақсарған. Қарсыласқа бірінші минуттан қысым көрсетіп, алаңда өз ойынын жүргізуге тырысады екен. Бірақ, серб бапкерінің бұл тактикасын ертең қиындатып, біз алаңда өз жоспарымызды орындауға күш саламыз. Мақсат ертең өз жерімізде үш ұпай алу.

Григорий Бабаян “Бачка-Топаланы” ұту үшін соңғы күндері футболшыларға жаттығуда жаңа тактика қойып жатқанын да жасырмады. Негізі бұл жоспары жүзеге асса сербиялықтарды оп-оңай жеңеміз дейді бапкер.

Қарсыласты өте терең зерттедік. Алаңда олардан қайтсек басым боламыз, қалай ойнаған дұрыс деген секілді біраз жоспар құрып қойдық. Әрине, оны қазір айтпаймын. Матч барысында көресіздер. Егер, біздің футболшылар жаттығуда көрсеткен тактиканы ойында ең құрығанда 60-70 пайызға орындаса онда жеңіс қалтада деп есептеуге болады. Жалпы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп отырмыз.  

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай ертеңгі матчқа бірқатар негізгі құрамның ойыншылары жарақатына байланысты қатыса алмайды екен.

Біздің командада негізгі орталық қорғаушымыз Калаица мен тағы екі ойыншымыздың жарақаты бар. Соңғы “Жеңіспен” өткен ойыннан кейін жігіттер жарақат алып, ауыр сезінді. Жағдайларын ертең бағамдап көреміз. Өздерін жақсы сезінсе ойнап қалуы мүмкін. Бірақ, Калаица 99 пайызға ертеңге матчқа қатыспайтын шығар. Жалпы ертең кім алаңға шықса да команданың жеңісі үшін барын салатын болады.

 Айта кетейік, “Астана” ФК мен “ТСЦ Бачка-Топала” ФК арасындағы кездесу ертең яғни 3 қазанда Алматының Орталық стадионында өтеді. Матч Астана уақытымен сағат 21-45 басталады.

Материалда: