Жарнама
Жарнама

Испания тақтан кетті, қайта оралу үшін

20.06.2014, 05:41
Жарнама
Жарнама
Өмірдің өзі тосын сыйларға толы емес пе? Кейде адам сенгісіз, шалқадан түсірер жәйттар болып тұрады. Кешегі Испанияның дәрменсіз, мүшкіл күйі де әлемді таңғалдырды. Айтыңызшы, Испания алғашқы екі ойында осылай масқара болады деп ойладыңыз ба? Басқа алпауыттардың жанкүйері болсаңыз, тілеген боларсыз, қиялдаған боларсыз, бірақ ойламадыңыз. Мақсатым, Пиреней түбегіндегі мемлекеттің футболының ауласына тас ату емес, шыңнан шыңырауға құлдилай құлаған команданың бүгінгі хәлін түсіну, және болашағы қалай болмақ, соған көз жүгірту.  Футболды тереңнен түсінетін жандардың Испанияға адами тұрғыдан жаны ашитыны белгілі. Марқұм Арагонес кезінен бері өзінің әдемі, сенімді ойын өрнегімен бәрін таңғалдырған Испанияның бұл сүрінісіне дәуірін бітті деп, қолға түскен затты лақтыру, ауызға түскен сөзді айту артықтық болар. 6-7 жылдан бері әлемді таңғалдырған осы Испания емес пе еді? Өзінің стильімен, футболдағы менталитетімен, тика-такасымен миллиондаған жанкүйерлерді өзіңе ғашық еткен осы Испания емес пе еді? Әрине, дәл бүгін Испанияның Бразилиядағы жолы масқаралықпен аяқталды. Испания тақтан бұлай кетуге тиіс емес еді. Жан алып, жан беріскен мәнерде, кем дегенде ширек финалда немістермен, немесе Бразилия, Аргентина секілді алпауыттармен шайқаста кетуі керек еді. Ал, жарыстың жетінші күнінде-ақ, екі ойыннан кейін бірден іргетасынан айырылып, жермен-жексен болған үй секілді емес.. Білесіз бе, Барселона мен Испания ұлттық құрамасының жүйесі бір. Оған менің анық көзім жетті. Былтыр Барселона еуроаренада сәтсіз өнер көрсетуінен кейін, Испания да Конфедерация кубогінде финалда қандай күй кешкенін білесіз. Биылғы Барсаның жағдайы түсінікті, ұлттық құраманың мүшкіл хәлін көріп отырсыз. Өткен маусымдағы, осы маусымдағы католондықтардың жүйесі сыр бергеннен кейін ұлттық құрама да үлкен кедергіге тап болды. Осының бәрі католондықтарға да, ұлттық құрамаға да механизмді жаңарту керектігін нұсқайды. Негізі, соңғы екі әлем чемпионатында чемпионның топтық кезеңнен аса алмауы сәнге айналды. Дель Боске Бразилияда рекорд орнатты. Оңтүстік Африкадағы чемпиондық құрамдағы 23 ойыншының 16-сын Бразилияға алып келді. Осы Дель Боске неден қорықты. Әрине, жастарға сенуден. Ескірген ескі үйдің орнына, жаңадан іргетас қалаудан. Өзгенің қателігінен үлгі ала алмайтындығын көрсетті. 98-ші жылы чемпион болған Франция, сол құраммен 2002-ші жылы Корея мен Жапонияда не күй кешті? Топтан да шыға алған жоқ. 2006-шы жылы чемпион болған Италия, 4 жылдан кейі Африкада не болды? Осал топтан шыға алған жоқ. Міне, Испания да кезіңде Франция мен Италия түскен орға түсті. Иә, Испания тамаша ойын өрнегімен Еуро-2008 де топ жарды, сол серпілістің арқасында екі жылдан кейін тарихында тұңғыш рет әлемнің чемпионы атанды, екі жылдан кейін кәрі құрлықтағы үстемдігін тағы мойындатты. Бірақ, былтырғы Конфедерация кубогі Испанияны ескертіп еді ғой. Ол ескертуді елеген де жоқ Дель Боске. Ештене де өмірде мәңгі емес. Бір құраммен биік шыңда мәңгілік тұрам деу бос әурешілік. Вилья, Алонсо, Хавилер асқан тәжірбиелі футболшылар шығар, бірақ олар да ет пен сүйектен жаралған тірі организмдер. Иә, кейде көкте қалықтап жүрмей, тәубаға келіп, жерге түскен де жөн. Сол секілді аларын алып, асарын асқан Испанияға да жеңілістің ащы дәмін қазір татып көргені бір жағынан дұрыс та болған шығар. Қазірдің өзіңде "Rest in peace, Spain!"(Жатқан жерің жайлы болсың, Испания) деп айтып та, жазып та жүр. Әрине, бұл құрамдағы ойыншылардың көбінің ұлттық құрамдағы жұлдызды сәттері, жолы аяқталды. Бірақ, Испанияның талантты жастарын ұмытпаған жөн. Алькантара, Иско секілді жартылай қорғаныстың шеберлері Хави, Алонсо секілді футболшыларды толықтай алмастыра алады. Тек қана, төзім мен тәуекел керек. Онымен қоса, сенім де. Әрине, бұл жолда бәрі тәтті болмас, бірақ мықты жүйе болса, біз әлі-ақ Испанияны әлем футболының тағында көретін боламыз.    Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров