Футбол тарихында ерекше із қалдырған әйгілі ойыншылардың бірі – неміс шабуылшысы Герд Мюллер.
Бөгде ғаламшарлық
Осыдан шамамен 15 миллиондай жыл бұрын Жер бетіне құлаған метеориттен диаметрі 25 шақырымға жететін кратер пайда болса керек. Кейіндеу, бұдан «небәрі» 8-ақ мың жыл бұрын тап сол ойпат маңайында Нердлинген деп аталатын елді мекен құрылыпты. Келе-келе әсем қалашыққа айналған қоныстың төңірегінде әйгілі аспан денесінен қалған іздер әлі де сақталған деседі. Тіпті америкалық астронавтар кезінде ғарыш әлеміне жауапты сапарларға аттанарда тап осы жерге келіп, жаттығулар жасаған екен.
Аспан дүниесімен астасқан осы мекенде ғаламат мергендігі үшін «бөгде ғаламшарлық адам» атанған футболшы – кезінде Германия Федеративтік Республикасы (ГФР) делінген елдің ұлттық құрамасының ғажайып шабуылшысы Герд Мюллер туған. Кейбіреулер тіпті оның ақылға сыймас айрықша талантын сол туған жерінің «тосын қырларымен» тікелей байланыстырады.
Дегенмен, аспандай бермей, жерге түссек. 1963 жылы құрылған бундеслигада (ГФР футболының ең жоғары лигасы) күні бүгінге дейін Мюллер текті 28 ойыншы ойнапты (солардың бірі – Томас Мюллер – қазір «Баварияда» жүр). Бірақ бүкіл Германия үшін бәрібір Герд Мюллердің орны бөлек. Оған ел тарихындағы ең таңдаулы ойыншы атағын тапсырып тұрып, неміс футболының тағы бір аты аңызға айналған тұлғасы Франц Беккенбауэр: «Егер Герд болмағанда, біз өзіміздің ұлттық мақтанышымызға айналған тарихи табыстарымызға ешқашан қол жеткізе алмас едік. Әрі-беріден соң, мен де қазір ешкім болмас едім», – деп, ағынан жарылды. Кейіпкеріміздің «Бавария» мен ұлттық құрама сапында талай жетістіктерге қатар жеткен және бір әріптесі, қақпашы Зепп Майер тіпті: «Герд сияқты сұрмерген өмірде жоқ, енді болмайды да! Ол сол аяғымен де, оң аяғымен де, басымен де, иығымен де, кеудесімен де, арқасымен де, тіпті тізесімен де гол соға беретін бесаспаптың нағыз өзі! Оның қақпа алдындағы қарбалас сәтте қай нүктеден табылуы тиіс екенін алдын ала сезе білетін түйсігі ғажап-ақ. Жұрт бір-бірімен қақтығысып-соқтығысып, құлап қалып жатады ғой, бірақ Герд қашанда аяғынан нық тұрады және доп қайда болса, бұл да сонда болады», – деп тамсанады.
Герд Мюллер 1945 жылдың 3 қарашасында дүниеге келген ол 1992 жылдан қазіргі күнге дейін «Баварияның» жасөспірімдер және әуесқой командаларын жаттықтырады;
Әлем чемпионы (1974 жыл) және Еуропа чемпионы (1972), әлем чемпионатының қола жүлдегері (1970);
Екі әлем чемпионатының финалдық турниріне қатысып, жалпы саны 13 ойын өткізіп, 14 гол соққан. 2006 жылы бразилиялық Роналдо басып озғанға дейін әлемдік доп додаларының үздік мергені болып келді;
ГФР құрамасының сапында 62 ойын өткізіп, 68 гол соққан;
Кәсіби футболдағы 18 жыл (1964-1982) ішінде 707 матч өткізіп, 628 гол соққан;
Еуропаның үздік футболшысы (1970), ГФР-дің 2 дүркін үздік футболшысы (1967, 1969), «Алтын бутсаның» 2 дүркін иегері (1970, 1972), ел чемпионаттарының 7 дүркін үздік мергені;
4 дүркін ГФР чемпионы, ел кубогының 4 дүркін, Чемпиондар кубогының 3 дүркін (1974, 1975, 1976), Кубок иелері кубогының (1967) және Құрлықаралық кубоктың иегері (1976);
Германияның ХХ ғасырдағы үздік футболшысы.
Шынында да, Г.Мюллерден доп тартып алу мүмкін емес-ті. Әрине, оны желаяқ жүйрік деуге де, сырықтай бойшаң деуге де болмайды. Ол – орта бойлы, тығыз денелі, төртпақ келген, еңсесін қашанда тік ұстайтын ойыншы. Ал оның ешкіммен соқтығысып қалса да құламайтын, аяғындағы доптан өлсе айрылмайтын себебі – денесінің, дәлірек айтқанда, аяқтарының қуаттылығында. Әр қара санының аумағы 62 см. болатын спортшының кім қақса да мәрмәр тасша мызғымауы тегін дейсіз бе?
1972 жылы ГФР құрамасымен екі рет кездескен КСРО командасының қақпашысы, даңқты киевтік динамошы Евгений Рудаков былай дейді:
– Немістердің екі ойында менің қақпама соққан 7 добының 6-ауы –Мюллердің еншісінде. Оған қарсы ойнау тіпті қиын еді. Біздің ең үздік қорғаушымыз Муртаз Хурцилаваның өзі Гердті тоқтата алмай, пұшайман болды. Шыны керек, мұндай адуынды шабуылшының адымын тұсау ешкімнің де қолынан келмес еді. Оның голқұмарлығы, ұрымтал сәтті еш уыстан шығармайтыны таң қалдыратын. Кейде оны мен, дөрекілеу салыстырсам, кешіріңіздер, кәдімгі ...итке теңейтінмін. Қолыңдағы наныңды абайсызда түсіріп алсаң, жерге тигізбестен қағып алып, қылғыта салатын төбет секілді Герд те қақпашы қолынан санаулы сантиметр алшақтаған ала допқа андыздай ұмтылатын. Сосын қанша өкінсең де, пайда жоқ: доп қақпа торында тулап жатады.
Мюллердің чемпионаты
Герд Мюллер әуелі өзінің туған қалашығы – Нердлингеннің командасында ойнады. Бала кезінен-ақ оның мергендігі анық байқалды. 1963 жылы қарсыластар қақпасына 197 (!) гол соққан жас шабуылшының шеберлігіне тәнті болған «Баварияның» бапкерлері оны Мюнхенге шақырады. Алайда, мұнда оның бірден жолы бола қойған жоқ. Салған жерден мергендігімен көзге түсе қоймаған ойыншыдан көңілі қалған жаттықтырушы Златко Чайковски оны қосалқы құрамға жібереді. Күндердің күнінде алаң жиегін күзетуден жалыққан жас Герд бапкерге барып: «Алдағы ойынға қатыстырмасаңыз, қайтып Нердлингенге кетемін!» – деп үзілді-кесілді шарт қояды. Кеше ғана келген «боқмұрыннан» ультиматум естігеніне намыстанған Чайковски одан сайын қырсығады. Осы сәтте мәселеге клуб президенті Нойдеккер араласып, жас ойыншыны кезекті ойынға бұйрықпен қостырмағанда, Г.Мюллердің, «Баварияның», жалпы неміс футболының болашағы осындай жарқын болар ма еді, жоқ па еді, кім білсін... Герд сол күннен бастап, 15 жыл бойы мюнхендік клубтың негізгі шабуылшысына айналды.
Г.Мюллер екі әлем чемпионатына қатысты. 1970 жылы Мексикада ол 6 ойында 10 доп соқты: Марокко құрамасының қақпасына – 1, Болгарияға – 3, Перуге – 3, Англияға – 1, Италияға – 2. Яғни, көріп отырғандарыңыздай, ол осы додада 2 рет хет-трик жасаған (бір ойында үш доп соққан). Г.Мюллер – бір әлем чемпионатында 2 рет хет-трик жасаған дүниедегі үш футболшының бірі (қалған екеуі – венгр Шандор Кочиш пен француз Жюст Фонтэн). Және оның голдарының бәрі дерлік нағыз ГФР құрамасына жеңіс әкелумен болды. Жалпы Бразилия құрамасындағы жарық жұлдыздарды есептемегенде, бұл біріншілікті Мюллердің чемпионаты деп айтуға толық негіз бар. Жартылай финалға дейін-ақ 8 доп соғып үлгерген ол Италиямен матчта да қос доп енгізді. Әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік ойын саналатын кездесудің бейнетаспасын қарап отырып, немістердің ерік-жігеріне риза боласыз. 7-минутта италиялық Бонисенья есеп ашты. ГФР футболшылары қанша тынбай шабуылдаса да, қарсы қақпаның кілтін таба алмады. Голдан әбден күдер үзілген кезде алғы шепке көмекке келген қорғаушы Шнеллингердің шірене тепкен добы құйындап барып қақпаға қойып кетті! Мюллер мен оның әріптестерінің қуанышында шек болған жоқ. Оның үстіне, қосымша уақыт бастала бере Герд өзінің кезекті голын соғып, тағы бір қуантып тастады. Бірақ италиялықтардан да бір мерген қорғаушы шықты: Бурньич есепті тағы да теңестірді. Бұдан кейін Рива мен Мюллер бір-бірден көзге түсті. Тамаша матчтың тағдырын 111-минутта Ривера шешті – 4:3.
«Өміріңіздегі ең өкінішті әділетсіздік деп нені айтар едіңіз?» деген журналистер сауалына Герд Мюллер «1970 жылғы доданың жартылай финалында Италиядан 3:4 боп ұтылуымыз» депті.
– Сол ойында төреші Италияның қақпасына екі пенальти белгілейтін жөні бар еді, – деп еске алады ол. – Оның үстіне, Беккенбауэр иығын шығарып алып, айқасқа толыққанды араласа алмады. Біз 2:1 есебімен ұтып жатқанымызда, Зигфрилд Хелд ашық тұрған маған пас берудің орнына қарсыласты алдап өтем деп, доптан айрылып қалды: 3:1 болуы әбден мүмкін есеп соның кесірінен 2:2 болды. Сол сәт есіме түскенде, Хелдті қазір де бір сабап алғым кеп тұрады.
Дүниеге қайта келген жан
Г.Мюллер қатысқан келесі, 1974 жылғы әлем біріншілігі оның Отанында өтті. Шабуылшы турнирдегі 7 матчта 4 гол соқты. Бұл жолы да ол команда үшін ауадай қажет жеңіс доптарының авторы атанды (жартылай финалда және ақтық бәсекеде). Сөйтіп, ол содан екі жыл бұрынғы құрлық чемпионатының алтынына қоса әлемдік доп додасының да бас жүлдесіне ие болды.
Алайда, сол чемпионаттың финалындағы соққан добы Герд Мюллердің ГФР құрамасы сапындағы... соңғы голы болды: шабуылшы бұдан әрі ұлттық командада ойнаудан бас тартты, бапкер Гельмут Шен қанша өтінсе де, көнбей қойды. Бұл кезде ол небәрі 29-ға да толған жоқ еді. Түсінесіздер ме, ол әлі қаншама гол соғар еді! Алаңнан қанжығасы майланбай кетуі сирек сұрмергеннің көрсеткіші онсыз да таң қаларлықтай (62 ойында 68 гол деген ғаламат нәтиже емес пе?!), онсыз да «Гол-адам», «Ұлт мергені» атанған тұлға, егер құрамадан ерте қош айтыспағанда Пелені де артқа тастар ма еді, кім білсін...
...Г.Мюллер 18 жылдық кәсіби карьерасының 15 жылын Мюнхеннің «Бавариясында» өткізді. Сосын үш жыл АҚШ-тың «Форт-Лодерлейл Страйкерз» клубында ойнады. 1982 жылы доп тебуді қойған ол содан бергі өмірінің 1991 жылға дейінгі кезеңін мүлде еске алғысы келмейді. Өйткені, бутсысын шегеге ілген ол бапкерлікке де, басқа тірлікке де қызықпай, ғұмыр бойы жиған-тергенін шашып-төгіп, ішіп-жеуден басқа түк бітірмеді.
– Футболдан кеткен соң мен үшін өмірдің мәні қалмағандай болды, – дейді Герд Мюллердің өзі. – Күнде таңертең кафеге барамын да, шарап ішіп отырып, айналама үйіріле қалатын зеріккен жұртқа қай голды қалай соққанымды баяндап, үйге қас қарая қызара бөртіп бір-ақ ораламын. Онда да мені кола қосылған виски күтіп тұратын...
Құдайдың құтты күнгі тірлігі осы болған соң, денсаулық та құриды, қанша көп болғанымен ақша да азаяды, отбасының да берекесі кетеді. Міне, осы кезде оған бұрынғы әріптестері көмекке келеді. Алкогольге тәуелділік дертіне шалдыққан Г.Мюллерді Ф.Беккенбауэр мен У.Хенесс дер кезінде емханаға жатқызып, психологиялық, қаржылық жағынан қолдау көрсетіп, толық айығып кеткенше қадағалаумен болады. Емханадағы 14 күннің өзі үшін адам төзгісіз азап болғанын мойындайтын Герд мырза содан бастап спиртті ішімдікті татып алмайды екен. 1991 жылды ол өзінің дүниеге қайта келген жылы санайды.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Біздің серіктес: FONBET