«Ақтөбе» клубының бас бапкері Игорь Черевченко Қазақстан Премьер лигасының 28-туры аясында «Ордабасыдан» 1:3 есебімен жеңілгеннен кейін төрешілердің шешімдеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Маманды әсіресе қарсыластың алғашқы голына негіз болған айып добын белгілеу шешімі қынжылтқан.
Черевченконың айтуынша, үзіліс кезінде ойыншыларға екінші таймның алғашқы 15 минутында барынша мұқият болу керектігі ескертілген. Себебі қарсыластың қысымы күшейетінін команда штабы алдын ала болжаған. Алайда «Ақтөбе» футболшылары қателіктерге жол беріп, екі гол жіберіп алды.
Бапкер қарсыластың алғашқы голына дейін ереже бұзушылық болмағанын алға тартты. Оның пікірінше, төреші айып добын белгілемеуі керек еді. Черевченко футболдағы ұсақ көрінетін шешімдердің өзі матчтың барысына елеулі әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Футболда ұсақ-түйек болмайды. Осындай шешімдердің кесірінен ойын мүлде басқа арнаға бұрылып кетеді. Кейбір адамдар өздерін өзгелердің тағдырын шешетін әміршілердей ұстайды. Олар клуб басшыларының командаға қанша қаражат жұмсайтынын, демеушілердің қандай қолдау көрсететінін түсіне бермейді. Адамдар келіп, өз мәселелерін шешеді де, өзгелердің тағдырына ықпал етеді. Бұл циркке көбірек ұқсайды», – деді «Ақтөбе» бапкері.
28 турдан кейін «Ақтөбе» 45 ұпаймен Қазақстан Премьер лигасының турнирлік кестесінде бесінші орында тұр. Ал «Ордабасы» 67 ұпай жинап, көш басындағы орнын сақтап қалды.
Біздің серіктес: FONBET