Хосе Луис Феликс Чилаверт Гонсалес
1965 жылы 27-ші шілде, Лукада (Парагвай). Атақты қақпашы. Парагвайдың «Спортиво Лукеньо» клубының түлегі.
17 жасында-ақ «Спортиво Лукеньо» клубының негізгі қақпашысы болып үлгерді. Бірақ ол барлық уақытын футболға арнамады. Өйткені, спортпен қатар, ол жергілікті тұрып жатқан қаласының экономика факультетінде білім алды. Содан бастап футболдағы әріптесетері оны «Профессор» деп атап кетті. Кейіннен Хосе футбол алаңында да нағыз Профессор болды. Өзінің қақпасын күзетумен қатар, ара-тұра айып доптарын да орындап жатты. Хосе қай клубта ойнаса да, жан-жақта оның көреремендері үзілмеді. «Спортиво Лукеньода» үш жыл қатарынан қақпа күзеткен соң, «Гуарани» клубына ауысып, Парагвай чемпионы атанады. Аргентинаның «Сан – Лоренсосында» біраз доп теуіп, «Велес – Сарсфилдте» жалғастырады. Осы команда сапында 11 маусым өткізе отырып, оңтүстікамерикалық чемпиондар лигасы – Либертадорес кубогін, әлемнің үздік қақпашысы атағын үш рет және оңтүстікамериканың үздік ойыншысы атағын алады. 24 жасар Чилаверттің ұлттық құрамадағы алғашқы дебюті 1989 жылдың 27 тамызында Колумбияға қарсы болды. Осы ойында қарсыласының қақпасына пенальтиден гол салған Хосе жігіт, одан кейінгі ойындарда 7 гол! салып үлгереді. Оның 5-еуі пенальти болса, 3-еуі айып алаңынан салынған голдар еді. Жалпы салмағының ауырлығына қарамастан, ұлттық құрамада 74 ойын өткізеді. 1998 жылғы Франциядағы әлем мундиалында Болгарияға қарсы өткізген ойында айып алаңынан тепкен добы қақпаға кіруге сәл-ақ қалады. Дегенмен де, барлық әлем біріншілігінің ішінде қақпаға сес көрсеткен Хосе ғана болып отыр. Барлық кәсіби футболшылар секілді Чилаверт те кәрі құрлықта доп тебуді армандады. Еуропаға келудің де екі сәті түскен. Біріншісі, 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында Испаниялық «Сарагосаның» қақпасын үш жыл қатарынан күзеткен. Бірақ Хосе бұл жерде оңтүстікамерикадағыдай емін – еркін қимылдай алмады. Бапкерлер оған қақпадан шығып ойнауға тыйым салады. Мұндай ойын стиліне үйренбеген Парагвай мақтанышы Аргентинаның «Велес Сарсфилдіне» қайтып оралады. Ал екінші рет Еуропаға келудің сәті Хосенің 35 жасқа келгенінде болды. Бұл жолы ол Францияның «Страссбургінде» қақпашы жұмысын атқарды. Бұл елдің төменгі дәрежеде өнер көрсететін клубына келудің де себебі болғандай! Өйткені «Велес сарсфилдта» Хосе жылына 400 мың АҚШ долларын алса, ал француз чемпионатының аутсайдері «Стассбург» жылына 1 млн. АҚШ долларын беруге келісті. Чилаверт Эльзастықтарда бір жарым жыл ғана тұрақтайды. Клуб Франция кубогін ұтып алғанымен, екінші дивизионға түсіп қалады. Оның үстіне ауыр салмағы мен физикалық деңгейінің төмендеуіне байланысты, жергілікті басшылар Чилавертті клубтан қуып жібереді. Бірақ, Хосе қарап қалмай, «дені сау» деген қағаз алып, клубты сотқа береді. Сөйтіп, клубтан «жазықсыз» кеткені үшін 4,4 млн АҚШ долларын сұрайды. Бұл мәселе үш жылға дейін созылады. Кейіннен Париж соты Хосенің қолындағы аурухана қағазын жалған деп тауып, керісінше Чилаверттің өзінен 10 мың еуро шығын талап етіп, өзін алты айға дейін соттайды. Айта кететін мәселе, осы үш жыл соттасып жатып, біздің Хосе батыр Уругвайдың «Пеньяролында» қақпа күзетіп, кезекті титулға ие болып үлгереді. Ал өзінің футбол карьерасын «Велес Сарсфилдте» аяқтайды. Соңғы уақыттары Хосе Луис Феликс Чилаверт Гонсалес ақырын – ақырын ел саясатымен араласып, Парагвай президенттігіген үміткер болып жүр. Сондай–ақ, американдық «Юнивизион» телевизиялық желісінде спорт шолушысы қызметін атқарады. Өнер көрсеткен клубтары «Спортиво лукеньо» Парагвай (1982-1984), «Гуарани» Парагвай (1984), «Сан – Лоренсо» Аргентина (1984 – 1988), «Сарагоса» Испания (1988 – 1991), «Велес Сарсфилд» Аргентина (1991 – 2000, 2003 – 2004), «Страсбур» Франция (2000 – 2002), «Пеньяроль» Уругвай (2002 – 2003). Аргентина, Испания, Франция және Уругвайдың жоғарғы дивизиондарында 546 ойын өткізіп, қарсыластарының қақпасына 28 гол салған. Парагвай ұлттық құрамасында 74 матч өткізіп 8 доп соққан екен. Жетістіктері Парагвай чемпионы (1984), («Клаусура» 1993, «Апертура» 1995, «Клаусура» 1995, «Клаусура» 1998), Либертадорес кубогінің иегері (1994), Интерамерикана кубогінің иегері (1996), Судамерикана кубогінің иегері (1997), Франция кубогінің иегері (2001), Уругвай чемпионы (2003), Әлемнің үздік қақпашысы (1995, 1997, 1998), Аргентина чемпионатының үздік футболшысы (1996), Оңтүстік Американың үздік футболшысы (1996).Руслан БАҚЫТЖАН
Біздің серіктес: FONBET