Жазғы трансферлік кезеңнің ең ірі оқиғасы аяқталды. Англия тарихындағы рекордтық сома 130 миллион фунт стерлингке Александр Исак "Ливерпульге" ауысты.
Жаңа маусым алдындағы дайындықты әдейі өткізіп, команда шешіміне қарсы шыққан Швед шабуылшысы "Ньюкасл" жанкүйерлерінің суық шығарып салуына қарамастан, қоштасу сөзін жариялады.
Исак Instagram парақшасында:
"Командадағы әріптестеріме, бапкерлерге және ең бастысы, Ньюкасл қаласына және жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Біз бірге өткен үш жыл ұмытылмас кезең болды. Бірге тарих жаздық, клубты өз орнына алып келдік. Чемпиондар лигасына шықтық, жетпіс жылдан кейінгі алғашқы трофейді алдық. Бұл сапардың бір бөлігі болғаным мен үшін үлкен құрмет. Мәңгі ризамын. Рахмет, Ньюкасл.” – деп жазды.
Алайда Исактың жанкүйерлермен қарым-қатынасы соңғы айларда нашарлап кеткен еді. Ол жаз бойы "Ливерпульге” ауысуды талап етіп, клуб жаттығуларына қатысудан бас тартты. Соның салдарынан "Ньюкасл” жедел түрде жаңа шабуылшы іздеуге мәжбүр болды.
Клуб ресми сайтында Исактың кетуін растағанымен, оның командадағы жетістіктері мен рөліне қатысты жылы сөздер айтпады. Бұл мәлімдеме жанкүйерлер арасында түрлі пікір туғызды.
Исак енді "Энфилдте” мансабын жалғастырады, ал "Ньюкасл” өз тарихындағы ең қымбат сатылымнан түскен қаржыны трансферлік нарықта тиімді пайдалана ала ма уақыт көрсетпек.
Біздің серіктес: FONBET