Жарнама
Жарнама

Гол соғатын қазақтар қайда?

20.03.2012, 20:46
Жарнама
Жарнама

Футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші туры өтті. Әзірге жүз пайыздық көрсеткішке ие үш клуб бар. Екі турда да жеңіске жеткен «Ақжайық», «Ертіс» және «Тараз» премьер-лига көшін бастады. Дегенмен алдағы уақытта турнир кестесіндегі командалардың орындары бастан-аяқ өзгеріп кетуі ғажап емес.

 Көш басына орналасқан Оралдың «Ақжайығы» бірінші турда Көкшетауда «Оқжетпесті» 3:0 есебімен жеңсе, бұл жолы өз алаңында «Атырауды» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Енді оралдықтар келесі турда елордаға қонаққа барып, «Астанамен» кездеседі. Міне, словак маманы Йозеф Скрлик командасының қаншалықты қарымды екенін сол кезде байқайтын боламыз.

 Биыл «Тараз» біраз команданы маңызды ұпайларынан айыратын секілді. Дегенмен өткен аптадағы жеңісі сенсацияға баланса, бұл жолғы ұтысы – заңдылық. Оның үстіне, Тараздағы ойын жасыл алаңға кілемше төселген ақ ұлпа қардың үстінде өтті. Сөйтіп, қарыласымен де, қармен де арпалысқан тараздықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы, «Таразды» легионерлері өрге сүйреп жүр. Бірінші турда «Астана» қақпасын Иван Перич пен Небойша Пртеняк тура көздесе, «Сұңқар» қақпасынан Мирослав Лелич саңылау тапты. Үшеуі де – серб. Сірә, серб маманы Любко Петрович «қамшысын» отандастарына үйіріп жатқан тәрізді. Бірінші турдан кейін «Тобылдың» әлеуеті туралы ерте бағамызды беріп қойыппыз. Өз алаңында «Қайратты» жүндей түткен «Тобылдың» түзде «Ертіске» шамасы жетпеді. Талғат Байсуфинов шәкірттері Данил Рихард қорғаған қақпаға қалауларынша гол соқты. Керекуліктерден 1:4 есебімен жеңілген «Тобылға» келесі тур да оңай болмайын деп тұр. Вячеслав Грозный өткен жылғы ел чемпионы Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды.

 Бірінші турдың орталық кездесуінде «Шахтер» Астанада «Ақтөбені» қабылдаған. Ойын бір сағат бойы бір сыдырғы өтіп, 69-минутта ғана есеп ашылды. Алаң иелерінің сапынан ең көп қауіп тудырған Сергей Хижниченко болатын. Оған қарсы Самат Смақовтың өзі қорғанып, Хижаға еш мүмкіндік бермеген. Бірақ Саматтың өз орнын сәл тастап кеткені сол еді, бұл ойында қорғаушының рөлін атқарған Лисенков Хижниченконың гол соғуына тосқауыл бола алмады.

 Ал енді Алматыда өткен екі кездесуге тоқталсақ, Талдықорғанның «Жетісуы» Қы­зылорданың «Қайсарын» 5:2 есебімен жеңді. Бірінші турда Алматыдағы ҚазЭУ стадионында Серік Әбдуәлиев шәкірттері қонақ ретінде ойнаған. Сөйтіп, «Сұңқардан» жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы да талдықорғандықтар кездесуін осы алаңда өткізді. Бірінші тайм 2:2 есебімен тең аяқталып, үзілістен кейін алаң иелері қонақтар қақпасына үш гол соқты. Ал хорват легионері Эдин Юнузович биылғы біріншілікте алғашқы хет-триктің авторы атанды. Айтпақшы, айта кетейік, стадионда адам өте аз болды. Бірінші турда ҚазЭУ трибунасы толып, адам сыймай кеткен болса, бұл жолы ойынды көруге 500-ге жетер-жетпес-ақ адам келіпті. Дегенмен оның өз себебі бар, өйткені қосарлана өткен ойында Алматының Орталық стадионында «Қайрат» «Оқжетпесті» қабылдаған еді. Сылбыр басталған ойынның көркі екінші таймда ғана ашылды. Түздегі масқара жеңіліс­терінің айыбын қарсыласын ірі есеппен жеңу арқылы ғана жуып-шаюға болатынын түсінген алаң қожайындары ақырындап тізгінді өз қолдарына ала бастады. Әсіресе команда ардагері Руслан Балтиевтің алаңға шығуымен «Қайраттың» ойыны жанданып шыға келді. Ақыры есеп 3:0-ге жетті.

 – Бүгін ойынымыз жүрді. Үш гол соқтық. Негізі, пенальтиді бізде Балтиев те тебеді. Сондай-ақ Руслан – команда капитаны. Бірақ тоқсан минут алаңда ойнауға әзірге дайын болмады. Сондықтан жігіттерді Неманья Йованович бастап шықты. Өкінішке қарай, Марк Гурман жарақат алып қалды. Қаншалықты ауыр жарақат екені медициналық тексерістен кейін белгілі болады, – деді «Қайрат» бапкері Дмитрий Огай.

 Шымкентте өтуі тиіс болған «Ордабасы» мен «Астана» матчы ауа райының қо­лайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Дамылсыз жауған ақ ұлпа қар қанша күресе де, алаңды жауып тастай берді. Ақыры матч инспекторы кездесуді кейінге қалдыруға ұйғарып, жиналған жұрт үйлеріне тарқасуға мәжбүр болды.

 Сонымен, алғашқы екі тур да аяқталды. Осы аралықта барлығы 40 гол соғылыпты. Оның 24-ін легионерлер соққан (Бұл – Қазақстан азаматтығын алған келімсектердің голдарын санамағандағы көрсеткіш). Нақты айтсақ, бірінші турда 18 гол соғылып, оның 10 голының авторы шетелдіктер болса, екінші турда соғылған 22 голдың 14 голы легионерлердің еншісіне жазылды. Ал қазақ футболшыларының екі турда соққан голдарының саны төртеу-ақ. Дегенмен, айта кетейік, клубтар сапындағы қазақтардың арасында шабуылшылар тым аз екен.

  ІІ — тур нәтижелері «Ақжайық» (Орал) — «Атырау» - 3:1  Голдар: Азовский, 30. Валканов, 36. Валканов, 60 — Данилюк, 43. «Тараз» — «Сұңқар» (Қаскелең) - 1:0  Гол: Лечич, 24. «Ертіс» (Кереку) — «Тобыл» (Қостанай) - 4:1  Голдар: Бақаев, 37. Шабалин, 72. Бақаев, 81. Мальцев , 90+2 — Де Соуза, 16. «Шахтер» (Қарағанды) — «Ақтөбе» - 2:0  Голдар: Хижниченко, 69. Вичюс, 80. «Жетісу» (Талдықорған) — «Қайсар» (Қызылорда) - 5:2  Голдар: Юнузович 16. Нұрғалиев, 43. Мұжықов, 53. Юнузович, 72. Юнузович, 84 — Нарзілдаев, 44. Cытник, 45. «Қайрат» (Алматы) — «Оқжетпес» (Көкшетау) - 3:0  Голдар: Кнежевич, 23-пен. Йованович, 48. Джорджевич, 69. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ алаш айнасы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров