"Ахмат" клубының және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Ресей Премьер лигасының 28-турындағы "Пари НН" командасына қарсы өткен кездесуді (2:0) қорытындылады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футболшы команданың маңызды ұпай еншілегенін және өз міндетіне қалай қарайтынын ашық айтты.
Самородовтың айтуынша, матч оңай басталмаған. Бірінші таймда қорғаныстағы түсініспеушіліктер мен шабуылдағы мүмкіндіктерді мүлт жіберу командаға біраз қиындық тудырған.
“Нәтижеге көңіліміз толады, үш ұпай еншіледік. Бірінші таймда қорғаныста аздап қателестік, шабуылда бірнеше сәтті пайдалана алмадық. Жалпы алғанда, мықты қарсыласқа қарсы жақсы ойын болды." – дейді Максим.
Үзіліс кезінде бапкерлер штабы жіберілген қателіктерді жіліктеп берген көрінеді. Осы түзетулердің арқасында "Ахмат” екінші таймда екі гол соғып, жеңісті жұлып алды.
Өз ойынына баға беруді ұнатпайтын Максим өзінің алаңдағы басты мақсатын нақтылап өтті. Ол үшін жеке статистикадан гөрі команданың пайдасы маңыздырақ.
“Өз ойыныма баға бергенді ұнатпаймын. Бірақ мен алаңда енжар болмауым керек, әрқашан командаға пайда әкелуге тырысамын. Гол соғу және нәтижелі пас шығару – бұл менің жұмысым.” – деп кесіп айтты Самородов.
Айта кетсек, Максим Самородов өткен айда командасының үздік ойыншысы атанған болатын.
Біздің серіктес: FONBET