Жарнама
Жарнама

Халық қуанышы

28.03.2011, 23:03
Жарнама
Жарнама

«Футбол» дегенде ең алдымен есімізге Бразилияның түсетіні секілді, «Пеле» десек-ақ, бірден ойымызға Гарринча оралады. Бүгінгі сөз – даңқты футбол королінің жасыл алаңдағы сенімді серігі болған осы дүлдүл ойыншы туралы.

Гарринча және Пеле

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары жасал алаңдағы кестелі ойынымен жанкүйер жүрегін жаулаған осынау қос сайыпқыранның одан былайғы тағдыры мүлде басқа екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Пеленің даңқы футболды қойғаннан кейін де арта берді: ол киноға да түсті, ән де айтты, министр де болды, бизнеспен де айналысты. Ал Гарринча... Жарақаттануына байланысты карьерасын сәл ертелеу доғарған ол өмірінің соңын кедейшілікте өткізді. Бразилияның танымал футбол клубтарының бірі – «Ботафогода» жарқылдап жүргенде оның табысы да тамаша еді, ол өз отбасы мен туыстарын асырап қана қоймай, достары мен көршілерінің де қарыздары мен пәтерақыларын қайтарусыз төлей салады екен. Ақша үнемдеуге әуес емес Гарринчаның аңғалдығы мен сенгіштігін пайдаланған клуб қожалары оған тиесілі сан алуан сыйақыларды сол күйі бермегенімен қоймай, ақырында футболшыны өздеріне... «қарыз» етіп шығаруға да ұялмаған! Сөйтіп, оның алыс түкпірдегі мектеп балаларына футбол сабағын үйрету арқылы күн көруіне тура келген. Бір кездегі әріптесінің аянышты халін Пеле білмей қалған жоқ. Рио-де-Жанейродағы бір сәнді мейрамхананың ашылу салтанатына келген футбол королі кіре берісте тірі экспонат ретінде шоқиып отырған досын көріп, өз көзіне өзі сенбепті (салтанаттары ұйымдастырушылар беттері бүлк етпестен Гарринчаның қалған-құтқан атақ-абыройы арқылы жұртты қызықтырып, клиенттер санын көбейтпек болса керек). Досына жаны ашып, көзіне жас алған Пеле оған көмектесуге көпшілік алдында уәде беріпті, бірақ уәде сол айтылған жерде қалған көрінеді. Ақыры, 1983 жылдың желтоқсанында әбден азып-тозған Гарринча ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады.

Бразилия құрамасы 1962 жылы Англияны 3:1 есебімен жеңгенде, сол ойында 2 гол соққан шабуылшының шеберлігіне тәнті болған ағылшындар: «Бәлкім, Гарринча бізге басқа ғаламшардан келген болар? Әйтпесе, ет пен сүйектен жаратылған кәдуілгі адам баласы ала допты осыншама арбай ала ма?» – деп таң қалыпты. Арада 35 жыл өткенде, яғни, 1997 жылы бразилиялық жазушы Руй Кастро ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде даңқты спортшының шыққан тегін анықтап, «Жалғыз жұлдыз» атты кітап жазды. Кітапта футболшының толық өмірбаяны берілген. Гарринча, әрине, Жер бетіне Айдан немесе Марстан түспеген, оның бабасы Бразилияның солтүстік-шығысын мекендейтін фулнио атты үндіс тайпасынан бөлініп шығып, ХІХ ғасырдың ортасында Рионың төңірегіне көшіп келген екен.

Бұл дерек қатты қызықтырса керек, «Плакар» атты спорт журналының репортерлері іздеп-іздеп, елдің солтүстік-шығысындағы Пернамбуко штатының түкпірінен фулнио тайпасының Агуас Белас деп аталатын мекенін тауып алыпты. Қалашық аталмыш штаттың орталығы – Ресифи шаһарынан 314 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Онда 2 мыңнан астам үндіс тұрады дейді. Олар өздерінің бір тайпаласының атақты футболшы болғанын естісе керек және оны өте мақтан тұтатын көрінеді. «Гарринчаның қаланың қарбалас тіршілігіне, жалпы заманауи өмір сүруге бейімсіз болуы, бәлкім, сол түпкі тегіне – ешқандай уақытқа, қалам-қағазға, келісім-шарттарға тәуелді емес жайбарақат тірлік кешетін бабаларына тартқандығынан шығар?» деген топшылау жасайды «Жалғыз жұлдыздың» авторы.

Манэ ГАРРИНЧА

1933 жылдың 28 қазанында Пау-Грандеде (Бразилия) дүниеге келген;

Екі дүркін әлем чемпионы (1958, 1962 жылдар), сондай-ақ 1966 жылғы әлем чемпионатына да қатысқан;

1962 жылғы әлемдік доп додасының бас мергені және үздік футболшысы;

Оңтүстік Америка кубогының екі дүркін (1957, 1959) күміс жүлдегері;

Бразилия ұлттық құрамасы сапында 60 ойын өткізіп, 17 гол соққан;

«Ботафого» (1963-1965), «Коринтианс» (1966), «Португеза» (1967), «Фламенго» (1968-1969), «Олария» (1970-1972) клубтарында ойнаған;

1983 жылдың 20 қаңтарында Рио-де-Жанейрода қайтыс болған;

Рио-де-Жанейродағы «Ботафого» клубының стадионында оған биіктігі 2,5 метрлік ескерткіш қойылған;

Ел астанасы – Бразилиа қаласындағы стадион «Манэ Гарринча» деп аталады.

Гарринча және Ганди

Бразилиялық футбол жұлдыздарының өмірбаяны бір-біріне таң қаларлықтай ұқсас болып келеді. Тек жылдар мен айлардың, қалашықтар мен командалардың аттары ғана өзгеріп отырады: Леонидас, мәселен, Рионың маңайында туған, Пеле – Трэс Корасоэсте, Ромарио – Пеньяда, Гарринча – Пау-Грандеде дүниеге келген. Әрі қарай бәрі тура «сценарий бойынша»: тәй-тәй басқаннан бастап аулада доп қуу, сынған терезелер, «сабағыңды оқы!» деп шырылдаған байғұс шешелер... Алайда, оқудың орнына бәрінің де қаршадайынан жұмыс істеуіне тура келген. Мысалы, Пеле 10 жасынан базарда жұрттың бәтеңкесін тазалаған, титтейінен газет сатқандар, көшеде көлік жуғандар да аз емес. Ал Гарринча 14 жасынан «Америка Фабрил» тігін фабрикасында жұмыс істеуге мәжбүр болған...

Манэнің (футболшының толық аты-жөнінің қысқартылған түрі) кәсіби спортқа келу жолы әсте жеңіл бола қойған жоқ. Ол әуелі «Васку да Гама», «Флуминенсе», «Сан-Кристован» клубтарына барып, бақ сынамақ болған. Бірақ ондағылар тыриған маймақ бозбаланың өзін байқап көрмек түгілі, сөзін де тыңдағысы келмеген. Тек көпті көрген көсем негр Жентил Кардозо ғана («Ботафогоның» бас бапкері) оның қисық аяғына доп беруге көнген. Ал Гарринчаның аяғына доп тиген соң, онымен сөйлесудің де қажеті жоқ еді...

Манэ бапкер үмітін алғашқы ойында-ақ ақтады. Рио-де-Жанейродағы «Ботафого» – «Бонсусессо» (есеп 6:3) матчында ол үш доп (біріншісін – пенальтиден, екіншісін – айып соққысынан, үшіншісін – қарсылас команданың барлық қорғаушылары мен қақпашысын алдап өтіп, бос қақпаға) соқты! Мұндай дебютпен кім мақтана алады? Даңқты Пеленің өзі тұңғыш ойынында жалғыз доп соққан, үшінші голын тіпті сегізінші матчында ғана енгізген. Ал Гарринча – бірден үшеуін!

Ол – футболдың жаңа философиясын дүниеге әкелген жан. 1960 жылдың 27 наурызында әлемге әйгілі «Маракана» стадионындағы «Флуминенсе» мен «Ботафого» матчында әдеттегідей әсем қимылымен қорғаушы Пинейроны жолда қалдырған Манэ қақпашымен бетпе-бет шықты. Ол «бірден тепсем бе екен, әлде қақпашыны алдап өтсем бе» деп ойша шешім қабылдап үлгермей жатып, ту сыртынан ыңырсыған дыбыс естілді. Жалт бұрылған ол аяғын құшақтап, жерде дөңбекшіп жатқан Пинейроны көрді: шамасы, мұның финтіне алданған қорғаушының оқыс қимылдағаннан аяқ сіңірі оңбай созылса керек, жаны көзіне көрінген байғұс ыңырсып, тынымсыз домалайды.

Мән-жайды түсінген Манэ қалт тоқтады да, допты аутқа теуіп жіберді.

«Ботафогоның» тілеулестерінің бұл сәтте қандай күйде болғанын көз алдыңызға елестете беріңіз: команда ұтылып жатыр, есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік туып еді... мына бір маймақтың бүлдіргенін көрмейсіз бе? Ал бұл туралы Бразилия футболының ұлы жылнамашысы Марио Фильо былай жазды: «...Сол сәтте Гарринча футболдың Гандиіне айналды. Ол алаңдағы кескіленген қайсарлық пен өрлік арасын жарып шыққан аппақ гүл іспетті еді...». Расында да, ол осынау әрекетімен жанкүйерлерге де, әріптестеріне де, қарсыластарына да, алаң жиегінде отырған бапкерлерге де футболда осыған дейін олар байқай қоймаған бір құдіреттің барын сездіргендей болды. Ол жұрттың көзіндегі шелді сылып алып тастап, футболдың тек денелердің соқтығысуы, тосын финттер мен соққылар, техника мен тактика, голдар мен кубоктар ғана емес, сонымен қатар адам бойындағы сезімдер мен мінездердің тайталасы екенін ашып көрсеткендей еді. Бұл тартыста жеңіп шығатындар – тек ең күшті, ең епті ғана емес, ең әділ, ең лайық та болғаны жөн...

Гарринча, әрине, мұның бәрін ойлаған да жоқ. Ол тек сезінген шығар... Пинейроны зембілге салып алып кеткеннен кейін «Флуминенсе» ойыншысы допты қапталдан қолымен тастап ойынға қосты. Доп алдына келген қорғаушы Алтаирдің де санасына бір тылсым құдірет сәуле шашқандай болды. Ол ойынды бұрынғыдай жалғастыра салудың дұрыс еместігін ұқты. Манэнің кеңпейіл әрекетін жауапсыз қалдыруға болмайтынын сезді. Сөйтті де, әріптесі берген допты... бірден аутқа тепті... Содан бері әлемнің барлық стадиондарында да әлгіндей сәттер кезінде ойыншылар осы дәстүрді сақтайды.

Гарринча және футбол

Ұлттық құрама сапында 57 ойын өткізіп, 15 доп соққан Гарринча үш әлем чемпионатына қатысты (1958, 1962, 1966). Екі рет алтыннан алқа тақты. Ол әсіресе 1962 жылы Чилиде өткен додада айрықша көзге түсті. Англияның қақпасына соғылған үш гол да соның еңбегі еді. Алғашқысын ол... баспен соқты. Тұңғыш рет! Өйткені, Гарринча бала кезінде әбден су сіңіп, балшық баттасқан бір допты баспен ұрып көрген екен, содан басы ауырып, жүрегі шайлығып қалыпты. Екіншісінде шабуылшы әуелеп келген допты аяғының алқымымен әдемілеп ұрып тура тоғыздыққа түсірді. «Құрғақ жапырақ» деп аталатын бұл соққыны бәрі де Гарринчаның командалас әріптесі – Дидидің әдісі деп атайтын. «Несі бар, бұл әдісті Гарринча әріптесінен артық орындамаса, кем орындамайды екен» деп жазды ертесіне ағылшын газеттері. Ал чилилік басылымдар: «Оның қисық аяғымен допты қалауынша билететін әрекетін баскетболшылар қолымен де қайталай алмас», – деп сүйсінді.

Гарринча жартылай финалда да жарқырай көрінді. Жалпы бұрын Пеле мен Ваваға пас шығарып беріп, солардың көлеңкесінде жүретін Манэ осы чемпионаттың нағыз жұлдызына айналды. Чилимен ойында ол өзі екі доп соғып қана қоймай, Ваваға да қос нәтижелі пас шығарып берді. Оған еш қарсы тұра алмағандарына ашынған алаң иелері шабуылшыдан қайтіп кек аларын білмеген секілді. Әйтеуір қорғаушы Эладио Рохас оның соңынан түсіп, қайта-қайта шалып жыға берді. Әбден төзімі таусылған Гарринча (ол ешқашан дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермейтін) кезекті жығылыстан соң, орнынан атып тұрып, бұзақыны қуа жөнелді. Рохас безектеп қашты. Қуып жеткен Гарринча әзілдеген сыңай танытып, бутсысының ұшымен оның құйрығынан жәй ғана түрте салды («тепті» деуге мүлде келмейді). Алаңдағы ойыншылардың бәрі де (бразилиялықтар да, чилиліктер де) қыран-топан күлкіге батты. Рохас та ыржиып, Манэмен қол алысып, татуласқалы тұр еді, перулік төреші Мальдонадо Ямасаки... шабуылшыны алаңнан қуып шықты! Гарринча кетіп бара жатқан кезде оның басына трибунадан әлдекімнің лақтырған бөтелкесі тиіп, дәрігердің көмегіне жүгінуге тура келді.

Бразилия мен Чехословакия кездескен финалдық матчтың алдында турнирдің тәртіптік кеңесінің басқосуы болды. Онда таң қаларлық шешім қабылданды: әлемдік біріншіліктер тарихында тұңғыш рет алаңнан қуылған ойыншыға келесі матчқа қатысуға рұқсат етілді. Финалда да Гарринча өз командасының барлық шабуылына қатысып отырды.

Бразилияның осы бір ғажайып футболшысының толық аты-жөні – Мануэл Франсиско дос Сантос (қысқаша Манэ). Бірақ бүкіл әлем оны Гарринча деген лақап атпен таниды. «Гарринча» – Бразилияның таулы өңірлерінде ғана кездесетін, халық сенімі бойынша, адамдарға бақыт әкелетін кіп-кішкентай ғана құс екен. Футболшыны жұрттың неге олай атап кеткені қазір ешкімнің есінде жоқ, бірақ өзімен «аттас» құс секілді Гарринчаның да қаншама жыл бойы адамдарға бақыт сыйлағаны рас. Жанкүйерлердің оған «Халық қуанышы» деп айдар тағуы әсте тегін емес. Жоғарыда аталған Марио Фильоның Пеле мен Гарринчаны салыстыра отырып: «Пеленің ойынына куә болғанда, өзіңді футбол ордасына тап болғандай сезінесің, ондай жерде ризашылығыңды сән-салтанатты түрде, ұзақ қол шапалақтаумен білдіру жөн саналатын секілді. Ал Гарринчаны көргенде көрермен өзін цирктегідей сезінетін. Өйткені, Манэ әрбір жанкүйерді жас балаға айналдырып жіберетін...» – деуі де сол себепті болса керек.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров