"Тобыл" италиялық шабуылшы алды. Біз ол жайлы не білеміз?
Годберг Купер Италия және Гана елдерінің азаматы. Ол “Аталанта” академиясының түлегі болып саналғанымен ол клубқа шақырту алмаған. Жастайынан әртүрлі клубтарда ойнап, тұрақсыздығымен есте қалған. Жыл сайын клуб алмастырып отыру оның әдетіне айналған. 2017-2018 жылғы маусымда Португалия елінің “Кондейша” деген клубында ойнапты. Ол кезде қанша матч ойнағаны белгісіз, алайда 13 гол салыпты. Годбергтің бір маусымда ең көп салған голы осы. 13!
Айтпақшы, көп сайт оны Гудберг деп жазып жүр. Алайда ол Годберг. Год дегеніміз - құдай. Демек, қазақша оны – Құдайберген десек болады Құдайберген Купер!
Одан кейін “Арокаға” ауысыпты. “Шафзаузен” Швейцария және Албаниядағы “Кукеси”. Бұл клубтар осы біздің қазақстандық клубтардан жеңіліп жүрген командалар ғой. Демек, ойнаған командаларының деңгейі бізге белгілі деген сөз. Македониядан кейін Купер Румыния чемпионатына ауысады. Мұнда екі командада ойнап, көзге түскен. Алайда, “Ута” деген командамен ештеңе ұта алмайды. Салған голдарына көз жүгіртсеңіздер маусымда 3-5 голдан ғана салып отырған. Сонда бұл ойыншы гол көп сала бермейтін футболшы деген сөз ғой. Яғни, бойы 1,90 болғандықтан ортада ойнайтын ірі шабуылшы болуы керек емес пе? Бізге әрине, Ромелу Лукаку елестейді ғой ондай кезде. Алайда, бұл форвард шабуылға көмектесетін, әріптестеріне пас шығарып беріп тұратын аяқдопшыға келеді. Ал оның адаптациясы жайлы біз ағылшын тілінде сұрап көрдік.
“Мен Қазақстан құрамасы мен “Астана” жайлы естіген едім. Олардың ойындарын тіпті көргенмін. Сосын, “Тобыл” жайлы естідім. Ал қазір Қостанай қаласында -28 градус дейді. Мен ондайға дайын емеспін, бірақ шыдауға тура келеді” дейді Годберг Купер.
“Тобыл” басшысы Әлімжан Қалдияр бұл шабуылшы көп гол салып, команданы алға сүйрейді дейді. Алайда, әзірге оған сену қиын. Десе де, Годберг Купер келе салып екінші күні алаңға шықты. Командамен бір ғана жаттығу өткізіп, ертесіне Суперкубок жеңді. Сол матчта ол соңғы, жеңісті пенальтиді голға айналдырды. Алғашқы аяқ алысы жаман деп айта алмаймыз. Бәлкім ол гол салып, біздің біріншіліктің сұрмергені атанып кетер. Осы қазақ даласы көптеген легионердің бағын ашқан жоқ па?
2 наурыз күні “Тобыл” өз алаңында “Тұран” командасын қабылдайды. Міне, “Тобылдың” италиялық шабуылшысы үшін бұл гол салып көзге түсетін тамаша сәт!
Біздің серіктес: FONBET