Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Лео Игита Әлем чемпионатының 1/8 финалындағы қарсыласы Португалиямен өтетін ойын алдында жанкүйерлерге үндеу жолдады. Жаһанның 5 мәрте “Үздік қақпашысы” атанған Игита Өзбекстанда өтіп жатқан байрақты бәсекеде әрбір қазақстандықтың қолдауын сезініп жатқанын жеткізген.
”Бірінші кезекте жанкүйерлерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңыз бізге демеу болуда. Әрбір жазылған пікірді оқып, жылы лебіздеріңізден күш-жігер алып отырмыз. Осы бір сындарлы сәтте бізбен бірге керемет сезімді жанкүйерлер де бастан кешіп жатыр деп ойлаймын. Әсіресе, алыс жолды артқа тастап Өзбекстанға келіп бізге қолдау көрсеткен фанаттарға айрықша рақметімді айтамын. Аренада тамаша атмосфера жасап, өз үйімізде ойнап жатқандай әсер алудамыз. Алда ең маңызды кездесу күтіп тұр. Португалияны да Сіздердің демеулеріңізбен жеңеміз деген сенімдеміз. Ашығын айтсам, келесі қарсыласымызды жеңу үшін аланда жанымызды беруге әзірміз. Барша қазақ халқын қуантқымыз келеді. Жанкүйерлермен біз 100 есе күштіміз!”-дейді Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Лео Игита.
Айта кетейік, 26 қыркүйекте Әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалия-Қазақстан кездесуі өтеді. Матч Астана уақытымен 20-00 басталады. Бұл ойынды қазақстандық көрермен “Qazsport” телеарнасынан тамашалай алады.
Біздің серіктес: FONBET