«Астана» кеше масқара болып жеңілді.
Иә, дәл осылай бастадық. Басқа амалымыз жоқ. Елордалықтармен паралель ойнаған біраз команданың кешегі керемет камбэктерінен кейін осындай ойға қалып отырмыз.
Елордалық ұжымның жеткен жетістігіне ешкімнің таласы жоқ. Бұл тарих! Станимир Стойлов пен жанында болған Григорий Бабаянның нәтижесін әлі ешкім қайталай алмады. Тіпті, қашан қайталай алатыны да беймәлім. Бұл да факт. Кешегіден кейін кім не десе де, Бабаян мырзаның бапкер ретіндегі беделіне сызат түсіру қиын. Өзін әлдеқашан-ақ мойындатып қойған. Бір сөзбен айтқанда, бізде өзіндік орны бар маман. Бірақ, атағынан ат үркетін небір жаттықтырушылар жаман нәтижеден кейін қандай күй кешіп еді? Карло Анчелотти, Жозе Моуриньоға дейін өз орнын босатып берген жоқ па? Өйтпеген жағдайда, клуб басшылығы бар жанкүйерлері қосылып кететіндей жағдай жасайтын.
Григорий Константинұлының кешегісін біз сылтау деп қабылдадық. Болды. Сіздерге де біртүрлілеу көрінді ме? Жеке өз басымыз сәтсіздіктен кейін бұлай ақталған бапкерді көрмеппіз. Бүгін осылай болды, бірақ ... деп барып бұрынғының барлығын жіпке тізіп беру... Григорий мырза, біз үшін де «Астана» – АЯУЛЫ клуб! Ешқандай қайрат көрсете алмай, намыссыз жеңіліс тапқаннан кейін де солай қала бермек. «Астана» – қазақтың мақтанышы. Не үшін? Енді ол жағын өзіңіз де, қалың қазақ жанкүйері де біледі. Оның бәрін қайта тізіп жату артық болар, кеше онсыз да сізден кейін ештеңе қалған жоқ қой. Сондықтан, жеңілген соң бұлайша ақталудың қажеті жоқ. Мұныңыз жаман әдетке айналып кетпейтін шығар деп үміттенеміз!..
«Астанадай» топ-клубтан (әрине біздің өлшемдегі) әрқашан жоғары нәтиже күтіледі. Ел біріншілігінде де, Еурокубокте де. Әсіресе, халықаралық аренада. Қайтеміз енді, бұған өздеріңіз кінәлісіздер! Сондай жоғары планка қойып қойған өздеріңіз ғой. Соған сай болу керек. Бәріне керегі - қазір және осындағы нәтиже. Ал сіздер сылтауға арқа сүйейсіздер. Қандай атағы дүркіреген клуб иә бапкер болса да, шынайы бағасы соңғы нәтижесіне қарай болмай ма?! Солай болған, бола де береді. Григорий Константинұлы, небір командаларды жерден алып, жерге салып жататынын өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз?! Сондықтан, тапқан таянғанын бала шағасының аузынан салыққа жырып беретін, алтын уақытын бөліп стадионға келетін жанкүйерге сіздің сылтауыңыз емес, бас бапкер ретіндегі нәтижеңіз керек. Қазақ футболын, осындағы және әсіресе сіз бен біз қадір тұтатын «Астананың» жанкүйерлерін сыйласаңыз, дәл осылай ақталудың қажеті жоқ еді. Жұмсартып айтқанда, бұл «Астанадай» клубтың статусына және оның тізгінін ұстаған бапкерге жараспайтын қылық.
Біздің серіктес: FONBET