Италия Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алған алғашқы команда атанды

17.06.2021, 14:50
«Скуадра Адзурра» екінші матч қатарынан қарсыластарына жауапсыз үш гол соқты.

Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің 2-турында Италия құрамасы Швейцария құрамасымен кездесті. Ойын Римдегі "Олимпико" стадионында өтіп, 3:0 есебімен Италияның пайдасына аяқталды.

Кездесудің 26-минутында Италияның жартылай қорғаушысы Мануэль Локателли есеп ашты. Нәтижелі пасты өзінің командаласы Доменико Берарди шығарып берді. Матчтың 52-минутында Локателли дубль жасап, Италия құрамасының есептегі басымдығын нығайтты. Кездесу соңында үшінші голды шабуылшы Чиро Иммобиле өз еншісіне жазды. "Сассуоло" клубының жартылай қорғаушысы Локателли осы матчтың үздік ойыншысы атанды.


Осылайша, Италия құрамасы алты ұпай жинап, А тобының турнирлік кестесінде бірінші орынға көтеріліп, Еуро-2020 турнирінің плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды. "Скуадра Адзурра" турнирдің плей-офф кезеңіне өткен алғашқы команда атанды.