«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Конференциялар лигасының төртінші турындағы «Виторияға» қарсы кездесу жайлы айтты.
Португалиялық клубпен болатын бәсеке бүгін кешке 20:30-да басталады.
«Бұл португалиялық команда тұрақты, өз чемпионатында үздік үштікке күресуде. Біз оларды зерттедік, өте мықты қарсылас, ойынның фавориті десе де болады. Алайда, барынша жақсы дайындалуға тырысамыз. Осыған дейін кестенің тығыз болуына байланысты команданың тынығып алуындағы қиындықтар туралы айтсақ, қазір олай емес. Лига Кубогіне жиналып, өнер көрсетуіміз ойын ырғағы тұрғысынан оңтайлы болған шығар, ұзақ уақыт ойнамаудың үлкен зияны болады. Жалпы, жігіттер күрделі кездесудің тосып тұрғанын біледі. Бірақ біз қарсыласты жақсы зерттедік, олардың мықты-осал тұстарын білеміз және соның барлығын алаңда іске асыра алуымыз маңызды», - деді Г. Бабаян.
«Астана» бірінші турда сербиялық «ТСЦ Бачка Тополаны» 1:0-мен ұтса, қалған екі кездесуде уэльстің «ТНС» командасы (0:2) мен кипрдің «Пафосынан» ұтылды (0:1). Бесінші турда елордалықтар Алматыда «Челсиді» қабылдамақ. Ал турнирдегі соңғы матчын 19-желтоқсанда Кипрде «Апоэльге» қарсы өткізеді.
Біздің серіктес: FONBET