Жарнама
Жарнама

Ислам Чесноков пен “Хартстың” жорығы – Қазақстандық Ұлы Британияда тарих жазуға жақын

24.03.2026, 18:04

Шотландия футболында соңғы қырық жыл бойы бұлжымай келген бір жазылмаған заң бар. Ол – чемпиондық тақ тек Глазгоның қос алпауыты — "Селтик" пен "Рейнджерске" ғана тиесілі. Алайда 2025/26 жылғы маусым бұл қатып қалған қағиданы тас-талқан етуге жақын. Эдинбургтің "Хартс" клубы турнир кестесінде көш бастап, бүкіл әлемді таңғалдыруда. Бірақ Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл жай ғана шетелдік біріншіліктегі сенсация емес. Бұл — ұлттық мақтанышымыз Ислам Чесноковтың тарихи миссиясы. Отандасымыз доп тебетін ұжым 66 жыл бойы зарыға күткен титулға бір табан жақын тұр. Егер "Хартс" бұл қарқынын сақтаса, Чесноков Шотландия футболындағы дәуірлер тоғысын өзгерткен алтын құрамның басты кейіпкерлерінің біріне айналмақ. Aladop.kz бұл материалында Шотландия төріндегі тартыстың математикалық есебін түгендеп, Чесноков пен "Хартстың" тарихи мүмкіндігіне сараптама жасайды.

Жарнама
Жарнама

Шотландия Премьер лигасында чемпиондық талас нағыз қызған шағына жетті. Қазіргі таңда турнир кестесін 31 матчтан кейін 66 ұпай жинаған “Хартс” көш бастап тұр. 

“Рейнджерс” 63 ұпаймен екінші сатыда. Дегенмен Глазго клубының гол айырмасы (+30) көшбасшыдан сәл жоғары (+28), бұл ұпайлар теңескен жағдайда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

“Селтик” 61 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. Олардың гол айырмасы — +22. 

Маусым аяқталуға жақын қалса да, алтын жүлде үшін талас әлі толық шешілген жоқ. “Хартс” қазіргі басымдығын сақтап қала алса, Шотландия футболында тарихи нәтиже тіркелуі мүмкін. Алайда “Рейнджерс” пен “Селтик” секілді алпауыттардың өкшелеп келе жатқаны қалған ойындардың өте тартысты өтетінін аңғартады.

Бұл жағдайдың тарихи маңызы өте жоғары. 1984/85 жылғы маусымнан бері ел біріншілігінде “Селтик” пен “Рейнджерс” екеуінен бөлек ешбір команда чемпион атана алмай келеді. Осыдан 40 жыл бұрын бұл қос алпауыттың үстемдігіне соңғы рет тосқауыл қойған клуб — “Абердин” болатын. Ал “Хартстың” өз тарихына үңілсек, 1874 жылы негізі қаланған көне ұжым соңғы рет 1959/60 жылғы маусымда алтын жүлде иеленген. Демек, Эдинбургтік клуб қазіргі таңда бір жағынан “Old Firm” дербиі өкілдерінің ұзақ жылға созылған гегемониясын тоқтатуға, екінші жағынан өз тарихындағы 66 жылдық үзілістен кейін чемпиондық тақты қайтаруға өте жақын тұр.

Қазіргі уақытта “Хартстың” алдында чемпиондық тағдыры шешілетін нақты жеті ойын тұр. Ресми күнтізбеге сәйкес, біріншіліктің негізгі кезеңіндегі соңғы екі матч келесідей: 5 сәуірде сырт алаңда “Ливингстонға” қарсы, ал 11 сәуірде өз алаңында “Мазервеллмен” кездеседі.

Шотландия Премьер лигасының ережесі бойынша, 33 турдан кейін лига екіге бөлінеді. Үздік алтылыққа енген командалар өзара тағы бес матч өткізеді. Демек, “Хартс” алтын жүлдеге жету үшін тек қазіргі қарқынын сақтап қана қоймай, психологиялық қысым ең жоғары болатын осы шешуші кезеңнен де сүрінбей өтуі тиіс.

“Хартстың” басты артықшылығы — олар тек турнир кестесінде көш бастап қана қоймай, психологиялық қысымға төтеп бере алатынын да іс жүзінде дәлелдеп келеді. Соңғы турда “Дандиді” 1:0 есебімен қапы қалдырып, бірінші орнын нық сақтап қалды. Дәл осы демалыс күндері басты бәсекелестерінің нәтижелері де әртүрлі болды. “Рейнджерс” өз кезегінде “Абердинді” 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, “Хартсқа” түсетін қысымды күшейтсе, “Селтик” күтпеген жерден “Данди Юнайтедтен” 0:2 есебімен ұтылып, көшбасшыдан бес ұпай артта қалып қойды. Демек, “Хартсқа” чемпиондық жолында тек өз ойындарына назар аударып қана қоймай, әр тур сайын ізіне түскен қарсыластарының әрекеттерін де ескеріп отыруға тура келеді.

“Хартс” клубының биылғы маусымдағы көшбасшылығы кездейсоқ емес екенін ресми нәтижелер де айқын дәлелдеп отыр. Маусым барысында олар басты бәсекелесі “Селтикті” екі рет жеңіп (3:1, 2:1), бір рет тең түсті (2:2). Ал “Рейнджерспен” өткен кездесулерде бір жеңіс (2:1) және екі жеңіліс (0:2, 2:4) тіркелді. Демек, “Хартс” бұл чемпиондық додаға тек қарсыластарының сүрінгеніне сеніп қана емес, тікелей бәсекелестерінен маңызды ұпайларды өз күшімен жұлып алу арқылы шығып отыр. Бұл — олардың алтын жүлдеден басты үміткер екенін көрсететін нағыз чемпиондық уәж.

Тактикалық тұрғыдан алсақ, “Хартстың” чемпиондыққа апарар жолы аса күрделі емес. Темірдей тәртіп, жинақы қорғаныс және есепті сақтап қала білу. Соңғы турлардағы “Абердинді” (1:0) және “Дандиді” (1:0) ұтуы, сондай-ақ “Килмарноктан” (0:1) дәл осындай минималды есеппен ұтылуы бір нәрсені аңғартады — бұл ұжым матч тағдырын көбіне ұсақ детальдар арқылы шешіп жүр.

Мұндай стиль маусымның шешуші кезеңінде өте тиімді болғанымен, өзіндік тәуекелдері де бар. Кез келген кездейсоқ қызыл қағаз, стандартты жағдайдағы қателік немесе бір сәттік зейін жоғалту бүкіл маусымның бағытын теріс арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Сондықтан “Хартс” үшін алдағы (post-split) кезеңде жай ғана жеңіске жету емес, ойындағы барынша тұрақтылық пен салқынқандылықты сақтап қалу басты фактор болмақ.

Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл оқиғаның мәні мен қызығушылығын арттыратын басты фактор — Ислам Чесноков. 2026 жылдың 6 қаңтарында “Хартспен” келісімшартқа отырған отандасымыз, 17 қаңтарда жаңа ұжым сапында дебют жасаған болатын.

Қазіргі таңда оның статистикасы — 7 матч және 1 гол. Дегенмен, 21 ақпанда “Фалкирк” қақпасына соққан сол жалғыз добының маңызы өте зорч. Ислам Шотландияның жоғарғы дивизионында гол соққан алғашқы қазақ футболшысы ретінде тарихқа енген. 

Яғни, Чесноков әзірге цифрлық тұрғыдан аса ірі нәтижелер көрсетіп үлгермесе де, Шотландия футболының жылнамасына өз есімін әлдеқашан жазып қойды. Егер “Хартс” маусым соңында чемпиондыққа қол жеткізсе, Ислам Чесноков бұл тарихи жеңістің тікелей үлес қосушысы болмақ.

Шынында да, бұл маусым Ислам Чесноков үшін жай ғана легионерлік кезең емес, бұл — нағыз тарихи миссия. Егер “Хартс” лиганы бағындырса, Қазақстандық футболшы Шотландия футболындағы соңғы жарты ғасырдағы ең ірі сенсациялардың біріне тікелей қатысқан ойыншы ретінде тарихқа енеді.

Әзірге оның жеке статистикасы сандармен өлшегенде қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ тарихи мән-мағынасы мүлде бөлек. Клубтың 66 жыл бойы зарыға күткен титулы, 1984/85 жылдан бері “Old Firm” (Селтик пен Рейнджерс) алпауыттарын ешкімнің тағынан тайдыра алмауы, дәл осы айнымас дәстүр бұзылар тұста “Хартс” сапында қазақ футболшысының жүруі өте керемет жайт

Бұл — жай ғана сәттілік емес, Исламның Еуропалық аренадағы деңгейін көрсететін үлкен мүмкіндік. Қазақ жанкүйерлері үшін Чесноковтың әрбір добы мен әрбір минуты Шотландия төріндегі ұлттық мақтанышқа айналып отыр.

Таза математикалық есепке сүйенсек, “Хартс” әлі чемпиондыққа толық жеткен жоқ. Қалған ойындарда “Рейнджерс” ең көбі 84 ұпайға, ал “Селтик” 82 ұпайға дейін жинай алады. Демек, “Хартс”қарсыластарының нәтижесіне жалтақтамай, алтын жүлдені мерзімінен бұрын кепілдендіруі үшін қалған жеті матчта кемінде 19 ұпай еншілеуі тиіс. Бұл — қазіргі турнир кестесіндегі ұпай айырмашылығына негізделген нақты есеп.

Алайда, практикалық тұрғыдан алғанда, мұншама көп ұпай қажет болмауы да мүмкін. Себебі лига екіге бөлінгеннен кейін, алғашқы алтылықтағы командалар бір-бірімен тікелей кездесіп, өзара ұпай жоғалтатыны анық. “Хартстың” басты артықшылығы да осында, олар тек турнир кестесінде алда тұрған жоқ, сонымен бірге жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Егер олар тікелей бәсекелестерімен ойында ұпай бермесе, чемпиондық тақтың ауылы жақындай түспек.

Бұл тек спорттық нәтиже емес, қазақ футболы үшін нағыз тарихи оқиға. 1984/85 жылдан бері мызғымай келген “Селтик” пен “Рейнджерс” гегемониясының дәл осы маусымда, құрамында қазақ ойыншысы бар клубтың нәтижесімен бұзылуы — үлкен мәртебе.

Егер “Хартс” алтын алса, Ислам Чесноков Шотландия чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық қана емес, Британия аралдарындағы ең беделді лигалардың бірінде топ жарған алғашқы отандасымыз болады.

66 жылдық үзілісті тоқтатқан алтын құрамның ішінде Қазақстан туының желбіреуі — еліміздің футбол имиджін халықаралық деңгейде мүлде жаңа сатыға көтереді.

Эдинбург клубының әрбір матчы енді тек Шотландияда емес, Қазақстанда да ерекше назармен бақыланатыны анық. “Old Firm” дәуірін шайқалтуға жақын тұрған “Хартстың” бұл ерлігі — нағыз футболдық ертегі, ал Қазақстандық Ислам Чесноков — сол ертегінің басты кейіпкерлерінің бірі.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров