Жарнама
Жарнама

Испания - Швеция

Кім жеңеді? Қайсы мықты?
Жарнама
Жарнама

Шведтер 2018 жылы өткен Мундиальда азулы Германия мен Мексиканы артқа тастап, тобынан сүрінбей шығып, ширек финалға дейін барған. Златан Ибрагимовичсіз чемпионатқа барған команда осылайша бойынан биік секіріп, қорғаныста жинақы, шабуылда шапшаң өнер көрсетті.

Бұл жолғы Еуроға да шведтер Ибрасыз келді. «Рауль жүргенде де түк жеңбегенбіз, Раульсіз де жеңіліп қайтсақ ештеңе жоғалтпаймыз» деген Арагонестің сөзі еске түседі. Кейде, команда сөзсіз лидері болмаса жауапкершілікті мойнына алып, әруақтана ойнап кететін әдеті бар. Сондықтан, Швеция Ибрасыз миллиондаған көрерменінен қағылуы мүмкін, бірақ ойынында жинақылық болады. Эмиль Форсберг пен Джордан Ларссон, Кулусевский мен Исак «Ибраны жоқтатпаймыз!» деп атой сап жүр. Нағыз бабында бәрі!

Дегенмен, Швеция құрамы Ресейдегі әлем чемпионатынан кейін 10 адамға жаңарды. Бұл революция емес, эволюция. Кейбірі жарақат алды, кейбірі бабында емес, кейбірінің жасы келді.

Қысқасы, шведтер қорғаныста жинақы, ортада әбжіл, шабуылда позициялық жоспары көп (многовариантность) - жастық пен жалын, рух пен мотивация құшақтасқан тамаша команда.

Испания ше? Үш дүркін Еуропа чемпионы! Бірақ, Испанияның «алтын буыны» құрамада түгесілуге жақын. Рамос «Олимпиадаға барамын» деп бас тартты. Еуроны екі рет жеңіп алған, енді Олимпиаданы жеңсе онан бақытты ешкім жоқ. Естілерден Бускетс пен Альба қалды. Бірақ, екеуі де ротация үшін, раздевалка үшін, тәжірибе үшін керек ойыншылар. Бускетстің орнын Родри, Альбаның орнын Хосе Гайя басуы тиіс. Коке көмектессе, Алькантара дирижерлік етсе, шабуылда Ферран Торрес, Мората, Жерар Морено сынды «жыртқыштар» бар.

Лапорт деген мықты қорғаушы Франциядан орын таппай, ақыры Испанияны таңдады. Әрине, Рамос та, Пике де жоқ. Пау Торрес мықты, бірақ жанына АПЛ көрген, талай финалды өткерген тәжірибелі Лапорт керек. Сол қанатта - Гайя, оң қанатта - Аспиликуета, қақпада Унаи Симон тұрса, Лиус Энрикенің біраз проблемасы шешілмек.

Швецияда басы бүтін бір команда болса, Испанияда дайын 2 команда тұр. Луис Энрике оларды ойната алады, команда жасап та алды. Әрине, Франция, Бельгия деңгейінде емес, бірақ жақсы команда.

Әрине, фаворит анық. Испания өзгерді, түледі, басқа мотивация. Трофей біткенді жиған «алтын буыннан» ешкім қалмады. Енді ашқарақтана ойнайды.

Екі команда Еуро-2020 турнирінің іріктеуінде бір топқа түскен. Швеция сол кезде Испанияға тісі батпай, екінші орын еншіледі. «Жыланды үш кессе де кесірткелік халі бар» дегендей, Испанияны тізімнен сызуға еш болмайды.

Е тобы оңай емес, Польша да топтан шыққысы келеді. Сондықтан, ұпай үшін ашық тартыс бірінші турдан басталады.

Түнде матч қараңыздар. Қызық өтуге тиіс. Сағат 00:50-де Qazaqstan арнасында - Есей Жеңісұлы, Дидар Қадыров сынды мықтылардың сүйемелдеуімен өтеді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров