Жарнама
Жарнама

Хольгер ФАХ: ФУТБОЛ – МЕНІҢ ЖҰМЫСЫМ, КӘСІБІМ, ӨМІРІМ!

07.11.2011, 23:02
Жарнама
Жарнама
Немістің белгілі футбол маманы Х.Фах Елорда командасының «Локомотив» атанған тұсында келіп, «Астана» атауына ие болған кезде командадан кететінін мәлімдеді. Астаналық футболшылар оның басшылығымен ел біріншілігінің кубогын, суперкубокты жеңіп алды. Бұл – аз табыс емес, әрине. Германияның жоғары тобында 12 жыл доп қуған, осы елдің ұлттық және Олимпиялық құрама командаларында талай жыл табысты өнер көрсеткен тәжірибелі бапкер Қазақстан, оның астанасы, жалпы спорт туралы жер-жерде өз ойын, пікірін айтып жүрді. Кейбір толғамдарын ой салар деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қазақстанға баратынымды естігенде жерлестерім қарсы болды: «Қайда бара жатырсың, онда өмір сүру мүмкін емес!», – деп. «Барып көріңдер, – дедім мен. – Бармай, көрмей жатып, бал ашпаңдар». Бізде солай! Қазақстанға келгенімде күз еді, әдемі қалаға тап болдым. Алайда осы қаланың небәрі 10 жылда бой көтергенін естігенде, шалқамнан түсе жаздағаным бар. Ондай болуы мүмкін емес қой! Астанада тұрған жылдарым – бақытты шақтарым. «Қазақстанда-2030» деген жазбаны жиі кездестірем. Бұл – Қазақстан өз стратегиясын жасап алған, дұрыс, түзу жолда келе жатыр деген сөз. Бірақ мұнда демалатын қоғамдық орындарда музыканы айқайлатып қояды екен. Ал Еуропада бұлай емес. Мейрамханаларда гүрілдеген, дуылдаған музыка жоқ. Ал бұл елде осылай болуға тиіс секілді. Қонақ үйге ертеңгілік ас ішуге келсең де сол, алдыңнан тағы даңғаза айқай, шу шығады. Ақырын тыңдауға болады ғой. Сіздерде өмір сүру деңгейі жоғары. Бұған көзім толық жетті. Ал Еуропадағылар, оның ішінде әлгі айтқан менің жерлестерім кері пікірде. Олардың бәріне қалай түсіндіріп жатасың? Астананың қысқы суығы туралы жиі еститінмін. Сол суықты көрмей, сезінбей кеттім. Өйткені қысты жылда оңтүстікте өткіземіз. Қазақстаннан тысқары жерде. Келе сап, қонақ үйге тартамыз, сосын – стадион. Бар көргеніміз осы. Қазақстанда соғыс баяғыда бітсе де, Жеңіс күнін тойлайды екен. Ал Германияда ол туралы тіпті де ойламайды. Басым көпшілік осыдан 65 жыл бұрын аяқталған соғыстың барып тұрған ақымақтық екенін біледі ғой. Немістер үшін кез келген соғыс – бассыздық. Германияда жүрген кезде «Локомотив» өте бай клуб секілді көрінетін. Қанша дегенмен, ел астанасының командасы ғой. Қателескен екенмін. Ойыншыларға 7 ай жалақы бермеді деген не сұмдық! Жаңа команданы сапқа қою үшін толық үш жыл керек. Үлкен қаржы керек. Оны бәрі біледі. Германиядан маман келсе, команда чемпион болады деп ойлайды. Бұл – «Бавария» емес қой. Мені «Локомотив» 10 ойыншымен қарсы алды. Ал жастар қайда? Таңат Нөсербаевтың талантын тану үшін маған 10-ақ минут керек болды. Тіпті 3-ақ минут. Жамбыл Көкеевтің жақсы футболшы екендігіне таласым жоқ. Жақсы футболшы көп ақша алып, ең күшті командада ойнауы керек. Бапкерлерді жұмыстан интернет бойынша босата бастадық. Дауыс беру арқылы. Сайтта: «бапкерді босату керек пе?», – деген сұрақ қойылады, «босатқың» келсе, кнопканы баса қоясың. Болды. Басқа бапкер келеді. Жанкүйерге ол да ұнамай қалады. Оны да босатады. Бұл бассыздық қой! Не айтса да, бапкерді тыңдау керек. Өйткені команданың ертеңіне жауапты сол. Ол өзін жарға итермейді. Футбол – менің жұмысым, кәсібім, өмірім! Қазақстандағы күндерім аяқталды, бірақ өмір аяқталған жоқ. Қазақстандықтарға тек жақсылық тілеймін, рахмет!
Халық сөзі
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Ел кубогы кімге бұйырады?
Келесі жаңалық
Кеншілер өрісі кеңіді