Жарнама
Жарнама

Григорий Бабаян: «Қазақстан Суперкубогіне дайындық тұрғысында айтарлықтай мәселеге тап болдық»

15.02.2021, 15:31
Командаға Түркістандағы стадионда жаттығуға рұқсат бермеді.
Жарнама
Жарнама

Қостанайлық "Тобыл" клубының бас бапкері Григорий Бабаян РФШ клубына қарсы өткен матч (0:0) туралы пікір білдіріп, ОЖЖ барысына тоқталды.

- Бәріңізге белгілі, біздің команда оқу-жаттығу жиындарын бәрінен кеш бастады. Міне, ұзақ үзілістен соң қайтадан алаңға шығып, бірінші ойынымызды өткіздік. Бірінші таймда команда әдемі футбол көрсетті, қорғаныста сауатты қимылдады, жалпы қимыл-қозғалыс тұрғысынан жақсы көрінді. Екінші таймда біз команданы толық ауыстырдық. Жас футболшылар көптеп шықты. Өкінішке орай, олар басымдықты беріп қойды, соның салдарынан қарсыластардың гол соғатын мүмкіндіктері жиіледі. Жалпы, жақсы ойын үлгісін көрсеттік. Жаттығу жиындарының осы кезеңінде тактикаға басымдық беру маңызды. Менің ойымша, бұл ойында біз жоспарды орындадық.

- Григорий Константинұлы, жалпы, Түркияда оқу-жаттығу жиыны қалай өтуде? Екінші ОЖЖ-ның жұмыс жоспары қандай?

- Әдетте дайындық кезеңін 8-10 қаңтарда бастайтынбыз. Бірақ биыл ОЖЖ екі аптаға кеш басталды, бұл – өте көп уақыт. Алғашқы жиын Қостанайда өтті, онда дене дайындығына баса назар аударылды. Екінші жиында төрт ойын жоспарланған. Өкінішке орай, қазір барлық командалар Анталиядан кетіп қалды. Біз мықты қарсыластар тапқымыз келген, бірақ қазір бұл мүмкін болмай тұр.

- Суперкубок ойындарына қатысасыздар. Биыл бұл бәсеке жаңа форматта өтеді. Пікіріңіз қандай?

- Бұл біз үшін жаңа тәжірибе, сөз жоқ, жақсы нәтижеге жетуге тырысамыз. Біз үшін жоспарланған бағдарламаны орындау өте маңызды. Суперкубоктің жаңа форматы өте қызықты, мұндай турнир бұрын-соңды болған емес. Бірақ қазір біз турнирге дайындық тұрғысында айтарлықтай мәселеге тап болдық. Себебі Түркістандағы стадионды бізге жаттығуға бермейді. Бізде жалғыз-ақ жол – Шымкенттегі «Биік» базасына бару. Мәселе мынада: Шымкенттен Түркістанға дейін екі сағаттан артық жол жүреміз. Күн сайын жаттығуларға барып, Шымкентке қайта ораламыз, бұл өте қиын болайын деп тұр. Қазір біз бұл жағдайдан шығудың жолын іздеудеміз. Сонымен қатар, «Биіктегі» алаңның сапасы ақпан айында жақсы жағдайда болады деп айта алмаймын. Осында үйренгендерімізді «Биікте» жоғалтып алғымыз келмейді.

- Сіз командамен бірнеше жаттығу өткіздіңіз. Қай шепте ойыншылар жетіспейді?

- Бірқатар футболшылардың командадан кетіп қалғаны белгілі. Қазақстанда футболға бөлінетін қаржының қысқартылғаны мәлім. Сол себепті бірқатар командалар кадр жағынан қиындыққа тап болды. Соңғы үш жыл ішінде командаға тірек болып, ойынқұраушы факторға ие болған жігіттер басқа клубтарға ауысты. Әсіресе, ойын жүйесінде өте маңызды рөл атқаратын орталық шеп ойсырап қалды. Біз Қазақстанды Конференция Лигасында таныстыратынымызды ұмытпауымыз керек. Сондықтан бізге сапалы орындаушылар қажет. Ал қазір жақсы футболшыны сатып алу өте қиын, өйткені қаржылық мүмкіндіктеріміз кедергі келтіреді.

- Көпшілікті клуб тәрбиеленушілері туралы сұрақ қызықтырады, олар осы маусымда мүмкіндік ала ма?

- Командада бәріне бірдей жағдай жасалған. Мені футболшының төлқұжаты да, жасы да қызықтырмайды. Егер назар аударсаңыз, бізде өткен жылы бастапқы құрамда 7-8 қазақстандық футболшы шықты. Мысалы, бүгін жас футболшылар ойнады. Мұның бәрі футболшының өзіне байланысты. Егер сен бәсекелестеріңнен артық болсаң, таңдау саған түседі. Соны ұмытпау керек.

"Тобыл" ФК баспасөз қызметі

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров