Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Игорь Шацкий өзінің мансабын туған қаласы — Қарағандының “Шахтёр” клубында аяқтағысы келетінін айтты. Бұл туралы ол Freedom QJ League подкастында Дмитрий Нестеренкоға берген сұхбатында мәлімдеді.
“Ертең не болатынын ешкім білмейді. Қазір “Шахтёр” Бірінші лигада ойнап жатыр, клубта да, менің өз өмірімде де қиындықтар бар. Бірақ адам мұндай кезеңдерден абыроймен өтуі керек. Мүмкін, бұл сынақтарды құдайдың өзі арнайы беріп тұрған шығар. Сол үшін сабырмен қабылдаймын.
Қарағанды — менің туған қалам, ал “Шахтёр” маған өте көп нәрсе берді. Сол себепті команда Бірінші лигаға түскен кезде де, онымен бірге қалуға шешім қабылдадым. Дұрыс па, бұрыс па — оны кейін, карьерам аяқталған соң бағалаймыз.” — деді Шацкий.
Шацкий сұхбат барысында Қазақстан құрамасындағы мансабын уақытша тоқтатуға дайын болғанын да мойындады:
“Егер Бірінші лигаға барсам, ұлттық құрамамен қоштасуым мүмкін екенін білдім. Бірақ мен өзімді шынайы бағалаймын, футболға реалистік тұрғыдан қараймын. Сондықтан бұл шешімді саналы түрде қабылдадым.”— деді қақпашы.
Біздің серіктес: FONBET