Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Игорь Шацкий Қазақстан Премьер лигасының өткен маусымындағы қақпашылардың ойынына баға берді.
Sports24.kz порталына берген сұхбатында Шацкий биылғы маусымда бірнеше қақпашы жоғары деңгейлі ойын көрсетіп, тұрақтылық танытқанын айтты.
“Көптеген жігіттер өзін жақсы қырынан көрсетті. Әсіресе Темірлан Анарбековтің дамуы ерекше байқалады. Ал Александр Заруцкий өте жақсы маусым өткізді – егер жарақат алмағанында, “Қайраттың” жетістігіне қосқан үлесі одан да зор болар еді. Сондай-ақ “Жеңіс” қақпашысы Сергей Игнатовичтің де сенімді ойынын атап өтер едім.” — деді ол.
Тәжірибелі қақпашы сонымен қатар елдегі қақпашылар арасындағы бәсеке жыл сайын артып келе жатқанын және командалардың қорғаныс жүйесі де жетілгенін айтты.
“Жас қақпашылар аяқпен ойнау мен допқа шығуда батыл бола бастады. Бұл чемпионатты одан әрі қызықты ете түседі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы қақпашылар мектебі дамып келеді. Енді жас жігіттер клуб деңгейінде ғана емес, ұлттық құрамадағы орын үшін де күресуге дайын.” — деп қорытындылады Шацкий.
Біздің серіктес: FONBET