Италияда қайғылы оқиға орын алды — "Интер" клубының қақпашысы Жозеп Мартинес қатысқан жол апатында 81 жастағы мүгедек арбасындағы ер адам көз жұмды.
Оқиға бүгін таңертең Миланда, шамамен сағат 9:30-да болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 27 жастағы Испан қақпашысы жаттығуға бара жатқан жолда мүгедек арбасымен келе жатқан қарияны қағып кеткен. Тергеу деректеріне қарағанда, апаттың алдында марқұмның денсаулығы күрт нашарлап, ол кенеттен жолға шығып кеткен болуы мүмкін.
Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына дереу жеткенімен, дәрігерлер қарияны аман алып қала алмады. Реанимациялық шаралар нәтиже бермей, ол сол жерде көз жұмған.
Жозеп Мартинес оқиға болған сәттен бастап полициямен толық ынтымақтастық танытып, түсініктеме берген. Қақпашының өзі қатты күйзеліске түскен деп хабарланды.
Қайғылы жағдай бүкіл "Интер" ұжымын дүр сілкіндірді. Бас бапкер Кристиан Чивудың жоспарланған баспасөз мәслихаты дереу тоқтатылды. Клуб жақын уақытта ресми мәлімдеме жасамақ.
Біздің серіктес: FONBET