ҚПЛ көрермендеріне жақсы таныс Георгий Кобуладзені Грузияда кезіктіріп, толымды сұқбат алып қайттық.
«Қайсар» сапында өнер көрсеткен қорғаушы қазақ-грузин футболының артық-кем тұстарын тілге тиек етіп, салыстырып, тұщымды пікір айтқан болатын.
- Георгий, өзіңізбен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз! Бір жыл бұрын қызылордалық «Қайсар» намысын қорғадыңыз, қазақ футболы, жалпы Қазақстан туралы қандай ой-естеліктеріңіз қалды?
- Алған әсерім, әрине жақсы, жағымды ғой. Былтыр «Қайсарда» өте жақсы маусым өткіздім, онда үнемі ауыр жаттығулар жасайтынбыз. Артынан алаңдағы ойын да сол тектес болатын. Ал мында Грузияға келгенде, байқалғаны - үнемі доппен ойнайсың, техникаға құрылған футболды ұстанады. Былайша айтқанда, Грузияда физика жағынан қиналмайсың, ал Қазақстанда ойын негізінен талас-тартысқа, күшке құрылады. «Қайрат» доппен ойнайды, олардың академиялары бар. Жалпы, клуб футболшыларына доппен ойнайтын тапсырма береді. Сондай-ақ, ҚПЛ-дегі орнын сақтап қалу үшін күресетін командалар бар. Бұлардың мақсаты сәл басқа – қарсыластың жарты алаңындағы таласқа түседі, ойындары «допты теп те жүгірге» келеді. Ал «Ордабасы», «Астана», «Қайрат» сияқты топ-клубтары доппен ойнай алады, соны жақсы көреді. Оларда осындай тапсырма бар, академиялық футболды ұстанады. Ал қалғандары қолдан келгенше тырмысып, ұпайға таласады. Ортаңқол командаларға тіпті тең ойнаса да жетіп жатыр, мысалы, «Астана» Қызылордаға келді, жеңе алған жоқ. «Қайраттың» да үш ұпайсыз қайтқанын білесіздер. Бұл да «Қайсардың» тырысқаны. Одан кейін кеше өзіңіз осындағы ойынды тамашаладыңыз, Грузияда жап-жасыл, табиғи газонда өнер көрсетеді. Қазақстанда мұндай жоқ, бұл да өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Қазақстан чемпионатындағы жасанды төсеніштің өзі де сапа жағынан керемет емес. Иә, «Астана Аренаның» жөні бөлек, ал қалғандары жайлы бұлай айта алмайсың. «Қайсарда» жаңа стадион салып еді, онда қалай екен? Жасанды төсеніш пе? Жарайды, бастысы жаңа екен. Бізде, Грузияда жасанды төсенішке шамамен 8 жыл бұрын тиым салынды. Оған дейін грузиялық футболшылар да солай ойнап жүрді. Ол кездегі алаңдарымыз Қазақстандікінен арман еді, жасанды төсенішті айтып тұрмын. Бірақ, кейін Федерация премьер-лига ойындарын тек қана табиғи газонда ойнау керек деген талап қойды. Соған сәйкес заң шығарып, жаңа алаңдар салынды.
- Қазақстан чемпионатын әлі де қарап жүргеніңіз байқалады. Биылғы маусым жайлы не айтасыз? Турнирдің деңгейі туралы пікіріңіз дегендей…
- Иә, қарап жүремін. Қазақстанда жыл сайын өзгерістер орын алуда. Жақсы мағынасындағы өзгерістер. Футбол басшылығы барлық жерде академиялар салынуына көңіл бөліп жатыр. Мұның өзі олжа. Ал жалпы біріншіліктің өзі ақырындап деңгей жағынан өсіп келеді. Аршындап баспаса да үздіксіз жылжу бар, бастысы осы. Біз оқу-жаттығу жиындарында «Қайратқа» қарсы ойнадық, 1:0-мен ұттық. Командамыз жақсы ма деп қалдық, өйткені, «Қайраттың» өзін қапы қалдырдық. Мейлі, жолдастық кездесу болсын. «Қайрат» - үлкен команда. Бірақ жалпы чемпионат деңгейімен салыстырсақ... Одан кейін олар Чемпиондар Лигасына шықты, біз де таңқалдық. Тіпті шокта болдық, бірақ олар да лайықты. Сәтпаев «Селтикке» қарсы матчта сары қағаз алып қалатын сәтін білесіз, «келесі ойынға қатыса алмаймын» деген өкінішін айтып тұрмын. Қалай өкінді?! Осыдан-ақ, Қазақстандағы футолға деген махаббаты көруге болады. 17 жастағы баланың талабы жалпы қазақ футболының деңгейін көрсетті.
- Клубтық деңгейде Қазақстан командалары Еурокубоктерде табысты, алайда, құрамаларға келгенде Грузия әлдеқайда алда. Еурода ойнады, Кварацхелия бастаған футболшыларыңыз мықты лигаларда өнер көрсетуде.
- Грузия құрамасының жетістігі түсінікті, ондағы футолшылар шетелде доп тебеді, Еуропада жүр. Ал Қазақстанда олай емес. Қалай десек те, Еуропада ойнаудың жөні бөлек. «ПСЖ», «Вильяреал» тағы басқа. Грузия құрамасындағы футболшылардың басым бөлігі қазіргі топ-5 лигаларда. 5 жылдан кейін Қазақстан да солай болады. Грузияда Хвича жол салды, артынан басқа да футболшылар Еуропаға кетті. Дастан Сәтпаев «Челсиде» өзін көрсетсе жақсы болатын еді. Сол Кварацхелияны алайықшы, талантын көрсетті, сосын Еуропаның назары Грузияға қарай ойысқан. Нәтижесінде, Микаутадзе, «Удинезеде» жүрген қорғаушы Гогличидзе бар. Сәтпаев «Челси», тіпті «Страсбурде» жалда болсын жақсы ойнап кетсе, қазақстандық футболшыларға сұраныс арта түседі. Бұған мен кепіл. «Қайрат» ЧЛ-да ойнап жатыр, 2-3 жылдан кейін өзі де біраз футболшыға ұсыныс түсетіні анық.
- Қазір Қазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру жүріп жатыр – 6-7 команданың жеке қолға өтетіні анық. Футболдың дамуына қаншалықты әсер етеді және Грузияда жекеменшік қанша клуб бар?
- Мұнда шамамен 8-9 клубты айтуға болады. Таза жекеде болмаса да біраз жылға жалға берілген командалардың барын білеміз. Ал Қазақстан бұдан тек ұтады. Бірақ, қаржы салып жылдам әсер күтуге болмайды – 1 жылдан кейін нәтиже деу орынсыз. Уақыт керек. «Қайрат» жобасы 13 жылдан кейін жемісін берді емес пе?. Қазір олар «Реалмен» ойнап жүр. Алматылық клубтың инвесторы (Қайрат Боранбаев, ред) «ақша салдым бір жылдан кейін қайтарыңдар» деген жоқ қой?! Асықпады, қаржыны академияға салды. «Қайратта» ЧЛ-да өз академиясының қанша баласы өнер көрсетті? Бұл не деген сөз? «Қайрат» басшылығының бағыты дұрыс! Енді қазір Қазақстанда жекеге өтіп жатқандарға да соны тілейміз. Демеушілер ақшасын аямасын, әрине, шыдам танытса, өйткені, футбол ұзақ жол. Іргетасын тұрғызып, күту керек.
- Қазақстан құрамасының тізгінін тілді, ділді білетін жергілікті маманға берсек дейді, енді бірі сіздердегідей шетелдік бапкерге бет бұрсақ деген нұсқаны құп көреді (Грузия бас бапкері франциялық Вилли Саньоль, ред). Осыған байланысты ойыңыз?
- Вилли Саньольдің көмекшісі грузин ұлтынан. Бұл тұрғыда баланс бар. Қазақстанға да осындай нұсқа артық етпейтін еді, бірақ шетелдік маманға таңдау түссе, сапалы, білікті болуын талап ету керек. Сондай-ақ, құрама штабында жергілікті футболшыларды жақын түсінетін, тіл табыса алатын маман болса. Вилли Саньоль мен көмекшісі Отар Хизанишвили өте жақсы түсініседі, үндес адамдар деуге болады. Жалпы, жеке өзім құраманы шетелдік маманға тапсырудан мәселе көрмеймін. Тек сол штаб ішінде футболшылардың жан-дүниесін түсінетін қазақ ұлтының маманы болса, бәрінің көңіл-күйін, мәселелерімен таныс адам. Футболда, аудармашы арқылы сөйлесудің ыңғайсыздығы көп. Коммуникация факторының маңызын ұмытпау керек.
- Георгий, сізге Қазақстан чемпионатындағы қазақ футболшылары несімен есте қалды?
- Олар өте қонақжай! Бірінші рет «Қайсарға» келгендегі әсерімді айтсам, жергілікті футболшылар сен өзің жақсы болсаң, құшақ жайып қарсы алады. Қолдайды, қол ұшын созады. Ал олай болмаған жағдайда, Қазақстанда ойнамай-ақ қойғаның жөн... Мысалы, «Елімаймен» өз алаңымызда ойнадық, 0:1 жеңіліп жатқанбыз, матч соңына дейін күресті жігіттер. Міне, мен сол жерде үйрендім, футбол 90 минут бойы жалғасады және футболшылар соңына дейін допқа таласуы тиіс. Жаныңдағы командаластарың осылай жанын салса, сен қалай аянып қаласың?!
- Георгий, сұқбатыңызға рахмет, табыс тілейміз!
- Сізге де рахмет!
Біздің серіктес: FONBET