Жарнама
Жарнама

"Галатарасарай" түрік халқына кеуде қақтырды

11.04.2013, 02:16
Жарнама
Жарнама

Галатарасарай бүгін тағы бір рет түрік халқына кеуде қақтырды. Мұнан бұрын УЕФА Кубогы мен Супер Кубокты иеленген, Еуропада түріктердің символына айналған Галатасарай командасы ЧЛ-да жартылай финалға шыға алмады, бірақ жеңіске бергісіз жеңілісімен 75 миллионның мерейін тасытты. Ширек финалда Реалмен жұптасқан аталмыш команда корольдік клубтың алаңында үш гол айырмасымен жеңіліс тапқан-ды. Бұл жеңілісте, түріктердің ойынша, Норвегиялық төрешінің де пайы бар. Ол Галатасарайдың екі пенальтиін бермеді. Бұл тек түрік футбол сарапшыларының пікірі емес, олардың бұл ойын команда бапкері Фатих Терим де қуаттады. «Әуесқой төреші біздің жолымызды бөгеді. Жартылай финалға өтетін мүмкіндік азайды. Бірақ олай қарап отыруға болмайды, қарымта матчта басымызды алаңнан тік көтеріп кететіндей футбол ойнаймыз» деген Фатих Теримнің сөзін кеше шәкірттері қалтқысыз орындады. Қанша жерден ең мықты командамыз десе де испандықтардың түрік комплексін, әсіресе «жәһаннам» аталып кеткен Галатасарайдың стадионына деген сескенулерін жоққа шығаруға болмайды.

Оған Моуриньоның да ширек финалдан бұрын Галатасарайдың Супер Лигадаға кезекті ойындарының бірін тамашалауға келгенін, «қиын, өте қиын» деп жауап бергенін қосыңыз. Өз алаңындағы жеңістің мысымен Реалдықтар ойынға басымырақ бастады. Осылайша сегізінші минутта Роналду алғашқы голын соғып та үлгерді. Чемпиондар сапында сұрмергендер тізімінде өзін өкшелеп келе жатқан Месси мен Бурак Йылмаздан доп айырмасын арттырған Роналдудың бет-әлпетіндегі паңдық, тәкаппарлық ешкімнің көзінен қашпады. Оның үстіне басты қарсыласы Бурактың оны қуып жететіндей мүмкіндігі де жоқ-ты, алғашқы ойында жаза алған ол мачты тек тамашалауға мәжбүр болды. Алайда екінші қырық бес минутта сценарий мүлдем басқаша өрбіді. 57-минутта Эбуе есепті теңестірді, 71-минутта Шнейдер есепті еселеді, 1 минут өтпей жатып Дрогбаның соққысы тағы да мүлт кетпеді, есеп: 3-1. Осылайша алаңда алшаң басып жүрген Роналду мен кенарда керенау бақылап тұрған Моуриньоның жүзі қуарып сала берді. Артынша тағы бір голлл... Бірақ бұл жолы төреші голды офсайттан салды деп, есептемеді және бұл корольдік клуб үшін абырой болды. Әйтпесе қызып алған Фатих Терим шәкірттерінің арынын басу мүмкін емес еді. Осыайша екінші қырық бесте қақпаларын он бір кісі болып қорғауға мәжбүр болған корольдік клуб қосымша минуттарда тағы да Роналдумен доп айырмасын біреуге азайтты:3-2. Ойын есебі жартылай финал жолдамасын алуға жетпегенімен Галатасарай стадиондағы 52 мың мен Анадолыдағы 75 миллионның жүрегінде жеңімпаз болып қалды. Түрік газеттері «Рахмет Арыстандарым(Галатасарай-ред)!»деп жазса, Италияның газеттері «Реал түріктердің жәһаннамынан мыстан көрді», «Галатасарай Реалдың жүрегін аузына алып келді» деп жазды, ағылшындар болса «Галатасарай шын мәнінде дәмді футбол көру бақытын сыйлады. Қол шапалақтауға лайық ойын өрнегін көрсетті» деді.

ҒАЛИЯ СЕРІКҚЫЗЫ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
"Барса" 2 гол соғуы тиіс
Келесі жаңалық